Әкімнің ұлы кісі өліміне тапсырыс берген
Қостанайда аудан әкімі мен колледж директорының ұлдарының үстінен сот процесі жүріп жатыр, деп хабарлайды Қостанай облысының ауданаралық соты.
Күдікті азаматтарға кісі өліміне тапсырыс берді деген айып тағылды. Ал, олардың тағы бір сыбайласы тапсырысты орындағаны үшін сотталуда.
Тергеушілердің мәліметінше, күдіктілердің құрбаны - қайтыс болған азамат көзі тірісінде құны 400 мың доллар болатын тауары бар жүк көлігін ұрлап кеткен көрінеді. Тауарды ол серіктерімен бірге сатып, ақшасын өзара бөлісіп алған. Ал, тауар иелері жоғалған жүк көлігін іздей бастаған сәтте серіктестер араларындағы "әлсізден" құтылу мақсатында оның өліміне тапсырыс берген екен.
"Олар тапсырысты орындаушыға тапанша беріп, жұмысты толық орындағаннан кейін 3,5 мың АҚШ долларын беруге уәде берген. Киллер аталған тапаншамен жәбірленушіні өлтіріп, кейін үшеуі оның денесін Қарабалық ауданының сыртына шығарып, өртеп жіберген" дейді Қостанай облысытық қылмыстық істер бойынша арнайыландырылған ауданаралық сотының баспасөз хатшысы Шолпан Қасымова.
Қосымша ақпаратты http://reactor.inform.kz сайтынан көріңіздер!
