Мазмұнға өту
Обложка сообщества Мемлекет

Үкімет басшысы қызылша ауруының өршуі соңғы 10 жылда болмаған жағдай екенін айтты

Бүгін премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жаңа жылдағы алғашқы үкімет отырысында Қазақстандағы қазіргі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал мәселесі қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты болып қалды. Алдын алу шараларының арқасында 20 аса қауіпті жұқпалы ауру тіркелген жоқ, олардың арасында оба, тырысқақ және полиомиелит бар. Сондай-ақ 39 инфекция бойынша, оның ішінде коронавирус, ротавирус және жіті ішек инфекциялары бойынша сырқаттану азайған.

Ал қызылша ауруына қатысты жағдай керісінше болып тұр. Үкімет басшысы осы дерттің өткен күзден бастап өршіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.

«Өкен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр . Олардың 80 пайызға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар. Екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары. Мұндай жағдайлар қазірдің өзінде тіркеліп отыр», - дейді Смайылов.

Сонымен қатар үкімет басшысы екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары екенін айтты. Дегенмен ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес, мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін.

«Жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – екпе салу. Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін қосымша 1,5 миллион доза вакцина сатып алынды. Осы мақсаттар үшін Үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Алайда, көріп отырғанымыздай, кейбір өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизациямен қамту деңгейі әлі де төмен», — деді премьер-министр.

0
0
214

Осы тақырып бойынша