09.11.12.
 Алатау бөктеріндегі алып мегаполисімізді көлік кептелісінен құтқару мәселесі Министрлер Кабинетін толғандыруын қояр емес! Талай жыл бойы бірнеше Үкімет Алматы метросының құрылысын бітіруге жан салып, тіпті жаһандық дағдарыс кезінде қаражат жетіспегенде де қысқартпай, қайта ел қазынасынан миллиардтап қаржы құйды. Ақыры ол «ғасыр құрылысы» К.Мәсімов басқарған Үкімет тұсында аяқталып, қазір тұңғыш метро әсем шаһардың тұрғындары мен қонақтарының қолданысына берілген. Ал енді кеше жаңа Үкіметтің басшысы С.Ахметов алматылық көліктік тағы бір жобаның «Үкіметтік деңгейге көтерілгендігін» жариялады.
Премьер өз Үкіметінің мүшелерін ертіп, кеше Сенатқа арнайы келген болатын. Өйткені Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның осы күнгі жалпы отырысында сенаторлар алдына өте маңызды төрт қаржылық құжат тартылды. Бірден айта кетелік, Сенат депутаттары талқылаулар қорытындысында, Бюджет кодексіне «шартты қаржыландырылатын шығыстар» атты жаңалықты енгізетін заңның жобасын, Үкіметтің жаңа жылда Ұлттық қордан әу баста ұлықсат етілгенге қоса, тағы 180 миллиард теңге артық қаржы алуына жол ашатын заңның жобасын және нақтыланған «Бюджет -2012» жобасын қабылдап, Елбасының қол қоюына жіберді. Ал Мәжіліс мақұлдаған нұсқасына сенаторлар өз түзетулерін енгізгендіктен, алдағы 3 жыл бюджетінің жобасы Төменгі палатаға кері қайтарылды. Мұның мәнісі - ел Үкіметі Жоғарғы палата депутаттары арасында тағы 40 миллиардтан астам қаржыны бөліске салған деседі. Бұл қосымша қаржымен сенаторлардың ең үздік ұсыныстары, олар қорғайтын өңірлердің ең дайын жобалары қаржыландырылмақ. Жиынға Үкімет басшысының өзі қатысқандықтан, белсенді сенаторлар бұл мүмкіндікті қалт жібермей, өз ұсыныс-сауалдарымен оған тікелей жүгініп жатты. Мәселен, Сенат депутаты Жұмабек Төрегелдинов Алматы қаласының үлкен айналма жолы бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілгендігін, алайда қаржыландыруға қатысты тапсырыстың басым бөлігі қанағаттандырылмай отырғандығынан құлақтандырды. Бұған жауап ретінде Үкімет басшысы күні кеше ғана өздерінің Алматының түйткілдерін, соның ішінде қала маңындағы аумақтарға қатысты мәселелерді қарағандарын хабарлады. - Алматы қаласының көліктік айрықтары проблемасы және тұтастай алғанда, көліктік торабының шешімі бұл мегаполистің аясынан тысқары шығып, Үкіметтік деңгейге дейін көтеріліп отыр, - деп мәлімдеді Серік Нығметұлы. - Сондықтан тіпті нақтылау кезінде де, аз ғана қаражаттарды бөлген кезде де біз бюджетте, биылғы жылға қарастырылған айрықтарды бітіруге ақша ескердік. Келесі жылы тек жергілікті ғана емес, сондай-ақ республикалық бюджетте де Алматының бұл мәселесін шешуге қаражат көзделуде. Әйткенмен, әлем нарықтарында қазір Қазақстан үшін қолайсыз жағдайлардың туындап жатуы кесірінен, ел Үкіметінің қаржылық мүмкіндігі алда шектелуі мүмкін. Бірақ сонда да Үкімет Алматының Үлкен айналма жолы («БАКАД») жобасын тастамайды. Әсем шаһардың осынау ірі көліктік құрылысына мемлекет жеке бизнесті, инвесторларды тартуға ниетті. «Алматыда жолдар проблемасын мемлекет пен жекенің әріптестігі қағидатымен шешудің мүмкіндіктері бар, - деді С.Ахметов. - Менің ойымша, Алматы қаласы мен Алматы облысы аясындағы «Алматының Үлкен айналма жолына» концессия енгізуді қарастыруға болады. Бұл мәселе біз үшін өте маңызды. Себебі бұл іс нақты жүзеге асса, онда БАКАД мемлекет пен жеке әріптестігінің жақсы үлгісі бола алар еді». Сенаторлар талай жылдардан бері өңірлер бюджеттерінен «алып қоюлардың» артуына қарсы шығып жүр, олардың айтуынша, аймақтардың тапқан табыстарының үлкен бөлігін орталықтың алып қоюы облыс басшыларын табыс түсіретін көздерді көбейтуге ынталандырмайды. Тіпті осының кесірінен ел қазынасына көп табыс құятын облыс, айналып келгенде, дотациялық өңірге қарағанда, кем қаржыландырылатын парадоксты жағдай қалыптасып отыр. Бірақ ел Үкіметі «бюджеттік алып қою» тәжірибесінен бас тартпайды, өйткені «Қазақстан - біртұтас, унитарлы мемлекет», демек, оның құрамындағы бай, бақуатты аймақтар жағдайы нашарларымен, ауқатымен бөлісулері керек. Бұл тұтастай мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте сенаторлар жергілікті биліктердің бюджеттің алым-салықтық базасын дамытуға ден қоймайтындығын ашық айтты. Оның үстіне, «бұл үшін жауапкершілік жүктелмейді» екен. Нәтижесінде, кейбір өңірлер тек республикалық трансферттердің бөлінуін күтіп отырады. Соның кесірінен дотациялық өңірлер қатары артуда деседі. Мұндай масылдықтың кең жайылуына жол бермеу үшін депутаттар Үкіметке жергілікті әкімдерге кейбір салықтарды өзінің жергілікті қазынасына жинап, жергілікті жерді өркендетуге жұмсауына мүмкіндік беру туралы ұсыныспен шықты. Мәселен, кіші бизнестен түсетін салықты жинауды әкімдерге берсе, төл бюджетін молайту үшін ол өз елді мекеніндегі шағын кәсіпкерлер санының өсуіне ынталы болар еді. Бірақ орталық оған да бара алмайтын болып шықты: «Бүгінгі күні бюджет деңгейлері арасындағы салықты қайта бөлу ертерек деп ойлаймын» деп қысқа қайырды С.Ахметов.
Оның орнына ел Үкіметі әкімдердің қазынаны толтыруға деген мүдделілігін арттырудың басқа жолдарын іздеп жатқандығы мәлім болды. «Біз жергілікті әкімдердің экономикалық мүдделілігін арттыру жолдарын іздеудеміз, - деді сенаторларға Серік Ахметов. - Үкіметте, Қаржы, Экономикалық даму және сауда министрліктерінде осы бағытта нақты жұмыстар жүруде. Осы мәселе бойынша бірқатар ұсыныстар ендігі бар. Бұл ұсыныстарды арнайы заң жобасын әзірлеген кезде ескеретін боламыз». Сөз соңында Премьер-министр қандай жағдай болса да, алдағы үш жылда әлеуметтік шығыстар қысқартылмайтындығына сендірді: «Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы және «Нұр Отан» ХДП-ның тұғырнамасы осыны бекітеді» деді Серік Ахметов. Сөзін қорытындылаған Үкімет басшысы республикалық бюджет бойынша белсенді жұмыс жасағандары үшін сенаторларға алғысын білдірді және олардың айтқан барлық ескертулері мен ұсыныстарын Үкіметтің мұқият қарап, ары қарайғы жұмысында ескеретіндігіне уәде етті. Ал кеше Парламент қабылдаған «Ұлттық қордан 2013-2015 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңы арқасында алдағы «Жылан жылы» ел Үкіметі бюджеттің жетіспейтін қаржысының бір бөлігін толтыру үшін еліміздің «мұнай қорынан» 1 триллион 380 миллиард теңге алуға қол жеткізді. Одан әрі де, 2014-2015 жылдары ол Ұлттық қордан тағы жыл сайын 1 триллион 188 миллиард теңгеден алатын болды. Бұл ретте түсіндіре кетелік: қазақ мұнайын шетелге сатудан түсетін түсімдердің барлығы, бюджетке соқпай, Ұлттық қорға барып құйылады, бұл амал ел экономикасын «қара алтын» шикізатына тәуелділіктен құтқару үшін жасалған болатын. Алайда Ұлттық қордан жыл сайын алынатын трансферттер ауқымының азаймауы, керісінше, артуы мемлекеттің бұл тәуелділіктен құтыла алмағандығын аңғартады. Осыған қарамастан, Экономикалық даму және сауда министрі «Қашаған» жобасы іске қосылысымен, Ұлттық қордың қазынасы ақыры 100 миллиард долларға жетеді деген болжамын жариялады. Осы орайда Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев сенаторларға «Қашаған» кен орнынан алғашқы мұнай келесі жылдың сәуір-мамыр айларында алына бастайтындығын хабарлады. Жалпы, әлемдегі ең бір ірі кен орны саналатын «Қашағанды» «құрықтағалы» жатқан консорциум әу баста «игерудің алғашқы фазасын» биылғы желтоқсан айына жоспарлаған болатын. Ол үдеден шыға алмапты. «Енді биыл қол қойылған шартта «Қашағанда» келесі жылдың 1 маусымына дейін алғашқы мұнай игерілуі тиістігі көрсетілген. Біз оның алғашқы мұнайы ертерек, сәуір айына қарай болады деп болжаудамыз. Оның көлемі жылына 13 миллион тоннаны құрайды. Ары қарайғы көлемі келесі фазаны жүзеге асыру барысында анықталады» деді Мұнай және газ министрі.
Айхан ШӘРІП
|