«Өкпелемеші!»
Амалсыз баратын тойлардың бірі...
Зәулім тойхана салуға жететін ақша тапқанымен, акустика деген ғылымнан мақұрым тойхана иесіне іштей кіжініп бұл отыр.
Даңғаза музыка, ағыл-тегіл ішіп-жем, әлсін-әлсін шапалақ дәметіп дарылдаған асаба одан сайын шаршатты...
Нағашы-жиен, жаңа құдалардан соң ескі жекжаттарға да сөз кезегі тиді-ау, ақыры..
Тойда көсемси беруді жаны қаламайтын бұл, ортаға сөзге шыққан топтың арт жағынан орын алып, өзімен өзі тұрған.
Ортада шешен көсіліп тұр.
Бәйбішесі қасындағы құдағиымен сыбырласып, әлденені әңгімелеп тұр.
Бір кезде желкесінен қадалған жанарды сезіп, еріксіз жалт бұрылды.
О, тоба!
Сол тұр....
Әнтек жымиып..
35 жыл бұрынғы 18 жасар бойжеткеннің көздерінің астын аздап әжім торлағаны болмаса, еш өзгермеген секілді.
Жымиғанда ғана білінетін оң бетіндегі әдемі шұқырдың астындағы кішкене тыртыққа дейін көзіне оттай басылды.
Аузына басқа сөз түспей
- Сен қайдан жүрсің, Нәзтай? - деді, алқынып..
- Сізді...
Сені залға кіріп келе жатқаныңда-ақ көргем. Жанымыздағы үстелге жайғастың..
Жан-жағыңа зер салар емессің ғой? - деп назданған келіншек
- Өзіңді теледидардан көріп тұрамыз! - дегенді қосып қойды.
Бұлар өзді өзі боп тұрғанда асаба сыяпат беру кезегі жеткенін хабарлап қалды. Той-ананы тапсыра сала қайтам деп шешкені естен шықты да,
- Екеуміз билейікші! - деп қолының ұшынан ұстаған келіншекке еріп жүре берді. Билеп жүріп, келіншектің күтімі жаман емес екенін де аңғарып үлгерді.
Бір кезде есіне бірдеңе түсіп,
- Күйеуің қызғанып жүрмей ме? - деп келіншектің құлағына сыбырлады.
- Жоқ!
Ондайы жоқ!
35 жыл өтсе де, өзін ұмытпағаны ішін жылытса да, еріксіз бір күрсініп алды.
Сол арада би де аяқталып, ортадағы қонақтар орындарына жайғасты.
Той басталғандағы енжарлығын жоғалтып, келіншек отырған жаққа көзі түсе берді. Көзі түскен сайын келіншектің жанарымен жанары кездесе берді.
Той аяқталуға жақындағанда сыртқа сытылып шығып, тойханадан оқшаулау темекісін тартқыштап тұрған. Тойхананың автотұрағынан шыққан қымбат көліктің терезесінен біреу қолын шығарғанын көзінің қиығымен байқап қалды.
Нәзтай екен.
Солай көрінді ме, машина рулінде отырған мұртты жігіт, әлденеге кіжінгендей газды басыңқырап, машина орнынан жылдам қозғалып кете барды.
Неге екенін өзі де білмейді, мұның көз алдына баяғы 18 жасар бойжеткен елестеп, есіне Табылдың "Өкпелемеші!" әні түсті...
Өкпелемеші,
Өтірік мен де жұбатпан,
Өзегімді өртеп, жазбайын хат та жырақтан.
Өкпелемеші,
Бақытыңды алдан күт бірақ,
Менен де гөрі мықтырақ,
Өзге бар сені ұнатқан.
Өкпелемеші, өкпелемеші.
Өкпелемеші,
Өкіндірмеші құрбыңды,
Өлеңмен жуып тастармын мен де кірбіңді.
Өкпелемеші,
Өкпелемеші, арманым,
Қалайша жігіт болғаным?!
Өңгере алмасам бір мұңды.
Өкпелемеші, өкпелемеші.
Өкпелемеші,
Өткенде қаздар төбеңнен,
Өкінішіңді өлшерсің жырмен, өлеңмен.
Өкпелемеші,
От болып жанған жүрегім,
Өмірден таппай бір емін,
Өртенеріне сенем мен.
Өкпелемеші, өкпелемеші.
Өкпелемеші, өкпелемеші.
