Кереку аспанын қазақтың қара өлеңі тербеген күн
Бүгін Кереку аспаны қазақтың қара өлеңімен тербелді... Қалижан Бекхожинның еңселі ескерткішінің аясына жиналған ақындар қауымы ашық аспан астында туған ел, жер жайлы туындыларын оқып, жиылған жұттың ықыласына бөленді. «Сарыарқа самалы» облыстық газетінің қала күніне орай ұйымдастырған поэзия кешіне Кереку өңіріндегі қаламгерлердің жас-кәрісі тегіс жиналды.

Кеш шымылдығында сөз алған күрескер ақын Арман Қани ағамыз, осындай әдеби кештердің маңыздылығын айта кетіп, Павлодар қаласы туралы сиясы кеппеген туындысын тарту етті. Одан бөлек Екібастұз қаласы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жұмағали Қоғамбайұлы да туған жер жайлы жыр шумақтарын қалың көпшілікке ұсынды.

Қала төріндегі жыр кешіне аға буын өкілдерінің ізін өкшелеп келе жатқан жас ақындарда тыс қалмады. Екібастұздан ат артып келген екі ақын Ерболат пен Еламанда бір-бір өлеңнен оқып, тыңдарман жүрегіне жол тапты. Кешке өңіріміздің қанатты жас ақындарының басын қосқан «Алдаспан» жас ақындар клубының мүшелері де қатысты. Досжан Мұратбек Қ.Бекхожин атасының Кереку жайлы туындысын оқыса,Алтынбек Мақсатхан арнаумен кеш шымылдығын ашқан болатын. Бірнеше көркем сөз оқуларының жеңімпазы, "Мұрагер шығармашылық бірлестігінің төрағасы Кәкім Бәкіжан де өз өлеңімен жыр кешінің әрін кіргізді.

Кештің ұйымдастырушыларының сөзінше поэзия кешін қала күні қарсаңында, жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ.
