Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Құлагерді кім өлтірді?

1. Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романында Ақтоқты мен Ақанның бір-біріне деген сезімі ерекше сипатталады. Бірақ естуімше, шын өмірде олардың арасында мұндай керемет махаббат болмаған. Көркем шындық пен тарихи шындықтың аражігін ашып берсеңіздер...

2. Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» атты деректі очеркінде Құлагерді шабысынан айырған жауыз ретінде Батыраш емес, Барақбайдың шабарманы Бөрібай деп көрсетіледі. Қайсысы дұрыс? Құлагерді кім өлтірді?
3. Ел аузында Ақанның «пері қыздарымен бірге сауық құрғандығы» туралы әңгімелер айтылып жүр. Сері өмірінің соңын қалай өткізген?
Қанат Нұрасылов
Алматы облысы, Кербұлақ ауданы
Серінің өміріне қатысты сұрақтарға белгілі өнертанушы Ерлан ТӨЛЕУТАЙ жауап береді:
1. Көркем шындық пен тарихи шындықтың арасында шамалы ғана айыр­машылық бар. Ақан мен Ақтоқтының арасында керемет махаббаттың болғаны рас. Бірақ бірінші әйелі қайтыс болған Ақан сері Тінәлі қажының Ұрқия атты керемет сұлу қызын атастырылып қойғанына қарамастан, алып қашып, арты үлкен дауға ұласады. Серіге ел жақсылары араша түсіп, әкесі Қорамса қыздың қалың малын төлеп, Ұрқияны алып береді. Бірақ Ұрқия бірнеше айдан соң, шешектен қайтыс болып кетеді. Содан араға біраз уақыт салып, сері Ақтоқтыға барады. Ақтоқты оған көңілінің суып қалғанын, өзінің Жалмұқанға тұрмысқа шыққалы жатқанын айтады. Бұрынғының дәстүрінде ұзатылып бара жатқан қыз өз жұртын аралап, қоштасатын болған. Сондай бір сапарында Ақан Ақтоқтыны алып қашады. Бетіне тірі жан қарсы келіп көрмеген Ақанға Ақтоқтыдай сүйгенінің табанды қарсылық білдіруі серінің шымбайына қатты батады. Ашынған Ақан қатты ашумен Ақтоқтының сүбесіне пышақ сілтейді. Сөйтіп, бір бұ­таның түбіне тастап кетеді. Осы оқиғадан кейін қатты назаланған сері былай деп өлең шығарады:

- Бәрекелді Ақтоқты тапқаныңа,
Жібектен шоқ шекеңе таққаныңа.
Бұдан артық Құдайдан не тілейсің?
Шолақ қасқыр түсіпті ғой, қақпаныңа.
Осы жолдардан Ақтоқтының ақын жанына жазылмас жара салғанын аңғарамыз. «Ақтоқты» деген әннің негізгі нұсқасын Мағжан Жұмабаев өз жазбасында былай деп берген екен:
Ақтоқты кеткенің бе шыныңменен,
Тар жерде бал беруші ең тіліңменен.
Басыңды Сарымида кесіп алып,
Өлгенше даулассамшы құныңменен.
Соңғы екі жол өзгеріске ұшырап, қазіргі күні басқа нұсқада айтылып жүр.
Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» қойылымын Жалмұқанның ауылында қойғанда, жұрт өре түрегеліп, «мұндай оқиға болған жоқ, бұл не сұмдық?!» деп қарсы шыққан екен. Алғашқыда сезім болғанымен, Ақтоқты серінің Ұрқияны алып қашқанын кешіре алмаған. Сонымен бірге ата дәстүрден де аттай алмаған сыңайлы. Негізі Ақтоқты Жалмұқанмен бақытты ғұмыр кешкен. Бірақ бір деректерде, оның 1932 жылы аштықтан өлгендігі де айтылады.
2. Барақбай туралы деректерді Мағжанның жазбаларынан ғана кездестіреміз. Онда Аққошқар Сайдалының асында болған бәйгеде Барақбайға Ақанның тілі тиіп, сол үшін кектенген Барақбай Сағынайдың асында Құлагерді өлтірді делінеді. Бірақ өзге деректердің барлығында Құлагерді өлтірген адам ретінде Батыраштың баласы Жүніс көрсетілген. Ғабиден Мұстафин де 1971 жылы Қарағандыға барып, Батыраштың туыстарымен әңгімелеседі. Оның немерелері де Құлагерге аталарының жұмсауымен Жүністің айбалта сермегенін растаған.
Сол Аққошқар Сайдалының асында Батыраш Ақанмен кездесіп, ата дәстүрмен Құлагерге қолқа салады. Орнына Көктұйғын сынды жүйрігі мен Алтайдың сұлу қызын қалыңсыз беретінін айтады. Ақан: «Аттың иесі Атығай-Қарауыл ғой. Еліммен ақылдасайын» дейді. Тағы бір кездескенін­де Батыраш жауабын сұрайды. Ақанның бере алмайтынын естігенде күйіп кеткен ол, жалғыз ұлы Жүніске: «Мына Қарауылдың екі рет алдаған ызасы өтті. Менен туған ұл екенің рас болса, Құлагер Көкшетауға қайтып бармайтын болсын» депті. Мұндай деректі жазушы Жайық Бектұровқа Батыраштың інісі Қотыраштың қызы Төкіш деген кісі айтып берген. Ілияс Жансүгіров те серінің елін аралап, талай көнекөз қарттармен сөйлесіп, 1931 жылы Жазушылар одағында баяндама жасайды. Оның да Құлагерді Батыраштың өлтіргеніне көзі жеткен және бұл оқиға қаламгердің «Құлагер» поэмасында көрініс тапты. Соған қарағанда Барақбайдан гөрі Батыраштың өлтіргендігі шындыққа саятын секілді. Ал Барақбайдың бір әңгімеге бола Құлагерді өлтіруі мүмкін емес деп ойлаймын. Жұрт жүйрік аттың күйігі жаман болады деп жатады. Ал Батыраштың сәйгүлік аттары көп болған. Ел аузындағы деректерде Батыраштың жақсының қадірін білген, көшелі дала шонжары болғандығы айтылады. Тіпті, қуғын көрген атақты ақын әрі композитор Мәди Бапиұлын Батыраш арнайы шақырып, құрметтеп, қошаметтеп, қонақ еткен деген әңгіме де бар.
3. Ақан серінің пері қыздарымен сауық құрғандығы ел аузында жиі айтылады. Сүйген жарларынан, жүйрік тұлпары Құлагерден, қыран құстары Қараторғай мен Көкжендетінен, Басарала атты тазысынан, ата қонысы Қоскөлден айырылған Ақан дін жолына да түседі. Бірақ парсы-шағатай тілін жетік меңгерген, Шығыс поэзиясымен жақсы таныс ол, дүм­ше молдалармен еш келісе алмаған. Солардың түрлі қылығын көріп, діннен де көңілі қалып, ұлы Ыбанмен Сарыкөл маңындағы жалғыз ағаш үйді паналайды. Негізінен Ақанды көре алмайтындар көп болған. Атақты Шөбековтер әулетінің ұлдарын бір жолы сері ащы тілімен сыбапты. Кектенген әулет адамдары «Ақан пері қыздарымен сауық құрады» деген әңгімені таратып жібереді. Бұл дерекке Мағжанның да бүйрегі бұратын секілді. Ол Қоскөл ежелден перінің мекені болғандығын айтып, соған жақын бір қызық оқиғаны да жазады. Соған қарағанда бұл тылсым да шындыққа жанасатын тәрізді. Иә, Ақан бекерге аты алты Алашқа жайыл­ған сері атанған жоқ. Дарынды арқалы адамның бірі болған ғой. Бұған қатысты тағы бір дерек айтылады. Ақан орысшаны жақсы білген. Тілді толық меңгергенінің арқасында орыс қыздарымен де аралас-құраластығы болған. Сол үшін де молдалар оны «кәпір, пері қыздармен араласады» деп ұнатпаған деседі. Міне, осы екі деректі жоққа шығара алмаймыз. Бір сұмдығы, атамекені - Сарыкөл мен Қоскөлді қарашекпенділер тартып алып, туған жерінен айырылған сері өмірінің соңғы жылдарын Көкшетау ұлықтарына шағымданумен өткізеді. Еш нәтиже шығара алмаған ол, еріксіз жер ауып, Сасықкөл деген жерде тұратын Ералы және Айша атты апасы мен жездесінің қолына көшіп барған. Кейбір деректерде күйеубаласының қолында делінеді. Міне, Ақан сері осындай жағдайда 1913 жылдың қараша айында ауырып, қайтыс болған екен. Аты алты Алашқа жайылған серінің жерін тартып алудан үлкен сорақылық жоқ деп ойлаймын. Қара шекпенділер дәл солайша Үкілі Ыбырайдың да қоныстанып отырған Жалғызтау деген мекенін тартып алған. Мұндай келеңсіздіктер өкінішке қарай, тарихымызда көптеп кездеседі.

Дайындаған
Сабина Зәкіржанқызы

1
0
8077

Осы тақырып бойынша

Құлагерді кім өлтірді? - Yvision.kz