Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби
Әбу Насыр әл-Фараби Шығыстың ұлы ойшылы, әмбебап-ғалым, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласында туған. Фараби ілкі ортағасырлық білім-ғылымның барлық салаларының негізін қамтитын орасан мол мұра қалдырды, сол үшін оны көзі тірісінде-ақ Екінші ұстаз (Аристотельдің кейінгі екінші ұстаз) атады. Тәжік академигі Б. Рафуровтың мағлудаттары бойынша Фараби трактаттарының саны екі жүзге жуық деп есептеледі. Осы еңбектер дүние жүзінің көптеген тілдеріне (араб, парсы, еврей, латын ағылшын, неміс, француз, испан, орыс, қазақ өзбек, т. б.) аударылған, бізге ойшылдың 80-нен астам шығармалары жетті
Фарабидің толық аты-жөні Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Үзлағ ибн Тархан әл-Фараби, аты Мұхаммед, әкесі Мұхаммед, оның әкесі Үзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Бараба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Кейде оны жай ғана "Тархани" деп те атайды. Бізге жеткен кейбір деректерге қарағанда оның әкесі сол тұста көшпеліліктен отырықшылыққа ауысқан түркі тайпаларының бірінен шыққан әскер басы екен. Бір нұсқада Фарабидің руы қаңлы-қыпшақ деп көрсетілген. Бұл шындыққа жақын келетін сияқты. "Тархан" деген атаудың төркінін екі түрде топшылауға болады.
Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің "Категориялар", "Метафизика", "Герменевтика", "Риторика", "Поэтика", бірінші және екінші "Аналитика", "Топикасы" және т.б көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды.
Әбу Насырдың Платон және Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін әрі философия пәнін терең меңгергенін дәлелдейді. Фараби Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да “Кемеңгерлік меруерті”, “Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мәселелердің түп мазмұны”, “Ғалымдардың шығуы”, “Бақытқа жету”, “Азаматтық саясат”, “Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері” сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады.
Әл-Фарабидің «Ғылымдардың шығуы» туралы трактаты бар. Сонда былай дейді: «білгейсің, субстанциялар мен акциденциялардан басқа және сол субстанциялар мен акциденцияларды жаратқан мәңгілік жарылқаушыдан өзге ештеменің жоқ екенін». Субстанция – зат, акциденция – қасиет. Заттар сансыз, қасиеттер тіпті сансыз. Соның бәрін Жаратушы бар. Жаратушыны ол кісі – «Хақ тағала» дейді. Хақ тағала тілімізде жиі қолданылатын – Алла тағала. Ол ғылымның шығуы туралы алдағы ойын тағы да нақтылаған: «Субстанциялар бар, акциденциялар бар. Енді осы субстанциялар мен акциденцияларды Жаратушы бар». Бұл дәрісте қолданылатын тәсіл.
Әл-Фараби: «Акциденцияларды сезім арқылы танимыз» – дейді. Яғни, акциденциялар бізге сезім мүшелері арқылы мағлұм болмақ. Ал субстанцияны қалай танымақпыз? Субстанцияны ақыл арқылы танимыз. Субстанцияны ақыл арқылы танысақ, ақылдан сезімнің айырмашылығы неде? Сезім сезіліп тұрады. Ақылда сезім жоқ. Ақыл – дерексіз. Абстракция. Ойша. Принциптік тұрғыда. Сонда ақыл бізге қайдан келеді, сірә Жаратушыдан. Тәжірибеге дейінгі ақылды бүгінде «априори» дейміз. Жаратушының ақылы қандай ақыл? Тәжірибеге дейінгі ақыл. Ақыл арқылы біз заттарды танимыз.
Енді ақылдың дегенімен жүретін болсақ, ақыл бізді білімге, ғылымға алып келмек. Содан, ол кісі білім саласын жүйелейді:
Есеп туралы ғылым. Бұл есеп туралы ғылым деген – сан. Бір, екі, .... он,... он бес... Сандарды қосу, алу, бөлу, көбейту. Сандарды ретімен алу. Есеп туралы ғылымды гректер – «арифметика» деген дейді.
Өлшемдер туралы ғылым. Дүниеде неше түрлі өлшем бар: төртбұрыш, үшбұрыш, тікбұрыш, жазықтық, дене, нүкте. Мысалы, Евклид геометриясында екі сызық ешқашанда қосылмайды. Осының бәрін гректер «геометрия» деп атайды деген әл-Фараби.
Жұлдыздар туралы ғылым. Бұл ғылымды гректер – «астрономия» дейді. Ол гректердің айтқанын әрі қарай түсіндірген.
Дыбыстар туралы ғылым. Әуен. Ырғақ. Жоғары нота, төмен нота. Неге дыбыстар шығады? Өйткені дүние өзгерісте. Өзгерістегі әлем дыбыс шығарады. Сол дыбыстардың реті бар. Дыбыстар жайдан-жай шықпайды. Қандай нәрсе болмасын сол дыбыстардың ретіне байланысты аспаптар пайда болған. Әрқайсысының өзіндік дыбыстау ерекшеліктері бар.
Табиғат туралы ғылым. Табиғатта төрт қасиет бар: от, су, ауа, жер. Соларға байланысты су дымқыл және құрғақ субстанциялар, акциденциялар көріне бастайды. Соған байланысты сегіз бөлімнен тұратын ғылымдардың жүйесі бар. Медицина, физика, навигация, агромәдениет, алхимия... Бұлар жаратылыстану ғылымдар жүйесін құрайды.
Айналар туралы ғылым. Айналар туралы ғылым қоғамдық ғылым деген сөз. Айна деген – қоғам. Қоғам – осы отырған өзіміздің суретіміз. Біздің бейнеміз. Адам өз-өзіне айна болмаған кезде неше түрлі пиғылдар жасайды. Ешкім көріп тұрған жоқ деп ойлайды, ол қате қоғам деген айна.
Әл-Фараби: ««Метафизика» деген ғылым бар, ол құдіретті ғылым» дейді. «Метафизика» деген физикадан кейінгі деген сөз. Аристотель «Метафизика» деген еңбек жазған. Дүние жүзіндегі барлық нәрсені түсіндіруші – физика. Альберт Эйнштейн: «физика астрономияның қарындасы еді, енді физиканың қарындасы биология» – дейді. Биология – тірі жүйелер физикасы. Физикадан асқан ғылым. Физикаға қажетті бір ғылым бар. Ол – математика. Математикасыз физиканы түсіндіре алмайсыз. Мысалы, кварк. Ол көрінбейді. Оны тек математикалық жолмен бар деп отырмыз. Оны математикалық жолмен ғана табуға болады. Математикасыз физика ешқашан алға баса алмайды. Математика қызмет етуші ғылым. Сонда әл-Фараби «метафизикадан кейін ғылым жоқ» – дейді. «Метафизика» деп отырғаны ол – пәлсапа. Физикалық тұрғыдан бір нәрсені нақты түсіндіресің, ал бір нәрсені ойша түсіндіресің. Нәрсені ойша түсіндіретін – пәлсапа. Ол ғылымдардың ғылымы. Бұл ғылым ең жоғарғы табиғи ғылымы метафизика немесе құдіретті ғылым деп аталады. Ғылым осымен тәмам.
Әл-Фараби ғылымдарды жіктеуді арифметикадан бастап, метафизикамен, яғни пәлсапамен аяқтаған.
Құдіретті ғылым дегенде бұл кісінің айтып отырған метафизикасы Хақ тағалаға тікелей қатысты. Ал құдірет деген Алланың ғана қасиеті. Сонда ол кісі ғылым мен дінді бөліп отыр ма? Бөліп отырған жоқ. Біз Кеңес заманында: дінді ғылымға, ғылымды дінге қарсы қойдық. Ғылым мен дін әл-Фараби түсінігінде ажырап тұрған жоқ. Дүниеде субстанциялар мен акциденциялар бар. Бәрі метафизикамен бітеді деген керемет ой. Пәлсапамен ғылым бітеді. Пәлсападан әрі қарай басқа нәрсе кетеді, сірә, ол ғұламалық.
Ол кісі айтады: «осындай жағдайлардың бәрін жиынтықтап келіп, субстанциялар мен акциденцияларға атау қойдым» – деп, оны «тіл білімі» – дейді.
Екінші ғылым – грамматика. Грамматика сөздердің рет-ретімен орналасуы. Грамматика семантикалық жағынан алғанда – пәлсапалық пән. Өйткені грамматика деген атауларды реттеу. Сөйлемнің грамматикасы дұрыс реттелмесе, оның мағынасы айқындалмайды.
Үшінші ғылым – логика. Ол әлі танылмаған нәрсені танитын және не ақиқат, не жалған екені туралы пікіріміз тиянақ табатын тұжырымдар жасау үшін хабарлы сөйлемдерді логикалық фигураларға сай сапқа түзуге үйретеді.
Төртінші ғылым – поэтика. Аристотельдің «Поэтика» деген еңбегі бар. Поэтика деген өнерге қатысты. Субстанцияны түсіндіргенде мысалы, алма – субстанция, оның қызыл болуы – акциденция.
Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында "Екінші Ұстаз" атауына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат" деп аталады.
Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды.
Сапарбекова Г.Е.
