Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Өкіреш Шал

Атадан балаға ауызекі қалып келе жатқан шежірелер біз ізді бола бермейді. Ала -құлалық, жаңылыс жиі кездеседі. Сондықтан да шежірелерді оңды-солды пайдаланып, оларды нақтылы факті ретінде алдыға тарту аса дұрыс емес сияқты. Ал олардың ішіндегі жеке тұлғалар жайлы сөз басқа. Ұлы бабаларымызды, аса ірі ру басыларын аңыздан аршып алып, тарихи деректер арқылы ғылыми түрде зерттеу аса қажет. Себебі, алдыда өткен аталарымыздың өмір жолы, әр бабаның тарихы, түптеп келгенде, қазақ тарихының бір-біп парағы. Осы парақтарды түгендесек қазақ халқының тарихы толыға түседі.

Сол аталарымыздың бірі, бірегейі - Найман Өкіреш Шал. Шежірелердің әртүрлілігіне орай «Өкіреш Шал»  кейде -Тоқпан деген кісінің лақабы. Кейде, Тоқпан-Өкіреш Шалдың ұлы. Өз заманында Өкіреш Шалды - «Ақмырза», «Ақсофы» деп те атапты. Қалай деп атаса да сол шежіредегі «Өкіреш Шал» қазір ең кемі үш миллионға жуық найманның ұлы бабалары, найманның «Өкіреш Шал» тармағының бастауы.

Кей шежірелер, шежірешілер барлық найманды Өкіреш Шалдан таратады. Келесісі үш топқа бөледі. Біз осылардың ішінен Өкірештен- Белгібайға, одан -Сүйінішке (Сүгірше), одан Төлегетайға (Төлек атайға, Төле -Қытайға) түсетін тармағын бөліп алып қарастырмақпыз. Себебі, біз алды-артын емес, Өкіреш Шалдың жеке басын аңдамақпыз. Әңгіме дара тұлғасының кім екенін анықтауда.

Мен де шежіре бойынша Өкіреш Шалдан тараймын. Алайда атамыздың «кіндігіненбіз» дегенге үлкен күмәндімін. Әрине, Өкіреш Шалдың кіндік төлдері бар. Оған дау жоқ. Әңгіме үш миллион адам туралы. Енді, күдігімді таратып айтайын. Ол үшін атамыздың қай тұста ғұмыр кешкенін анықтау керек. Осыған келейік.

М.Тынышбаев «Төлегетай он алтыншы атам» дейді. Төлегетайдан Өкіреш Шалға дейін және екі ата бар. Барлығы - 18. Бұл мөлшері, әр атаға 25 жылдан бөлсек, 450 жыл. Бұған Белгібай туғандағы Өкіреш Шалдың 93 жасын қосамыз. Барлығы - 543 жыл.  М.Тынышбаев 1879 жылғы 12 мамырда туғанын өз қолымен жазыпты. Демек, 1879-дан  543-ті аламыз. Сонда Өкіреш Шал мөлшері  - 1330 жылдары дүниеге келген. Мүмкін сәл ертерек. Шежірелерде  бір-жар ата ұмытылып қалатыны бар.

Қаракерей Қабанбай батырдың шежіресімен алсақ ол кісіден Белгібайға дейін   13 ата -325 жыл. Оған Өкіреш Шалдың  93 жасын қосамыз. Барлығы - 418 жыл. Енді Хан батыр туған  1692 жылдан  418-ді аламыз. Онда Өкіреш Шал 1274 жылы туады. М.Тынышбаевтың шежіресімен өкшелес. Шежіредегі мұндай алшақтықтар қалыпты нәрсе. Сөйтіп, нысана  XIII ғасырдың аяғы немесе XIV ғасырдың басы. Найманның бір тармағы осы мөлшерде тууы тиіс.

Дәл осыған сене алмаймын. Шежіре ең кемі 6-8 ғасырға жаңылады. Себебі:

1. Найман V-VI ғасырда қытайдың жазба тарихына енгені анық. Орхон жазуларында Қаржаубай Сартқожа дәлелдеген Арық бұқа мен Семіз бұқа секілді хандар бар.

2. Өкіреш Шалдан - Сүйініш (Сүгірше), Сүйініштен - Төлегетай (Төлек атай), (Төле Қытай). Байқасаңыз Өкіреш - жалқы, Сүйініш - жалқы, Төлегетай -жалқы. Төлегетайдан Қытай да жалқы. Сонда Қытай ХV ғасырдың аяқ шенінде дүние есігін ашады. Қытайдан (кейде Кітәй, дұрысы Қытай сияқты) --Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Бұлар мөлшері ХVI ғасырда туады. Одан бері бес жүз жылдай уақыт өтіпті. Ендеше, Найманның бір ғана тармағы Қытайдан туған балалар бес ғасырда екі миллионға жетеғабыл дегенге сенесіз бе? Шыңғысханнан бұрын жасап келе жатқан, V -ғасырда із тастаған қырғыздар содан бергі 1500 жылда 3 миллионға әзер жетті. Ендеше, Өкіреш Шалдың ұрпақтары ХV ғасырдан бері қанша қауласа да бүгінгі жан сандары -2 миллионға дейін өсуі мүмкін емес. Бірақ, осынша адам бар.

Демек бір құпия болғаны ғой. Рас, солайы солай. Осы сырды ашу үшін тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханның «Найман хандығының мемлекеттік құрылымы» атты еңбегіне жүгінеміз. («Қазақ Ордасы» 2003 ж №3). Ғалым «Найманның әкімшілік атауы - «Шал» деп сенімді жазады, дәлелдер ұсынады. «Жамиғат тауарихтың» «Шыңғыс хан» шежіресінде Найман Күшіліктің әпкелері, қарындастары мен руы туралы әңгімеде осы сөз бар: «Әмин Шал, Тарту Шал, Таян Шал, Түңге Шал ағайынды. Төртеуі де Күшіліктің руынан. Шал - ханзада деген мағына береді. Найман Таян  ханның бір әмірі, әки бегінің аты Титик Шал. Ал осы Титик Шалды «Юань Чао Би-Ши»-да «Титик сақал» деп жазған. Сондай-ақ, «Ляо ши»-дің «Шалға» берген түсініктемесіндегі «ұл» деген сөзді «патша ұрпағы ханзада» деп түсіну керек. Бұл наймандарды ханзаданың «Шал» деп көрсетуімен мағынасы бірдей. Шал немесе сақалдың мәнсап көлеміне келсек, олардың іс-қимылынан (атқарып жүрген қызметтерінен) мынаны көреміз: Шал-сыртқа қол бастап шығады; жат ру-тайпалардың істеріне қатысады; ел арасындағы араздықтарды келістіреді; заңды атқарады».

Бақыт Еженханның осы деректерін таратып айтсақ Шал:

  1. Әскербасы. Өз бетінше шешім қабылдайды.
  2. Сыртқы саясат мәселелерін шешеді, шекара қорғанысын басқарады, бодан елдерге билік жүргізеді, ішкі істеріне араласады.
  3. Соттың, бидің бар қызметін атқарады. Үкім шығарады, төрелік айтады;
  4. Мемлекеттік заңдардың жүзеге асырылуын  бақылайды. Заң бұзушыларды айыпқа тартады. (соттайды).

Көріп отырсыздар, «Шал»  патшадан, ханнан кейінгі лауазым иесі. Әр, жеке-жеке саланы басқаратын уәзірлер сияқты емес, мемлекеттің барлық салаларына тікелей араласады. Уәзірлерден әлдеқайда жоғары лауазымды адам-Шалымыз. Ал уәзірден жоғары ханзада екені кімге де болса мәлім. Шалдың қызмет ауқымы аса кең.

Демек, «Шал», сөз жоқ, хан ұрпағынан. Ендеше сол тұста-ақ Хан басқаратын дербес мемлекет немесе ұлыс болғаны ғой. Ол, не дегенде де, мол жұрт. Әйтпесе, хандық, мемлекет қалыптаспаса ханзада қайдан болсын. Бұлай десек, нақты тарихи деректерге жүгінсек, VI ғасырда бар найман ХІІІ ғасырдың аяғында, табаны жалпақ жеті жүз жылдан соң, өзінен жеті жүз жыл кіші Өкірештен қалай туады? Жеті ғасыр бұрын бар, өз ата-бабасына  Өкіреш қалай әке болады? Сөз басындағы күдігім осында жатыр.

Өкіреш Шал барлық найманның атасы емес. Өкіреш Шал сол тұста, сол маңда топтасқан наймандардың билеушісі. Оның лауазымын ұлық би дейсіз бе, ұлыс биі дейсіз бе, кіші патша дейсіз бе, өз еркіңізде. Бұл бір жағы. «Шал» сөзін саралау осыған алып келді.

Екінші жағы «Өкіреш» не мағына беретінін тапсақ көрінеді. Мұны қазақ наймандары жадыдан шығарып алған екен. Бірақ Самарқандағы өзбек наймандары ұмытпапты. Сонымен «Өкіреш» не мағына береді? Кей аңыздарда Тоқсұлу-анамыздың  (найман арасында Қызеней аталады) бойына бала бітерде тоқсан үш жастағы атамыз өкіріп құлапты. Содан «Өкіреш Шал» аталыпты дейді. Бұл қисынсыз. Бабамыз Самарқан маңында дүниеге келіп, сүйегі Самарқаннан қырық шақырым жердегі Үргіт тауының етегінде Өкіреш аталатын ауылда жерленген. Моланың басына жергілікті өзбек наймандар жиналып, 1988 жылы белгі қойыпты. «Өкірач қабирстаны» деп жазыпты. Жанында Қаранайман, Қызылнайман, сәл әрірек Дүрмен найман ауылдары. Бұларда өздерін Өкіреш Шалдан тарататын өзбек наймандары  тұрады. Осы маңда Төртуыл, Жанғұлы, Балталы, Бағаналы, Садырсай, Қаңлы, Қарақұрсақ, Қаракесек, Зарман, Шанышқылы, Тарақты, Маңғыт, Жағалбайлы, Қатаған, Балғалы, Сарқұл, Керейт, Наймансай, Қаранайман табиғи қорығы, Қанжығалы, Наймансарай, Қарабағаналы қышлақтары орналасқан. Нақ бір қазақ жерінде жүргендейсің. Бұл біздің көзімізге түскендері. Көне атауларын жоғалтқандары қаншама екен? Мысалы, Кеңес үкіметі тұсында Өкіреш найман, қаранайман, қызылнайман ауылдарын қосып, «Москва» колхозы атапты, қазір Әмір Темір атындағы шаруашылыққа ұйысыпты. Ең таңданарлығы -найман атаулары Самарқанның төрт тарабында да бар.

Осы наймандар «Өкірач» - «Кіші бұқа» деген мағына береді дейді. «Бұқа» найманның хандық атауының қосымшасы екенін дәлелдеу қажет емес шығар. Оған VI ғасырдағы найман хандары Арық бұқа, Семіз бұқа, ХІІ ғасырдағы Инанығ Білге бұқа, ХІІІ ғасырдағы Байбұқа, Тайбұқа, Кетбұқа, Келбұқа бабаларымызды айтсақ та жеткілікті. «Кіші бұқа» - «Өкірештің» мағынасы тағы айналып ханзадаға соқты. «Өкірач» дегеніміз осы жерде кіші хандықтың билеушісі дәрежесінде тұр деп пайымдауға келетіндей. Себебі, өзбек наймандары - Құдайчукур Хакимов, Тауфих Юнусов ақсақалдар Өкірач бабаларын Самарқан ғана емес, Таулы Бадахшан, қырғыз, қазақ еліндегі наймандардың сол кездегі дара билеушісі деген пікірде. Жас кезінде аса ірі әскербасы екен, кейін егделене келе наймандардың ханы. Аса діндар. Өзі арыдан тартар нағыз қаракөктің ұрпағы -найман хандарының бұтағы. Онда да ар жағын атын атап, түсін түстеп айтады.

-  Кучулук Таулы Бадахшанда Жебе ноянмен жекпе-жекте өлген соң, Жебе ноян найманның соңғы ханының қатын-баласын, іні-қарындастарын түгелдей Мыңғұлға ала кетіпті. Бірақ бір ұлын нөкерлері жасырып қалыпты. Соңыра Кучулук Ханнан қалған осы ұлдың маңына азды-көпті найман жиналып, бір қауымға жетіпті. Мұны Кетбұқа естіп, шақыртады. Жошыханнан найза бергізіп, бар найманның билеушісі етіп тағайындайды. Өкірач атаның арғы жағы сол Кетбұқаның замандасы. Біз Кучулук ханның осы әулетіненбіз,-дейді қариялар.

Сөйтіп, өзбектер Өкіреш Шал найманның соңғы ханы -  Күшіліктің кейінгі ұрпағы екеніне куәлікке жүреді. Осында жан бар. Бытырып кеткен, ешкімге мойынсал болмай, қару асынып, қан көрген адамдарды бас игізу үшін соған лайық тегің болуы қажет. Ол найманда тек -Күшілік. Оның үстіне Кетбұқа шақыртса, оның Ұлытауда отырған, Жошыдан кейінгі Ұлық би кезі. Кетбұқаның наймандарға іш тарта, бар найманды бір ортаға жинауға пәрмен беруі заңды. Өзі найман адамның жанашырлығын түсіндіру қажет емес.

Өкіреш Шал қартайғанда әскерін өкізіпті. Кейінірек Әмір Темір (Ақсақ Темір) осы маңды сыйлапты.

-  Мұнда дихан наймандар тұрады. Біз малшы екенбіз. Содан бері көшпейміз. Малшы наймандар Жизақ, Науаиге қарай тұрады. Бұл жақта найман көп. Бір ғана Самарқан облысында, ең азы, бес жүз мыңдаймыз. Бәріміз де тегімізді білеміз. Жалпы өзбек жұрты немере, шөберелерінен қыз алып, қыз берісе береді. Біз өйтпейміз. Жеті ата шарт.

Өзбек наймандары осылай деді. Тереңірек үңілсек, «Шал» мен «Өкірач» бір мағынада -ханзада. Осы жерде тағы сауал туады. Онда неге қосарлап «Өкіреш Шал» дейміз? Жеке айтса да болғандай екен. Бұл сұраққа мына сөздер жауап береді. «Тоқты-Барлық», «Баян сұлу», «Ақ-Шаған», «Келте Мұқыры». Осылардағы «барлық» мыңғұл-қалмақша, қазақшасы –«тоқты», «баянның» қазақшасы - сұлу «ақтың» қалмақшасы- «шаған», «келтенің» қалмақшасы - «мұқыры», «Ақшаңқан» деп те жатамыз. Бұл да солай. Тілімізде қалмақ-мыңғұл тіліндегі сөзге қазақшасы қосылып айтылатын тіркестер көптеп саналады. Кейбір қосарлы сөздер жергілікті диалектіні түсінікті ету үшін де жүреді. Әуелдегі, көне «Шалдың» ұғымы, мағынасы ұмытыла бастаған соң, «Өкіреш» қосылғаны көрініп тұр. Көнесі «шал» сияқты.

Сөз реті келгенде айта кетейік. Г.Н.Потанин наймандардан «Көк бұқа» аңызын жазып алып, былай деп атап көрсетіпті: «Наймандардың бір бөлігі осы күнге дейін өздерін өгіздің ұрпағымыз» дейді. (Ғ.Байназарова «Қасиетті Түркі елі, Алматы, «Өнер», 66 бет)

Зер салсақ Өкіреш Шалдың ғұмыры үш кезеңге бөлінеді.

  1. Әскербасы. Толған ел алдындағы шағы.
  2. Жалпы найманның Елтұтқасы. Жұрттың сөзін ұстаған, билік айтқан шағы.
  3. Дінге бет бұруы. «Ақсофы», «Ақмырза» аталуы. Балалары өліп, тұл қалуы. Үйленуі.

Қазақ шежіресінде осы үш кезеңнің біріншісі жалғыз ауыз «Ешкімге есе бермеген екен» деген сөзбен айтылады. Самарқаннан қоныс аудару, көші-қонмен жүргенде, жаңа ортаға бейімделубарысында «Өкірештің» көне лауазымдық, найманға ғана тән мағынасы тасаланыпты. Ал сүйегі жатқан өзбектер есте тұтқан. Бұған найман хандығының бір жола жойылуы, найманның мемлекеттік лауазымдарының қолданыстан шығып қалуы да әсер еткені даусыз. Бірақ, 1625 жылға дейін Самарқанда биліктің бір ұшын ұстап отырған наймандар «бұқаны» пайдаланбаса да, «Өкіреш» - Кіші бұқаны ұмытпапты. Түпкі мағынасын сақтап қалған. Жеке хандықтың иесі «бұқа» сол кездегі найман алдымен Алтын Орданың, одан Ақ орданың құрамындағы бір руға айналған соң соған лайықталып, кішерейіп «өкірешке» көшкен сыңайлы.

Қазақ тарихында өз орны бар бір бабамыз –Өкіреш Шалдың кім болғанын, қай мезгілде өмір сүргенін, атқарған қызметін анықтаған сияқтымыз. Енді бабаны тереңдете зерттеу қажет. Бұған көпшілік атсалысса жөн бола еді.

1
2
4113

Осы тақырып бойынша