«Өлілерден емес, тірілерден қорқыңыз!»
Түнде теледидардан Жаңа Зеландиялық Гарет Эванстың "Рейд" атты фильмін аса экстремалды әрі қорқынышты сезіммен тамашалаған болатынбыз. Атыс-шабыс, төбелес, қанды шабуылдар! Адамдар бірін-бірі аяушылық танытпайды, тіптен! Қорқыныш пен жиіркеніш сезіммен көзімді әрең дегенде жұмып, ұйқыға кеттім....

Таңертең жұмысқа асығып, баспалдақтан төмен қарай түсіп келе жатсам, подъезде бір кісінің мәйіті жатыр екен. Қаптап жүрген полиция қызметкерлері менің түрімді көріп шошып кетті. "Жайлап түсіңіз, қорықпаңыз" деп мені жұбатқан болды. Кинодан көрген басқа, өмірде тірі өлікті көру оңай емес екен. Қорыққанымнан жүрегім тарсылдап, аяқ-қолым істемей қалды. Маған баспалдақтың темірінен ұстап, жайлап түсіңіз деп бұйырды бір полицей.

"Өлілерден емес, тірілерден қорыққаныңыз жөн! Осыны істеген тірі адам ғой" демесі бар ма?! Аяқ-қолым дірілдеп, әрең дегенде баспалдақпен түстім. Далада тұрған жолдасым аппақ болып кеткен түрімді көріп, "Сен де көрдің бе, қалай түстің" деп сұрап жатты. Машинаға отырып кетіп бара жатқанда, жаңағы өлген кісінің мәйітін сыртқа носилкамен алып шықты. Артынан жылап-сықтаған адам көрінбейді. Біздің үйдің адамы емес-ау деген ой келді. Бейшараның ажалы неден, кімнен келгенін, кім білсін, қасиетті жұма күні ана дүниеге аттанып кете барды... Ажал айтып келмейді. Бірақ ол кісінің ажалы адамның қолымен істелген қылмыс екені анық. Күнде адамдар қолымен жанынан айрылған адамдар қаншама! Полицей сөзі көптеген ой салды. Ғаламтор, теледидар билеген мына заманда екі аяқты пенделердің санасын жаулаған фантазиялары шынайы өмірде жүзеге асып жатқан сияқты...
Кино мен жалған өмірді шатастырып алып жатырмыз-ау деген ой санамнан кетер емес. Расында, мына дүниені жалпағынан басып жүрген пенделер ең қауіпті, ең қорқынышты тұлғаға айналғандай! Күнәні жасамас бұрын ана дүниеде жауап алынатынын ұмытпайықшы!
