Әлихан Бөкейхановтың ізімен
Керекулік жастар Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына орай «Әлихан жолы» жобасы аясында Қазақстан бойынша сапарға шықты, деп хабарлайды Рavlodarnews.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы, жобаны ұйымдастырушылардың бірі Ғабит Хафиздің айтуынша, отрядта 25 адам бар.
Біз бабамыздың құрметіне арнап, 8-15 маусым аралығында Әлихан атамыз жүріп өткен жерлерде болып қайтпақпыз. Алғашқы барар жеріміз Семей қаласы болмақ. Себебі, Әлихан Бөкейханов «Алаш» партиясын осы қалада құрған. Барған жерде «Ертіс-Баянауыл» аймағының атынан концерт қоямыз. Сосын, оңтүстікке жол тартамыз. Амандық болса, 13-маусым күні қазақтың тұңғыш премьер-министрінің туған жері Қарағанды облысының Ақтоғай елді мекеніне келуді жоспарлап отырмыз. Павлодарға 15-маусым күні ораламыз, дейді Ғабит Хафиз.
Әлихан ізімен жоспарланған жоба аяқталғаннан кейін сапар жайлы қысқаметражды фильм түсіріледі. Айта кетерлігі, сапарға шыққан 25 адамның барлығы өнерге жақын жандар. Олардың ішінде айтыскер ақындар мен әншілер, жас тарихшылар, этногрофтар бар.
Әзірлеген Ғазиз Құрмашұлы
http://munara.kz/other/author1kaz/2016/06/09/alihan-bokeihanov-izimen.html

