Кешір мені, бабалар! немесе құйрығы қысқа Одаққа қатысты
Кешір мені, бабалар!
немесе құйрығы қысқа Одаққа қатысты
Толқып жатыр теңіз-көлім, тау-дала,
«Ынжық ел» ертең дұшпан табалар!
Тәуелсіздік түсіп жатыр саудаға –
Кешір мені, батагөйім, бабалар!
Биліктен де ала алмаған бар ақым,
Бүйте берсе, жерім қалмас паналар!
Ми бермеді елді сақтап қалатын
Кешір мені, ғұлама мен даналар!
Кешір! Халқым жарамады мықтыға,
«Отан!» десе, тұла бойы сақылдар!
Жүректің де түгі болмай шықты ма?
Кешір мені, жауға шапқан батырлар!
Құрбаныңмын! Шықшы, жаным, шық, қаным!
Қауіп өзі білдірместен жақындар!
От жалынды жырларыңды ұқпадым:
Кешір мені, азат ойлы ақындар!
«Қарсымыз!» деп бас көтерді жастарым,
Бірақ бізде бірлік жоққа пара-пар:
Демократтың қоса алмадым бастарын!
Кешір мені, ақ сақалды аталар!
Қолды болды сенен қалған мол өлке,
Қолды болды сенен қалған асыл хат!
Келешекке түсіп жатыр көлеңке -
Кешір мені, келе жатқан жас ұрпақ!
Саясатта менің де бар таласым,
Бір білерім: ұлтымсыз мен өспеймін!
Кешір мені, кешір мені, Алашым!
Кешір мені! Мен өзімді кешпеймін!
Бірақ сенем, төгілмесін ащы зар,
Жібермейді Жаратқанның бұйрығы!
Келер-кетер алуан түрлі басшылар -
Бұл Одақтың қысқа, білем, құйрығы!
Білем, әлі халқым күшін жинайды,
Сенем, ертең атар Ұлы таң күліп!
Қазақ елі бір Одаққа сыймайды!
Қазақ елі шынымен де - Мәңгілік!
