Өлген адамдарды көріне қарап санама
Кеше ресейлік примадонна Алла Пугачеваның Мәскеудегі Кузьмин моласынан өзінен орын сайлағанын оқып бір оқиға есіме түсіп кетті.

1985 жылы атам дүниеден өткенде әжем «Менің де баратын жерім сол ғой, жанынан орын ала салыңдар» депті. Мұнысы өлімді шақыру емес, ана дүниеде де жолдасының жанынан табылу ниетімен жасалған іс. Ол кезде біз әлі туылмақ түгіл, жоспарға да енбегенбіз. Бірақ, естуімше сол әрекет өз уақытында ауылда үлкен әңгіме тудырыпты. «Көрі шақырады емес пе, мұнысы несі?» депті біразы. Бірақ, әжеміздің жасы тоқсанға жақындап қалды. Құдай ғұмырын ұзақ қылсын, әлі күнге дейін бақуатты. Жадынан жаңылмаған, көру, есту қабілеті де кемімеген.
Біздің ауылда моланы «мортық» дейді. Қазір сол мортығымыз қабірстанға айналыпты. Әрине, тумақ бар да, өлмек бар. Ауылға жылына бір мәрте барып қайтамын. Барған сайын дүниеден өткен ағайындардың үйіне әкемді ілестіріп барып, Құран бағыштаймыз. Осы жазда барғанымда, өткен жылы өмірден озған жақсы көретін көкемнің басына үй тұрғызуға көмектесіп қайттым. Біраз о дүниелік туыстарымның жатқан жерін аралап, зиярат еттім. Сонда ауылда пайғамбар жастан асып қайтыс болған бір ағамыздың үйі жаңадан тұрғызылыпты. Көлемі мешіттен кем емес. Сөйтсем, оның қасында әйелі де бар екен. Қаперімде ештеңе жоқ, мына апамыздың дүниеден өткенін білмеппін деп, «фатиханы» үш рет қайырдым. Содан үй салып жатқан ауылдың жігіттеріне келіп, пәленшенің әйелі қашан қайтыс болған демейм бе? Барлығы шек-сілесі қатып күледі кеп. Ішінде сөзі шымырлау бір ағамыз (Мақұлбек деген) «Ай, інім, қазір сондай үрдіс «модаға» айналды. Өлген адамдарды көріне қарап санама. Көрім міне деп көрімдік сұрап жүргендер бар» деді шындықты кекесін түрде жеткізіп. Амал жоқ мортықта тұрсам да, бір күліп алдым. Жақсылыққа да, жамандыққа да жори алмадым.
Өлгеннің қадырын білуші ек,енді тірінің қабірін көріп жүрміз...
