Колледж студенттері тау-атқыштар бригадасында болып қайтты
Жамбыл қазақ-түрік есепке алу-экономикалық колледжінің бірінші курс студенттері подполковник Куанышбек Үштаев басшылық ететін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тау-атқыштар бригадасын аралап қайтты.
Қонақтарды бригададағы тәрбие құрылымының өкілі жастармен жұмыс жөніндегі офицері капитан Бекболат Жандарбеков қарсы алып, ертіп жүрді. Студенттерді бригада тарихы, оның қызметі мен міндеттері, сондай-ақ күнделікті тыныс-тіршілігінен хабардар етті.
Айта кетерлігі, тау-атқыштар бригадасы жүз пайызға келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданған әскери қызметшілерден тұрады. Сондықтан саяхат барысында жеткіншектер үйреншікті фильмдерден көретін казармаларды көрген жоқ. Қазіргі келісімшарт бойынша қабылданған сарбаздар қызмет аяқталған соң өз отбасына қайтады.
Тау-атқыштар бригадасының тағы бір ерекшелігі – осы жылдан бастап бұл бригада өзге құралымдардың қатарында біржылдық цикл аясында оқудың жаңа әдісін енгізуде.
Көптеген студенттер үшін бұл алғашқы саяхат. Студенттерге көп нәрсе таңсық: бақылау-өткізу пункті, сапқа тұру алаңы, қарумен танысу. Жаттығу залында қонақтар жауынгерлік машиналарды айдау қабілетін жетілдіретін тренажер жұмысының қағидаттарымен танысты.
Әсіресе, мотоатқыштар ротасының командирі лейтенант Ержан Мырзатаевтың басшылығымен ұйымдастырылған кішігірім қару-жарақ көрмесі жеткіншектердің көңілдерінен шықты. Калашников автоматтарының әр түрлі модификациялары, қолдан жасалған танкіге қарсы гранатометтер сияқты басқа да қарулар балалардың қызығушылықтарын тудырды.
- Әскери бөлімге келген бір күн әскери даярлық бойынша өтетін теориялық сабақтардан әлдеқайда маңызды, - деді оқытушы-ұйымдастырушы – колледждің әскери даярлығының бастығы майор Мұхтар Ниязов. – Тау-атқыштар бригадасынан қайтқан соң студенттер колледжде өтетін әскери даярлық пәнінің тақырыптары түсініктірек болатынына сенімдімін.
Мұндай іс-шаралардың өтуі әскерилер үшін де, оқытушылар үшін де маңызды. Өскелең ұрпақ әскери-патриоттық тәрбие осылай жүргізіледі және жеткіншектер нағыз Отан қорғаушылардың қызметі мен тұрмыс-тіршілігімен танысу мүмкіндігіне ие болады.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
