Ла Лига. "Онша емес" командалардың "жынды" ойыны

Алғашқылардың бірі болып Испания Ла Лигасының да шымылдығы ашылды.Бұл біріншілікте де болашақта аңызға айналар кездесу ойналып үлгерді. Таңданыс тудырса да, ел мақтаған "Реал" мен "Барселонаның" бұл керемет матчқа еш қатысы жоқ.
Сонау 2005 жылғы ЧЛ-ның финалын еске түсірген екі команда - "Атлетик Бильбао" мен "Бетис". Есепті қонақтар ашты. Ойынның 7 минутында Рубен Кастро алғашқы голдың авторы атанса, 26 минутта Хорхе Молина есепті 0-2 жеткізді. 31 минутта соғылған Беньяттың голы алаң иелерін тас-талқан еткендей болған... Сағы сына қоймаған "Атлетик" футболшылары үзілістен кейін алаңға ширыға шықты. Екінші таймның екінші минуты өтер өтпестен Де Маркос алаң иелерінің алғашқы голын соқты. Шамамен жиырма минуттан соң Ибаи Гоместен пас алған Сан Хосе жергілікті жанкүйерлерге үміт сыйлаған соққы жасады. Ал 76 минутта Гомес пен Хосе жұбын жазбастан таблодағы есепті теңестірді... Бірақ барлығы енді ғана басталған болатын бұл кеште. Осындай керемет инерциямен "Атлетик" жеңіске жететін сияқты көрінген. Бірақ бар күш-жігерін жиған "Бетис" футболшылары Посуэллоның арқасында матчта тағы да алға шықты. Бұл жолы ойынның соңына дейін. Ал 87 минутта Хорхе Молина соққан "Бетистің" бесінші голы тамаша футбол спектаклінің соңғы эпизоды болды.Биыл да чемпиондықтан үміті бар мадридтің "Реалы"

өз алаңында "Валенсиямен" тең түсті. Матчтың басында Гонсало Игуаин есеп ашса да, бірінші тайм аяқталар тұста жарғанаттар таблодағы көрсеткішті теңестіріп кетті.Оңқапталда белгіленген айып добын Тино Коста қақпаға қарай көтере бағыттаған болатын. Ауадағы допқа бұрын жеткен Жонас Касильясты қапыда қалдырды. Өз алаңындағы бұл тең ойынды "Реал" үшін сәтсіз деп есептеуге болады, себебі алғашқы кездесуде ұпай жоғалту чемпионға лайықты емес.
Чемпиондық атаққа тағы бір үміткер саналатын "Барселона" "Камп Ноуда" "Реал Сосьедадты" тас-талқан қылып ұтты. Ойынның төртінші минутында-ақ Карлес Пуйоль есеп ашты. 9 минутта Кастро алаңда статус-кво орнатты. Одан арғыға Сан-Себастьяндық клубтың шамасы келмеді. Айналдырған 5 минутта (11,16) Месси алғашқы дубльдің авторы атанса, үзіліске аз қалған уақытта соғылған Педроның голы "Сосьедадтың" жағдайын мүлде қиындатып жіберді. Екінші таймда да сценарий өзгере қойған жоқ. Тек 84 минутта жарақатынан айыққан Давид Вилья жаңамаусымдағы алғашқы голын соқты. Қорытынды есеп 5-1.
