Котто промоутері Головкинмен жекпе-жек ұйымдастыруға сескеніп отыр
WBC чемпионы Мигель Коттоның (39-4, 32 КО) промоутері Боб Арум қазақстандық боксшы, WBA/IBO титулдарының иегері Геннадий Головкинмен (30-0, 27 КО) жекпе-жек ұйымдастыруға сескеніп отыр, деп хабарлайды sports.kz.
«Ең алдымен Котто жекпе-жекке кіммен шығатынын өзі шешеді. Бірақ меніңше, Сауль Альвареспен болатын кездесу Головкинге қарағанда тартымдырақ болатын сияқты», — дейді ол. «Маған Головкин де, Том Леффлер де ұнайды. Головкин ұлы боксшы екенін де ешкім теріске шығара алмайды, дегенмен мен осы жекпе-жек қанша көрермен жинайтынын білмеймін».
Арумды бұл ойға осының алдында өткен Гил-Головкин жекпе-жегіндегі көрермендер санының аздығы итермелеген болса керек. HBO мәліметтеріне қарағанда, аталмыш кездесуді 984 000 көрермен ғана тамашалаған. Бұл көрсеткіш 2013 жылы Кертис Стивенспен болған жұдырықтасудан әлдеқайда кем. Ол кездесуді 1 400 000 көрермен көрген болатын.
Алайда, бокс мамандары Коттоға Альвареспен кездесу қаржылық тұрғыда ғана емес, қауіпсіздік тұрғысынан да тиімді деп отыр. Кез келген боксшыны сұлатып салуға қауқарлы Головкин Мигельдің жеңісті жолын қиып, оны зейнетке аттандырып жіберуі әбден мүмкін.

