Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Кешіре білеміз бе?

Біз бәріміз де Алланы мойындадық және де мойындаймыз. Оның бәрімізге парыз қылған амалдары мен сүннәттарын орындаймыз. Жұма сайын жұма намазға мешітке жиналып, жамағатпен намаз оқимыз. Бейсенбіде иіс шығарып, құдайыжолы, бейшенбілік жасаймыз.

Басымызға қиындық іс түссе Алланы ауызға алып, кешірім мен жәрдем тілейміз. Бар жақсылық пен жамандықты алладан деп танып, шүкіршілік жасаймыз. Қолымыздан келгенше қайырымдылық жасауға тырысамыз. Хадистерді оқып, уағыз тыңдап, санамызды зерделеп, иманымызды күшейтіп, сабырымызды ұзақ ете гөр деп Жаратқаннан жәрдем тілейміз. Бір үлкен іс бастасақ құрбандық шалып, Аллаға шүкіршілік етеміз. Бәрі де жақсы ау...Алланың амалдары мен парыздарын орындап жатқанымыз шүкір ау...бірақ, біз бір нәрсеге шамамыз жетпейтін сияқты. Ол - кешірім жасау, кешіре білу. Қаншама жерден алланы мойындағанымызбен, пенде болған соң өзімізге жамандық жасаған адамды кешіре алмаймыз. Ал, мына бір хадисте: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): "Кімде бір мұсылман бауырының өзіне немесе бір нәрсесіне жасаған қиянаты бар болса, динарлар мен дирхамдар табылмайтын күн (ақырет күні) келмей тұрып, одан кешірім сұрасын. Әйтпесе, егер жақсы амалы бар болса жасаған қиянатының мөлшерінде оның сауабынан алынып жәбірленген адамға беріледі. Егер жақсы амалы жоқ болса жәбірленушінің жаман әрекеттері алынып оның мойнына жүктеледі." Яғни, мәселеге нүкте қояр кезде біз адам тағдырынан гөрі дүние мен ақшаны артық көріп, әр нәрсені сылтау етіп оның тағдырына бей-жай қараймыз. Бас ауыртпаймыз. Өзімізден туған бауырымыз бен баламыз жамандық жасаса кешіреміз, ал, сәл басқа адам болса оны не бүк қыламыз, не шік қыламыз. Ал, сонда төбемізден бақылап тұрған Аллаға не амал айтамыз? "Мен емес, өзі ғой. Жәйына қарап жүрсе менің нем бар?" дейміз бе? Мүмкін, Алла тағала сені сол құлы арқылы сынап тұрған шығар? Әнәс (р.а.): «Расулаллаһтың (с.ғ.с.): Аллаһ тағала: Ей, адам баласы! Маған дұға етіп, Менің рақымымнан үмітіңді үзбегенше, күнәларың қаншалықты көп болса да, ешбірін елемей кешіре беремін. Ей, адам баласы! Егер аспандағы бұлтқа жететіндей күнәға батып, Менен кешірім тілесең, жарылқап кешіремін. Ей, адам баласы! Маған еш серік қоспастан алдыма таудай күнәмен келсең, дәл сондай таудай кешіріммен қарсы аламын – деп айтты – дегенін естідім» – деген. Сондықтан, меніңше нағыз өзін мұсылманмын деген жамағат алдымиен КЕШІРЕ БІЛУІ керек сияқты. Сіздер қалай ойлайсыздар?

 
0
0
1309

Осы тақырып бойынша

Кешіре білеміз бе? - Yvision.kz