Кластерлік экономиканың келешегі зор

Еліміздің мемлекеттік маңызды құжаттарында кластерлік экономиканы дамыту стратегиялық міндеттердің қатарына жатады деп көрсетілген. Дәл осы кластерлік экономиканы дамыту арқылы еліміз экспорттық әлеуетті арттыра алары сөзсіз. Осы ретте ата кәсібі мал шаруашылығы саналатын еліміз үшін ауыл шаруашылығы кластерін дамытудың келешегі зор. Осы мақала еліміздегі аграрлық кластердің бүгіні мен болашағы зор болмақ.
Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеудің деңгейін тереңдету және кешенділігін арттыру кластерлік ұстанымды іске асыру арқылы көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы шикізатын өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорындардың географиялық жақындығы тамақ өнеркәсібін дамытуда осы ұстанымды пайдалануына мүмкіндік береді. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдау өндірістік қуаттарды және ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу өнімдерінің экспорты көлемін ұлғайтуға бағытталатын болады.
Еліміздің өңірлері бойынша кластерлік жобалар айқындалды. Атап айтқанда, солтүстік өңірде, яғни Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында астық өңдеу саласына басты мән беріліп отыр. Сондай-ақ оңтүстік өңірде, атап айтқанда Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жеміс-көкөніс өнімдерінің кластерлік жобаларына басымдық берілді. Сонымен қатар Қостанай облысында сүт өнімі де бірінші кезекке шығарылды.
Кластерлік бастамалардың дамуы қайта өңделетін ауыл шаруашылығы шикізатының өнімін экспорттау көлемін екі еседен артық өсіруге мүмкіндік береді.
Үкімет алдағы жылдары кешенді іс-шараларды өткізу және бірқатар кешенді шешімдер қабылдау жоспарланып отыр. Астықты қайта өңдеу кластері бойынша атқарылатын істер жүйеленді. Астықты қайта өңдеудің экспортты әлеуетін арттырудың мемлекеттік стратегиясын әзірлеу, астықты терең қайта өңдеу өнімдерінің қазақстандық ортақ брендін құру, экспорттаушылар - астықты қайта өңдеушілер қауымдастығын құру, астықты экспортқа сату жөніндегі қызметті лицензиялау, экспорттаушыларға жеңілдетілген кредит беру, шикізат және дайын өнімді тасуға жеңілдетілген тарифтер, экспорттық жеткізуге мемлекеттік кепілдік беру, құрғақ дән маңызы мен биоэтанолды қоса алғанда, бидай астығын терең қайта өңдеуді дамыту көзделіп отыр.
Сондай-ақ астықты қайта өңдеу зауытын салу, ТМД-ға, ЕурАзЭҚ-қа және БЭК-қа мүше мемлекеттер аумағында экспорттың инфрақұрылымын бірлесе дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қамқорлыққа алу саясатын жүргізу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы және оның қайта өңдеу өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейту жөнінде Қазақстан Республикасының, әсіресе, Қытайдағы, Ауғанстандағы, Пәкістандағы, Мысырдағы шетелдік мекемелерін жандандыру, «Ақ Бидай Терминал» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайту және Ақтау портындағы астық терминалын тиеу құрылғысын ауыстыру, Ақтау қаласында ұн тарту кешенін салу, «Астық Қоймалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің №2 Нан базасынан астықты сақтау кешенін сатып алу көзделуде.
Баку (Әзербайжан) және Амирабад (Иран) порттарында астық қабылдау терминалдарын және ұн тарту кешендерін салу, сондай-ақ Поти (Грузия) портында астық терминалын салу жоспарланған.
Жеміс-көкөніс кластері бойынша таза сортты егу материалдары мен тұқым өсіру үшін жеміс тұқым бақтарын және тұқым шаруашылығын қайта қалпына келтіру және дамыту жөніндегі шараларды әзірленеді.
Азық-түлік құрал-жабдықтары сертификаттарын тану рәсімін оңайлату, жеміс-көкөніс дақылдарын өндіру және қайта өңдеу жөніндегі кәсіпорындар үшін техника және құрал-жабдықтар лизингін кредиттеу шаралары жүзеге асырылады.
Сонымен бірге жеміс-жидек дақылдарының көп жылдық екпе ағаштарын және жүзім егу, жеміс-жидек дақылдарының қайта өңдеуге жарамды сорттарын өндіруді арттыру жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік қолдау шаралары әзірленеді.
Сүт кластері бойынша мал шаруашылығында орташа және ірі субъектілерді құру және осы үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының және бюджеттік субсидиялардың қаражатын кешенді пайдалану көзделуде.
Қостанай облысының ауылдық округтерінде малдың түрлері бойынша базалық шаруашылықтар құру, облыстық бюджет қаражатынан асыл тұқымды мал бастарын сатып алуды субсидиялау, жүқпалы аурулы малдарды залалсыздандыру ережесін сақтамағаны үшін иелерінен заңнама деңгейінде құқықтық жауапкершілікті талап ету мақсаты қарастырылған.
Машинамен сауу және оның бастапқы салқындатылған сүтті жинау қосындарын ұйымдастыру, шикізат пен дайын өнімнің сапасын бақылайтын зертханалық базаларды, олардың техникалық қайта жарақтандырылуын дамыту жоспарланды.
Қазіргі технологиямен құрама жем зауытын салуға инвестициялар тарту, жем-шөп өндіру жөнінде өңірлік бағдарламаны әзірлеу, жеке ауладағы мал басы үшін қолдан ұрықтандыратын қосымша қосындар ашу шаралары ұйымдастырудың болашағы зор болмақ.
Айдос САДУАҚАСОВ,
Астана
