«Әлемді әйел билейді!»
«Әлемді әйел билейді!»
Қазақстанды екінші әйел (тоқал) билейді!
Мұғалімнің жұмысының ең бір керемет сәті жазғы дем алыс – 56 күн өз еркің өзіңде!
Рахат!
Жағдайың көтерсе, Гуамға бар, көтермесе Өгемге бар!
Сондай бір жазғы демалыстың бірінде әдеттегідей иықта қара сөмке, қолда фотоаппарат – тау аралап келе жатырмын!
Маусымның басы – Сайрамсу бойы! Айнала бас айналарлықтай керемет!
Бүр жарған гүл мен орылған шөптің иісі араласып, танауды қытықтайды.
Сол сұлулыққа тоймай, құдайдың адам етіп жаратқанына іштей шүкіршілік етіп келе жатқанымда, алдымнан Газельге шөп артып жатқан шөпшілер көрінді. Ескі әдетіммен, соны тарих естіп қалам ба деген үмітпен, көзіммен әлгілердің арасынан егделеу адам іздей бастадым.
Іздегенім, машинадан арқан тастам жердегі аршаның түбінде жатыр екен. Шөпшілерді қоя тұрып, соған бет алдым. Жақындағанда шырамыттым. Мектепте бізден бір класс жоғары оқыған Айдар. Бұзықтау еді, 3 бала болып жүретін. Жүрген жерлері айғай-шу, жанжал болатын! Мектептің ер мұғалімдерінен қанша таяқ жесе де, бұларды ешкім тия алмаған. Біреуі 8-класстың басында жоғары кернеулі электр тогына түсіп мүгедек болып қалды. Қалған екеуі 8-кластан кейін СПТУ-ға кеткен. Ана біреуі біздің ауылға жиен еді, көп ұзамай сотталып кетіпті деп естідік. (Осыдан біраз жыл бұрын кездейсоқ кездесіп қалдым. Бет-аузы көлкілдеп, кәдімгі «натуральный» маскүнемнің өзі болыпты. Түрі тіпті аянышты).
Ал, мынаны, 10-15 жыл бұрын қалада көргем. Бір қайыстай қара қатынды «жеңгең» деп таныстырғаны есімде қалыпты.
Ол да мені танып, екеуіміз қауқылдасып жатырмыз.
Салған жерден, қаладағы бір ЖКО-да істейтінін, абыройдан кенде емес, жағдайының жақсы екенін, тоқал алғанын айтып қарқылдап күліп алды. Өзіміздің де тісіміздің жетісіп тұрғаны шамалы, ал мына «екі қатынның байының» алдыңғы тістері мүлдем жоқ екен.
Машинаға шөп артып жатқан екі бозбала бәйбішеден туған ұлдары көрінеді.
Сөз арасында ̶ Бірәтішке, өмір бір-ақ рет беріледі, алмайсың ба, «жас иіс»! деп иығымнан бір қағып, аузы аңырайып, тағы бір қарқылдап алды.
̶ Бәйбішеңді көріп едім, «қораға» ұқсамаушы еді, кейінгі нақсүйерің шөп жейтін болып шықты ма? деп күлдім.
–Хә-хә-хә...Шәғасың-ә, бірәтішкә! –деп ыржыңдап алды да, жаз шықса, таудан шөп орып, Сайрамның шөпбазарында сататынын айтты.
Естісем деген «тарихтан» күдер үзіп, мен тұруға ыңғайландым. Сол кезде, барып, ол менің тау ішінде неге жалғыз жүргенімді шындап сұрады.
Мен ̶ Әншейін» деп қысқа қайырдым!
̶ Әншейінің қалай? Олай болса, бекер сандалғанша, шөп орып сатпайсың ба?» дейді, әлгім.
̶ Менде екі қатын жоқ қой! деп едім, тағы қарқылдап –Қатырдың бірәтішкә, бешті әкеші! деп қолын созды.
Сол кезде қырқадан сумаң етіп шыға келген Камаз қасымызға кеп тоқтады. Ішінен бір топ жігіт түсті де, айырларын көлденең ұстап, шөп артып жатқан жігіттерге ұмтылды. Шаң-шұң айқай басталды! Байқасам, әлгі «екі қатынның байы» біреудің орып қойған шөбін ұрлап жатыр екен. Ара түсіп, береке табатын жер емес!
̶ Дөкейлердің бәрінде қос-қатын дегенді естуші едік, Қазақстандағы жемқорлыққа «кінәлі», осы екінші қатындар емес пе? деген оймен қыр асып кете бардым.
Беті аулақ, сіздің қызыңыз немесе қарындасыңыз «Қазақстанды билеп тұрған жоқ па»?
