Клара МЫҢЖАСАРОВА: Әдекеңнiң ескерткіші қойылар деп үміттенемін
10 қыркүйек күні Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, партизан-жазушы Әди Шәріповтің 100 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтіледі. Жазушының осы ғасырлық тойына орай артында қалған қара шаңырағын бағып, түтінін түзу ұшырып отырған жан-жары Клара Жағыппарқызымен әңгімелескен едік.
Бес жасымда таныстым
- 1945 жылы Абайдың 100 жылдығы тойланды. Ол кезде менің әкем Абай ауданның Қарауыл селосында аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істейтін. Абай тойын өткізудің аудандық комиссиясын басқарды. Тойға Алматыдан атақты балуан Қажымұқан, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтермен бірге партизан-жазушы Әди Шәріпов те келіп қатысқан. Мен ол кезде тұлымшағы желбіреген бес жасар баламын. Даладан ентігіп кіріп келсем, үйде бірталай кісі отыр екен. Мен қонақтарға жағалай көз тастап, солардың ішіндегі Әди тізесіне отыра қалыппын. Кейін ұзақ жылдардан кейін Әдекеңмен табысып, бас құрайтын болғанымызда, шешем: «Әй, Әди, сенің есіңде жоқ па, баяғыда біздің үйде бес жасар баланы тізеңе отырғызып, қолыңа көтермеп пе едің, сол осы Клара ғой!» деді. Әдекең де есіне түсіріп, кейін қаршадай кезімнен өзін танып-таңдағанымды күлімсірей есіне алатын.
Мен Әдекеңмен алғаш 1970 жылдардың басында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеп жүргенімде жақын таныстым. Бір күні институтқа директор болып Әди Шәріпов келетіні белгілі болды. Әрі өзімнің жерлесім, әрі үй-ішімізбен қатты сыйлайтын кісім болғандықтан, қуанышымда шек болмады. Әдекең бізге қызметке келген соң бір-екі жыл өтпей әйелі Зағира қайтыс болды. Осы оқиғадан кейін Әдекеңнің иығы түсіп, қатты уайым-жапа шегіп жүрді. Осынша жасқа келгенде қиын жағдайға ұшырағанын көріп-біліп жүріп, ол кісіге деген менде алдымен аянышты сезім пайда болды. Қызмет барысында қол ұшымды беріп, жағдайын жасауға тырыстым. Бірте-бірте әлгі аянышым сүйіспеншілік сезімге ұласты. Ол кісі маған жас ғалым, жерлес ретінде назар аударғаны болмаса, ешуақытта артық сөз айтып, сезімін білдірген емес. Менен 28 жас үлкен болғандықтан да көзіне тым жас көрінсем керек. Ол кісіден артық-ауыс сөз шықпайтын болған соң, бір күні кабинетіне кіріп, ананы-мынаны сылтауратып отырып: «Әдеке, мен сізді керемет жақсы көремін, сүйемін сізді. Сізге тұрмысқа шыққым келеді» деп, шындығымды жайып салдым. Ол кісі маған бажайлап қарап алып «Сен әлі жассың ғой!» деп күліп жіберді. Қанша дегенмен партизан адам емес пе, осыдан кейін сыртымнан бағып, мен жайында жан-жақты білуге тырысып жүргенін байқадым. Жай жеңілтектік емес, үлкен махаббат сезімім бар екеніне көзі жеткен соң, екеуміз тағдырымызды қостық.
Жиырма жыл-жиырма минуттай
- Ол заманда жас айырмашылығы алшақ адамдардың бас қосуы өте сирек болатын. Осындай қадамға барған Ғабит Мүсіреповтен кейінгі адам Әдекең болды. Біз барлық қиыншылыққа шыдап, жиырма жылдай бірге өмір сүрдік. Әлия деген қызымыз өмірге келді. Қазір Әлия Американың Нью-Йорк қаласында тұрады. Алдымен Алматыдағы ҚазПИ-ді, кейін АҚШ университетінде магистратураны үздік бітірді. Бес шет тілін біледі. Жолдасы - америкалық азамат, Гарвард университетін бітірген, халықаралық архитектор. Екеуі Францияда танысқан. Алғашында қызымның шетел азаматына тұрмысқа шығуына тоғыз ай бойы рұқсат бермедім. Иншалла, күйеу балам өте жақсы азамат, Әдекеңнің тойын түгелдей өзі көтеріп алып отыр.
Әдекеңмен бірге өткізген 20 жылым 20 минуттай зымырап өте шықты. Ол кісі мінезі ашық, өте қарапайым, жайбарақат, жүрегі таза адам еді, біреуге қол ұшын созып, көмек берсе, соған өзі балаша қуанатын. Басымыздан, әрине, қиыншылық та өтті. Әдекеңнің жалғыз ұлы Мәди үйленіп, бөлек шыққан соң қайтыс болды. Туғаннан жүрегі ауыратын, 26 жасында өмірі үзілді. Мұндай ауруы барлар әдетте 18 жасқа дейін ғана өмір сүреді екен. Әдекең бар мүмкіндігін салып бағып-күткеннің арқасында ғана 26 жасқа дейін өмір сүрді. Ағылшынша судай білетін, өте дарынды баласының қазасына қатты қайғырып, күйзелген Әдекеңнің жанын сақтап қалған Әлияның өмірге келуі болды ғой деймін. Бір күні Әлиямның бес-алты айлық нәресте кезі, түнде оянсам, Әдекең жанымда жоқ. Сағат түнгі 2-ден асып кетіпті. Жүрегім су-у ете түсті. Ауыр қайғыда жүріп, бір бөлмеде құлап қалды ма екен деген оймен тұра жүгірдім. Түпкі бөлмедегі кабинетінің есігі қатты жабылыпты. Есікті ашсам, Әдекең баласының суретіне телміріп, қатты егіліп жылап отыр екен. Шошып кеткеннен шыңғырып жібергенімді байқамай қалдым. Ол кісі орнынан атып тұрып, мені құшақтай алды да: «Енді болды, босамаймын, жүрегіңді ауыртпашы» деп жұбатты. «Құдайдың мұнысына шүкір, бұл болмаса қайтер ем?!» деп, кішкентай Әлияны қолына алып, өзін сабырға шақырды. Қанша дегенмен батыр, бірбеткей адам емес пе, осыдан кейін өзін берік ұстайтын болды.
Ахаңның кітабын сақтап қалды
- Бірде Әдекең үйге абыржып, көңілсіз күйде оралды. Толқуына себеп, Ахмет Байтұрсынов ақталғаннан кейін кітабын шығарайын десе, шығармасы еш жерде, не өзіміздегі архивте, не Мәскеу кітапханасында сақталмапты. Ахаң атылып кеткеннен кейін, бәрін өртеп, отқа жағып жіберген ғой. Әдекең шайын ішкен соң, кабинетіне барып, көптен ашпаған архивін ақтарып отырды. Бір кезде сондай қуанышты дауыспен мені шақырды. Барсам, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышын» ұстап отыр. Сөйтсе, отызыншы жылдардағы ашаршылық тұсында қалтасында ең соңғы ақшасына біреуден осы кітап пен «Қилы заманды» сатып алған екен. Содан бері тығып, сақтап келген. Кейін егер НКВД білсе, «халық жауының» кітабын сақтағаны үшін ол заманда атып жіберер еді. Онсыз да өзінің барлық ағайыны «жапон шпионы» деп ату жазасына кесілген. Әке-шешесінен 13 жасында айырылған. Өзін қажының баласы деп, ҚазПИ-де оқып жүргенде комсомолдан шығарған. Жанашыр адамдарының арқасында бой тасалап, аман қалған. Сөйтіп жүріп те, Ахаң бастаған арыстардың кітабын аман-есен жеткізуі азаматтық болмысын, кісілік қасиетін танытпай ма?!
Ауылын бір көруді аңсады
- Әдекеңнің қаламдас, қарулас достары көп еді. Бауыржан Момышұлымен, әсіресе, Қасым Қайсеновтермен жақын араласты. Баукең туралы өте қызық әңгімелер айтатын. Бір күні Әдекең кабинетінде отырса, бір нәрседен қатты ренжіген батыр Баукең кіріп келіп, еш уәжге тоқтамай, бастырмалатып қатты-қатты кейісе керек. Біраз тыңдап отырған Әдекең бір кезде: «Товарищ полковник гвардий! Встать! Кругом! Шагом марш!» десе керек. Бауыржан батыр еш ойланбастан кілт бұрылып, есіктен шығып бара жатып қайта бұрылып: «Әй, Әдеке, сен не дедің, мен неге кетіп бара жатырмын өзі?» деп таңырқап, артынан қарқылдап күліп жіберсе керек. Осыдан кейін Баукеңнің келген мәселесі ың-шыңсыз шешіліпті.
Қасым Қайсенов екеуі жерлес, Қаскең Әдекеңді ағам деп сыйлады. Екеуі бір-бірін өте жақсы көрді. Қос Ғабең біздің үйде ай сайын бас қосатын. Мәскеуде Шолохов, Федин, Твардовский, Соболев, Ғамзатов, Құлиевтармен жақын дос болды.
Әдекеңнің 80 жасқа толған тойы 1992 жылы дүркіреп өтті. Шетелдерден бірнеше делегация келді. Бірнеше машинамен ел-жұртты аралап, сый-құрмет көрді. Алматыдан басталған той бұрынғы Семей облысының бірнеше аудандарында жалғасты. Деректі фильм түсірілді.
1993 жылы Әдекең қатты сырқаттанып, қараша айында көз жұмды. Көз жұмарының алдында ауылына бір барып қайтуды қатты аңсап еді. Дәрігерлер рұқсат бермеді. Туған жерімен қоштасып қалғысы, бізді ел-жұртына табыстап кеткісі келді ме, аңсары еліне қатты ауып, апарып қайтуымды өтінумен болды. Өкінішке қарай, сол арманы ішінде кетті.
Мен өзім Қазақ қыздар педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, кандидаттық диссертациямды қорғап, сол институтта кафедра меңгерушісі, 20 жылдай декан болып қызмет істеген адаммын. Құдайға шүкір, шәкірттерім жетеді. Қолдарынан келгенше көмектесіп тұрады.
Әдекеңнің жүз жылдығын тойлауда ел-жұрт, билік басындағылар аянып қалып жатқан жоқ. Алматыдағы Әди Шәріпов атындағы № 16 мектеп биыл кереметтей күрделі жөндеуден өтті. Соған қатты қуандым. Музейі бар. Көп ұзамай Әдекеңнің ескерткіші де қойылып қалар деген үміттемін.
Жазып алған
Төреғали ТӘШЕНОВ
