Өлең оятатын ақын
|
03.10.12.
![]() Тұманбай Молдағалиев! Қазақ өлеңінің өрен жүйрігі. Сонау студент кезінде, университеттегі оқуын бітірмей жатып тұңғыш кітабының тұсауы кесілген жас ақын. Ол қазақ поэзиясының қара шаңырағын думанды жас дәуреннің сырлы жырынан шашу шашып аттаған арынды ақын. Қазақ өлеңіне тұмадай тұнық, қызғалдақтай хош иісті, жасындай жарқылдаған жырларымен жаңалық ала келген дарынды ақын.
Ғашық жүректің лүпілін, сүйіспеншіліктің мөлдір сезімін өлеңдерінде өзгеше өрнектеген жаңашыл ақын. Ғұмыр бойы жалаулы да алаулы жастық шақтың жыршысы болған ақынның көңілі көктем, жаны жайсаң болатын. Тұманбай ақынның айшуақ жырлары оқырмандарының жүрегін жылытып, ойлантып, толғантып, пәк сезімнің шуағына шомылдырып, самалымен сергітіп, серпілтіп келе жатқаны ақиқат. Барша қазақ оның сөздеріне арнап жазылған әуезді әндерді шырқап жүр, тыңдап жүр. Өзі де, сөзі де жалпақ елдің аузында жүрген ақында не арман болсын! Бақытын талантынан тапқан ақынның тағдыры тәлімді, өмірі өнегелі.
Міне, осындай атақ-даңқы жалпақ елге жайылған ғажайып ақынмен таныс-біліс қана емес, ағайындай аралас, сыйлас болу керемет тағдыр сыйы ғой. Өзім осылай ойлаймын. Тұмағаңды талайдан, алыс ауыл мектебіндегі шәкірт кезімнен білемін. Өзін көрмесем де, өлеңдерімен таныс болатынмын. Оныншы сыныпта оқып жүргенмін. «Лениншіл жас» газетін жаздырып алып, үзбей оқитын баламын. Күз айы. Бір күні газетке Тұманбай ақынның бір топ өлеңдері жарияланыпты. Оқып шықтым. Махаббат жырлары жүрегіме қона кетті. Интернатта бірге жататын балалар да оқысын деген оймен әлгі газеттегі өлеңдерді қиып алып, қабырғаға іліп қояйын. Жатақханаға жағдайымызды білмекке кештете келген физика пәнінің мұғалімі, сынып жетекшісі әлгі өлеңдерді оқып шығып, табан астында тулап шыға келгені. Келесі күні жиналыс ашып, жастарыңа қарамай махаббат жайындағы өлеңдерді оқып, ойларың бұзылған екен деген желеумен жер-жебірімізге жетіп ұрсып, соңынан ауызша сөгіс жариялады. Содан 1959 жылы салып ұрып Алматыға жеттім. Арманым - Қазақ университетіне оқуға түсіп, ақын болу. Ақындықтың Алла берген қасиет-таланттың жемісі екенін қайдан білейін... Еңбек өтілім болмауы себепті оқудан қағылдым, алайда жолым болып, «Лениншіл жастың» киелі табалдырығын аттағанмын. Ара-тұра азды-көп өлеңдерім жариялана бастаған. Бір күні редакцияға соққан Тұманбай ақын әдебиет бөлімінің қызметкері, ақын Бекен Әбдіразақов көкеме сол күнгі газетте жарияланған өлеңдерімді оқығанын, ұнағанын, кім екенімді сұрапты. Соны естіп, есім шыға қуандым. Алайда атақты ақынның алдына барып танысып, рақмет айтуға жүрегім дауалаған жоқ. Одан әскерге алындым. Қайтып оралған соң, ұзамай үйленген едім. Қалыңдығым шет тілдер институтын бітіріпті. Тұмаңның келіншегі Күлтәйдің бірге оқыған құрбысы екен. Соның арқасында Тұмағаңмен араласып, туыстай болып кеттім. Бір кездері алдына баруға қорқып жүрсем, енді үйіне қонақ болатын дәрежеге жеттім. Тұмағаң Күлтәй мен Тыныштықтың құрбылығын айтып, мені «бажам» деп әзілдейтін. Атақты ақынның кішіпейілдігі, қарапайымдылығы, кісілігі мені таң-тамаша қалдыратын. Кездескен сайын жылы амандық-саулық сұрап, жағдайымды біліп, оңаша қалғанда жаңа өлеңдерін оқып беретін. Үш жыл әскерде жүріп, жыр жазуға жағдай келмей, қарайыңқырап қалған маған қара мақала жазғаныңа мәз болмай, өлеңдеріңді қолға ал деп кеңес беріп, жанашырлық жасайтын. Алғашқы жыр жинағым жарыққа шыққанда қолымды қысып, құтты болсын деген тілегін айтқан. Ақын ағамен сол сыйластығымыз жарасым тауып, жалғаса берді. 1974 жылдың соңғы желтоқсан айында Тұмағаң қоныс аударып, жаңа үйге көшті. Бір күні маған телефон соғып, жаңа жылды бірге қарсы алайық әрі қоныстойды атап өтейік, Тыныштық екеуің міндетті түрде келетін болыңдар деп тапсырды. Бардық. Қарсы алып, құрметтеп күтті. Шарап ішілді, өлең оқылды, әңгімеміз жарасып, ұзақ таңды ұйқысыз атырдық. Тіпті, түн ортасында Тұмағаң екеуміз далаға шығып, көше аралап сейіл-серуендеп қайтқаным да күні кешегідей есімде. Ақпейіл, ақкөңіл ақын ағам мені туған інісіндей көріп кеткені ғажап-ақ. Ауылдасы, ағайыны болсам бір сәрі, қияндағы Қостанай өңірінен келген, қызметі де, шығармашылығы да қатардағы ғана мені соншама жақын тартып, алаңсыз араласқаны Тұмағаңның жақсыны жат көрмейтін адал азаматтығы деп білемін. Тұмағаң мені өзінің мерейтойы, шығармашылық кештерінен қалыс қалдырған емес. Қыздарын ұзатып, жалғыз ұлы Дәуренді үйлендірген тойларында да төрден орын тиді. Тіпті, Жазира қарындасымызды ұзатқанда, өзінің жетпіс жасына орай жайылған дастарқанда маған тамада болуды тапсырған. Бұл да болса, Тұмағаңның қарапайымдылығының белгісі. Ол өзін асыра мақтап, ретсіз көтермелеп сөйлеуді жаратпайтын. Қатарындай қалжыңдасып, ойнап-күліп көңілді отыруды қалайтын. Ауылы жақын әрі кісі жатырқамайтын болғандықтан болар, қашан барсаң да үйі қонақтан босамайтын. Тұмағаң інілерін де қадірлей білетін. Әйтсе де, үйіне ақын-жазушылардан гөрі, жай адамдар үйір еді. Олардың көпшілігі балаларын оқуға түсіруге, қызметін өсіруге иә жұмысқа орналасуға көмек сұрай келетініне талай рет куә болдым. Алды кең, жақсылық жасағысы келіп тұратын мейірбан мінезін білетін таныс-бейтаныс адамдар көп болатын. Аға қолынан келсе аянбайтын. Атағы зор ақынның сөзін жықпайтын лауазымды қызметтегі азаматтардың алдына қаймана қазақтың аманатын айтып баруға Тұмағаң әсте тартынбайтын. Жұрт оның сол қасиетін қадірлеп, өтініштері орындалмай қалса да өкпелемейтін. Бәрі де жаны жомарт, жүрегі жылы, аңқылдаған ақпейіл адамгершілігіне бас иетін. Ұзақ жылдар қатар жүріп, талай рет сапарлас та болдық. Тұмағаң өзінің кіндік қаны тамған туған ауылына да қыдыртып апарды. Алматы облысын аралап, кездесу кештерін өткізгенде де қасына ертті. Оңтүстік өңіріне де жолымыз түсті. Сондай сәттерде де атақты ақындық дәрежесін бұлдап, өркөкіректеніп, теріс қылық, жаман мінез көрсеткен емес. Қайда барса да, қай ортада отырса да ашылып әңгіме айтып, сыр ашып, көңілді жүретін, қарапайымдылық қалпынан айырылмайтын. Мен білетін Тұмағаңның асқақ адамгершілік қасиеті ғажап ақындығына сай болатын. Жүрегі жырдан жаралған жылпоз ақын ағыл-тегіл өлең жазды. Жырлары баспасөз беттерінде жиі-жиі жарияланатын, кітаптары кейде жыл сайын, кейде жыл аралатып шығып жататын. Ақындығы көркемдігімен, сыршылдығымен, шыншылдығымен кім-кімді де қайран қалдыратын. Бір керемет қасиеті, Тұмағаң өзі сияқты жандары таза адамдарға өлердей ғашық еді. Оларға өлең арнайтын. Сол үшін қайсыбір солақай сыншылар, сезімсіз әріптестері сынап-мінеп қоятынын білеміз. Олары, әрине, түбірімен қате пікір. Тұмағаңның арнау өлеңдері поэтикалық портреттер. Прозада да кейіпкерлер образы сомдалады емес пе. Сол сияқты поэзияда ақын өзі жақсы білетін адамдардың қадір-қасиетін сипаттап, өлең кестелесе оның несі мін, несі айып?! Өлең кейіпкерінің ішкі жан дүниесін ашып көрсету арқылы, адамдардың асыл қасиетін, мінезін мүсіндеген ақын өмірлерінен өнеге алатын образдар жүйесін жасақтаса оған шын көңілден, жүрек жарыла қуану қажет. Ақын мақсаты осы. Шалқар шабытының, дарқан дарындылығының арқасында қазақтың ұлттық поэзиясының көркемдігін көкке көтеріп, әлемдік деңгейге жеткізген жасампаз ақын Тұмағаңның өзі жоқ болса да, өнері - өлеңінің өмірі жалғаса беретіні күмәнсіз. Ақынның ақперен жырлары жөнінде жосылта жазып, талдап, таразылап көп әңгіменің басын қайыруға да болар еді. Алайда ол естелік жазбаның табиғатымен табысып, үндесіп, үйлеспейтінін білеміз. Оның бер жағында ақынның алпысқа толған мерейтойы қарсаңында бейнелеп айтсақ, көлемі көлдей, мазмұны мәнді, сындарлы сын мақала - әдеби-поэтикалық портретін түзгенбіз. Оған қатты риза болған ақын аға түнгі сағат 3-те телефон соғып, алғысын көзі тірісінде өзі айтқан. «Түсініп, талдап, ағыңнан жарылып жазғаныңды оқып, көзіме жас алдым» деген сөзі де құлағымда. Сондықтанда Тұмағаңның - қайтыс боларының алдында теледидардағы сұқбатында өзі айтқандай, өлең оятатын ақын жырының қыры мен сыры туралы әзірге арнайы әңгіме қозғамай, оны біздің де, басқалардың да алдағы күндер атқаратын борышы санатына қосып, сөзімізді аяқтамақшымыз. Әзіз адам, аруақты ақын Тұмағаңның аруағы көзін көрген, сыйласқан адамдарды желеп-жебей бергей!.. Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, |

