Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Куала-Лумпурда Қазақстан мен Малайзия бизнес форумы өтті

Екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға арналған бұл игі шара XI Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында жүзеге асты.

Бизнес форумға Қазақстанның нарығына шығуға қызығушылық танытып отырған 80-нен астам Малайзияның жетекші компаниялары қатысты. Үлкен дайындықпен келген ұйымдастырушылар шетелдік инвесторларға Қазақстанның инвестициялық ахуалы жайлы толық ақпарат берді.

Ерлан Хаиров, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы:

- Бүгінгі форумда біз малайзиялық инвесторлардың халал өнімдер мен құрылыс материалдарын өндіру саласына қатысты қызығушылықтары бар екенін байқадық. Өзіңіз білетіндей, бұл шара Елбасының тапсырмасына сәйкес, елге инвесторларды тарту мақсатында жүзеге асып отыр. Еліміз соңғы 10 жылда қазынаға шетелдік инвесторлардың есебінен 200 млрд АҚШ долларын құйды. Олардың қатарында Малайзия да бар. Сырттағы инвесторларды тартуға қолайлы болу үшін 19 елге визасыз жүйе енгізілген болатын. Енді малайзиялық компаниялар да осы мүмкіндікті пайдалана алады.

Бизнес форумда қазақстандық өкілдер арнайы экономикалық аймақтарға шолу жасап, оның ішінде «Астана-жаңа қала» арнайы аймағына инвестиция құюдың тиімді тұстарын саралап айтып берді. Жылдам дамып келе жатқан елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетіндігі де тілге тиек етілді. Оған қоса малайзиялық кәсіпкерлерді ұтымды бизнес жобалардың бірегейі ретінде екіжақты сауда-саттық, көлік және логистика, құрылыс және инфрақұрылым мен ауылшаруашылық, азық-түлік өндіру саласында әріптестік қарым-қатынас орнатуға шақырды. Бүгінгі күні 65-тен астам бірлескен жобаны игеріп жатқан тараптар мұндай игі-шаралар өзара тиімді ынтымақтастықтың  кеңеюіне жол ашады деп отыр.

Тан Сри Ахмад Фузи Абдул Разак, Дүниежүзілік ислам экономикасы форумының бас хатшысы:

- Біздегі белді деген малайзиялық компаниялар Қазақстанға инвестиция құюға талпынғаны дұрыс. Өйткені бұл елдің мүмкіншіліктері көп. Меніңше, бүгінгідей форумдарды ұйымдастыру – жақсы бастама. Өйткені осындай жиындар арқылы шетелдік инвесторлар Қазақстан туралы, оның бизнес саласындағы мүмкіндіктері жайында пайдалы мағлұматқа қанық болып, нәтижелі істер атқара алады.

XI Дүниежүзілік ислам экономикалық форумның аясында өткен басқосуда екі елдің өкілдері өзара пікір алмасып қана қоймай, туындаған сұрақтарына да жауап алды. Енді малайзиялық бизнес көшбасшыларының тарапынан бірлескен жобалар жасауға қызығушылық туып жатса, екіжақты келісімге қол қойылып, сенімді әріптес ретінде қоян-қолтық жұмыс істеуге мүмкіндік тумақ.

http://gbpp.org/kz/2015/11/11322

 
1
0
228

Осы тақырып бойынша

Куала-Лумпурда Қазақстан мен Малайзия бизнес форумы өтті - Yvision.kz