Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«КЕПІЛДІКТІҢ БІР ҰШЫ МӘСКЕУДЕ ЖАТУЫ МҮМКІН» ЖАС АЛАШқа берген сұқбатым

Әміржан Қосанов: «КЕПІЛДІКТІҢ БІР ҰШЫ МӘСКЕУДЕ ЖАТУЫ МҮМКІН»

Ердің жасы  50 жасқа келдіңіз. Әлеуметтік желілерде Сізді құттықтап, ізгі тілектерін жолдаушылардың саны өте көп. Сераға (Серғазы Мұхтарбек) елуге толғанында «жұрттың жан-жақтан жабылып құттықтауынан, маған айтқан сөздерінен кейін президенттің қалай жарылып кетпей жүргеніне таңғалдым. Айналаң жамырап «сен кереметсің, саған тек жақсылық тілеймін» деп айта берсе, адам кәдімгідей өзгере бастайды екен. Апырай-ә, деп көкірек кере бастадым» деп қалжыңдағаны бар еді. Сол елу жасқа келген Cізде нендей өзгерістер «байқалуда»?

Соншалықты бір өзгеріс бола қалды деп айту қиын болар (күледі).

Дегенмен өтіп бара жатқан өмір адамға күнделікті сабақ беріп отыратынын ескерсек, әрине, елу жастың өзге отыз не қырыққа ұқсамайтын өз сипаты бар.

Ең алдымен, өмірде болып жатқан оқиғаларға басқаша қарайсың. Елудің ерекше және бұрынғыға ұқсамайтын бір жауапкершілігі бар секілді.

Әрине, өткен уақытқа, өзіңнің қазіргі қалпыңа сын көзбен қарауды күшейтесің. Өйткені уақыт өтіп барады, тағы бір онжылдық белестен өттің, ал сенің бітіргенің шамалы дегендей...

Ал өзіңе туған күніңде айтылып жатқан мақтау-мадақтау сөздерге «осының бәрі әйтеуір жылына бір рет сенің көңілің үшін айтылатын жылы сөздер ғана ғой» деген іштей түсіністікпен, философиялық тұрғыдан қарау керек деп ойлаймын. Яғни, «туған күніңде жымиып отырып, риза болып сол мақтауларды тыңда, алғысыңды айт, бірақ сол сөздерге аса сене берме. Қолыңнан келсе, келесі күн ол сөздер туралы мүлдем ұмыт!». Әрине, бұл «мені құттықтағандардың бәрінің сөзіне сенбеймін» деген сөз емес. Бірақ «құттықтау» деген жанрдың өз ерекшеліктері бар ғой...

Қоғамдық саяси іс-шараларда көрінбей кеттіңіз. Антиеуразиялық форумда Сізді іздеп, Сізді сұрағандар көп болды. Қазір қайда және нендей шаруалармен айналысып жүрсіз?

Антиеуразиялық форумның құрылтайшыларының бірі ретінде оның ұйымдастыру комитетінде болдым. Бірақ сол форум өтетін күні алдын-ала жоспарлап қойған, әрі мен міндетті түрде қатысуға тиіс бір шаруалар боп қалғаны. Нақты айтсам, ең жақын туыстарымның ауылда асы берілді. Сол себепті қатыса алмадым. Ол туралы айтып, әріптестерімнің рұқсатын да алдым. Жол жүрер алдында Антиеуразиялық одаққа қарсы ой-пікірімді сол форумның қарсаңында БАҚ-қа жарияладым.

Өткен жылдың наурызына дейін ЖСДП «Азат» партиясының бас хатшысы болып келгенімді білесіздер. Бірақ қазіргі ЖСДП басшылығының біріккен партияға жасаған қарақтығының кесірінен қазір мен ол қызметте жоқпын. Съезге кіргізбей, сыртымнан тон пішіп, қызметті қысқартып жіберді емес пе? Қазір ресми қызметім жоқ, тек қана «талай жыл оппозицияда жүрген Қосанов» деген атым ғана бар (күледі). Ол да, қарап отырсам, жаман емес.

Сондықтан да қазіргі таңда өзімді «тәуелсіз саясаткер» ретінде танытуға тырысып келемін.

Білесіз бе, өмірдегі ең қымбат нәрсенің бірі – тәуелсіздік. Және де ол ұғымның жеке адамға да қатысы бар. Ешкімге жалтақтамай, қоғамда боп жатқан оқиғаларға тәуелсіз әрі мейлінше объективті баға беру, және де кез келген сөзің мен қимыл-әрекетіңді белгілі бір топ не партияның емес, жалпыхалықтық, ұлттық тұрғыдан анықтап отыру – үлкен бақыт әрі үлкен мүмкіндік! Қазір сол мүмкіндіктерді жүзеге асырып келемін. Мамандығым журналист болғандықтан, тұрақты автор ретінде әртүрлі БАҚ-қа жазып жүрмін. Яғни, өкіметтің күнделікті қабылдаған шешімідеріне өз ойымды білдіріп, жақсы болса, жақтап, жаман болса, сынап, ағартушылық қызметпен айналысып жүрмін деп айта аламын. Өмірбаяндық сипаты бар бір кітапты да бастап қойғанмын. Жалқаулық құрғыр бітіртпей жатыр соны...

 

Жеке партия құру ойыңызда жоқ па?

«Жоқ!», « Ешқашан!» деп, кесіп-пішіп, Сізге өтірік айтпай-ақ қояйын.

Шынымды айтсам, ондай ұсыныстар бұрын да болған, қазір де бар. Әсіресе, жергілікті жерлерден, ауыл-аймақтан «партия құрыңыз, біз қолдаймыз» деушілер көп. Бірақ «Арық айтып, семіз шық» дейді қазақ. Оның үстіне республикалық деңгейде саяси ұйым құру – оңай шаруа емес. Оған тек қана идеялас қолдаушылар ғана емес, ең алдымен, қыруар қаржы қажет. О жағын да мықтап ойластырып алу керек... Оның үстіне «Қосанов құрған партияны билік тіркей салады» екен деп мен де өзімді алдап жатқан жоқпын. Яғни, партия құру туралы мәлімдеме жасардың алдында жақсылап дайындық жұмысын жүргізу қажет, ең бастысы, ертең өзіңді қолдаған адамдар опық жеп немесе сенен түңіліп қалмауы үшін алғышарттар жасап алу керек.

Әйтпесе, өзінің ел алдында беті ашық, билікпен ауыз жаласпаған, халықтық мәселелерді ашық айтып, ұтымды қорғай алатын, оның ішінде, ұлттық мәселелерді терең талдап, түсініп, тегеурінді түрде қолдай алатын мықты бір партия қазіргі қоғамға ауадай қажет боп тұр! Мәселе пісіп тұр!

Және де мен әлі де болса, Қазақстан оппозициясының нақты түрде бірігуін қолдап, сол үшін күресіп келе жатқан адам ретінде «жеке партия құруым осы бірігу процесіне теріс әсер етпей ме?» деген сауалды да өзіме қойып келемін. Саяси бағдарламалар емес, жеке тұлғаларға негізделіп қалған біздің саяси өмірде о жағын да ұмытпау керек

Қазақстанның қазіргі оппозициясыз қоғамы туралы не айтар едіңіз?

Меніңше, «ЖСДП «Азат» немесе басқа партиялар өз жұмысын тоқтатты, сондықтан оппозиция елде жоқ» деп айту қисынсыздау болар. Партия ол – тек қана сол саяси идеяны білдірудің, нақты қимыл-әрекет жасаудың бір формасы ғана. Ал оппозициялық рух дегеніңіз одан анағұрлым ауқымды түсінік һәм құбылыс. Кейде ол бір партияның шинеліне сыймай кетуі де мүмкін. Бәлкім, болашақ біріккен ұйым партия емес, қозалыс болуы мүмкін.

Билік болған соң оған сыни пкірі айтатын, балама бағдарламалар мен нақты ұсыныстар ұсынатын ұйымдар мен тұлғалар болады. Міне, оппозиция дегенім сол. Осы тұрғыдан алғанда, елдегі қоғамдық өмірде кең платформаға негізделген, әртүрлі ұстаным ұстанса да, елдегі жағдайды өзгертуге, халықтың қамы тұрғысынан саясат жүргізуді басты бағыт етіп белгілеген оппозиция бар.

Әрине, осы оппозиция біріксе, немесе тұтас бір ұйым боп қимыл-әрекет етсе, нұр үстіне нұр, «Нұротанға» зіл болар еді. Бірақ, әр бірігудің өз кезеңі болады. Біз қазір бірігу идеясының тоқырап қалған тұсында өмір сүріп жатырмыз: демократпын деп жүрген біраз адам абыройдан айрылып қалды, кейбірі өз еркімен кетті дегендей...

Бір нәрсе айқын: алда келе жатқан парламент және президент сайлаулары билікке наразы күштердің бір ұйымға бірікпесе де, өзара келісімге келіп, бірлесе жұмыс атқаруына, соның ішінде, сол сайлауларда бірігіп, ортақ тізім мен ортақ кандидаттарды ұсынуға мәжбүрлейді. Өз басым соған сенемін. Әрі сол кезеңге дайындалып жүрмін. Және басқаларды да соған шақырамын.

Ең басты саяси диагноз мынау: 23 жыл бойына өзгермей келе жатқан биліктің уақыт өткен сайын жіберген кемшіліктерінің тізімі де ұлғайып бара жатыр. Тазартылмаған Авгий атқорасы секілді! Иісі мөңкіп жатса да, биліктің мұрны оны сезбейді. Өзі өзгермеген соң ол билік қоғамды да өзгерте алмайды! Сондықтан да оның  саясатына наразы күштер күн сайын көбеәе береді. Ол дегеніңіз -  оппозициялық пікірлер алаңы да кеңейе түседі деген сөз.

Саясаткер Әміржан Қосановтың оппозицияға дейінгі және кейінгі  ұстанымдарында өзгеріс болды ма?

Өзіңіз білесіз мен 1997 жылға дейін билікте болдым. Жастар ісі, туризм және спорт министрінің орынбасары, Үкімет баспасөз қызметінің жетекшісі дегендей.

1998 жылы Әкежан Қажыгелдин және басқа әріптестермен бірге оппозициялық РНПК партиясын құрдық, кейін сол партияның Атқару комитетінің төрағасы болдым.

Өз басым сол кезде қоғам мен билікті жаңарту, елде әділеттік орнату, азаматтық бостандықтарды дамыту туралы айтқан негізгі принциптерден еш айныған жоқпын.

Бірақ та уақыт өткен сайын адам да өзгеріп отырады ғой. Ұстанған позициясына да білгілі бір түзетулер енпі отырады. Өйтпесе даму тіпті болмайды ғой.

Біріншіден, сол кез бен қазіргі кезеңді салыстыруға мүлдем келмейді. Ол кезде оппозиция жағына шығып, жиналысқа қатысып, қолдау көрсетудің өзі сөзсіз әрі көзсіз батырлық болатын! Сондықтан да жиындарға қатысушылардың саны көп бола қойған жоқ. Қазір болса, қоғамның көзі біршама ашылған кез. Соншама жыл саяси кұресте жүріп, өз позициясынан тайқымаған азаматтар, қуғын-сүргінге қарамастан шығып жатқан тәуелсіз басылымдар, соңғы кезде әлеуметтік желілер – осының бәрі шын мәнінде ағартушылық қызмет атқарды. Бұл дегеніңіз үлкен жетістік!

Екіншіден, саяси күрестің стратегиясы мен тактикасы болады. Ол әр кезеңде әртүрлі болуы мүмкін.

Мәселен, меніңше, қазір Қазақстан оппозициясы Назарбаевтан кейін бас биліке келуі мүмкін мұрагердің саяси аренаға щығуына мықтап дайындалуы керек! Қазіргі күн тәртібінлегі басты мәселенің бірі осы! Егер де сондай бір адамның аты аталып, билік оны таққа отырғызғысы келсе, оппозиция не істемек? Ол қандай адам болады? Ол қоғамды біріктіре ала ма?

Бәлкім, билік маңындағы бірнеше клан өзара келісім жасар. Ал алуан пікірлі қоғам оны қолдай қоя ма? Осынау жауапты кезеңде саяси оппозиция нендей позиция ұстануы тиіс? Баршамыз бірігіп, келелі кеңестен соң, ортақ позиция ұстанамыз ба әлде ырду-дырду боп, бір-бірімізді съездерге кіргізбей, құр босқа салпаңдап жүре береміз бе? Міне, қазір өзін «оппозициямын» деп жүрген кез келген жауапты адамға жүктелер міндет осы. Және де осы бір сыни шақ саясаткердің шынайы бет-әлпетін ашып береді!

Жеке басымдағы өзгерістерге келетін болсақ... Әрине, осы кезге дейін жасаған қателіктерім де болды. Тұрмыста да, қоғамдық өмірде де.

Қоғамдық тұрғыдан алғанда, кезінде құрылған мықты саяси ұйымдарды – РНПК, Демократиялық күштердің форумы, ДВК, Ақжол, ЖСДП  «Азат» - мейлінше ыдыратпай сақтап қалу керек еді ме деп ойлаймын. Және де осы ұйымдардың бірқатарында жүрген кезде қасымдағы әріптестерге бірігу идеясы тұрғысында мейлінше талапшыл боп, «қатып қалу» керек пе еді деп те ойлаймын.

Сол қателіктерді, әрі бойымдағы кемшіліктерді одан сайын түсіне бастағаным – сол өзгерістердің бір нәтижесі болар (күледі)

«Азат» ЖСДП-ның бас хатшысы болдыңыз. Кезінде мықты оппозиционерлердің басын қосқан ол партия туралы бұл күнде жұрт та ұмыта бастағандай. «Азат» ЖСДП-ның осындай қысқа ғұмырын қандай себептермен байланыстырасыз?

Ол біріккен партияның ыдырауының үш себебі бар.

Біріншіден, осыншама мықты ұйымдық деңгейде Қазақстан оппозициясы бірігуінен биліктің өз шошып кетті. Алда маңызды саяси науқандар тұр. Мұрагер, сайлаулар дегендей. Ондай кезде оппозицияның бір партияға бірігуі «Нұротан» үшін ең басты қауіп! Сондықтан да билік ол партияның атын тіркемеді.

Екіншіден, біріккен партияның ыдырауына ЖСДП партиясының қазіргі басшылары ықпал жасады. Яғни, «ортақ атты тіркемеді, сондықтан бөлек жүруіміз керек» деп, іргесін ала қашты. Егер де ол азаматтар оппозиция тағдырын ойлағанда, екі партияның ортақ съезін жасап, сонда: «ортақ атауды тіркемей жатыр, не істейміз?» деп, қатардағы мүшелерінен сұрап, олармен ақылдасып, шешім қабылдағанда, бәрі дұрыс болар еді. Бәлкім, екі партия – ЖСДП мен «Азат» қазір бір ұйымда болмаса да, бөлек жүріп, бір-біріне қолғабыс жасап жүрер еді! Дәл қазіргідей өзара қырғиқабақ соғысы болмас еді. Міне, осындай мүмкіндікке ол «саяси сепаратистер» жол бермеді.

Үшіншіден, менің де жеке бастық кінәм бар. Сол партяиның Бас хатшысы болып жүріп, осы мәселеллерді тігінен және де ашықтан-ашық қою керек еді. Мен болсам, партия басындағы азаматтар дәл осылай жасайды деп ойламаппын... Кінәм сол.

 

Еліміздің сыртқы және ішкі саяси жағдайы туралы сіздің берер бағаңыз қандай?

Бұл өзі үлкен сауалдар. Қысқаша жауап берейін.

Ішкі саясаттың басты сырқаты мынау: ол мемлекеттің түпкілікті мүддесі тұрғысынан емес, бір адамның саяси болашағын қамтамасыз ету тұрғысынан жүргізіліп келеді! Ол мүлдем дұрыс емес! Өйткені ертеңгі күні қазіргі президенттің орнына басқа біреу келсе, онда бүкіл ішкі саясат қайтадан құрыла ма?!

Ішкі саясатта субъективизм, волюнтаризм көп. Өйткені, ол ел ішінде боп жатқан процестерді терең әрі әділ зерттеудің негізінде жүргізілмейді. Мәселен, бізде осы күнге дейін көпшілік сене қоятындай бір де бір социологиялық орталық жоқ! Мемлекетттік органдардың ресми мәліметтеріне ешкім де сеніп жатқан жоқ.

Ішкі саясаттың тағы бір осал тұсы: қоғамда мейлінше кең қанат жайып бара жатқан ұлттық қайта өрлеуді білдіретін зор қозғалысты елеп-ескермеу, керісінше, оның дамуына, өркениетті түрде аяққа тұруына кедергі жасау. Меніңше, билік керісінше жасауы тиіс, яғни ел ішінде өркендеп келе жатқан осы үдерісті Қазақстанның Тәуелсіздігі үшін күрес жолында өзіне қолдаушы күш ретінде пайдалануы қажет! Олай етпеуіне қарағанда сол Тәуелсіздік үшін күрес дегенді биліктің өзі іштей қабылдамай отырған болар.

Сыртқы саясаттың да сырқаттары осыларға ұқсас.

Оған қосарым мынау: біздің сыртқы саясаттың нақты бір алға қойған мақсаты жоқ сияқты. Айналаға қарайық, ғаламдық өзгерістер болып жатыр. Әлемнің геосаяси архитектурасы қайта жасалып жатыр. Дипломатия жаңа заманға лайық кейіпке ие болып жатыр. Ал біздің сыртқы саясатқа жауапты мекемелер құдды бір кешегі Мәскеу өктемдігінен шыға алмай келе жатқан Совет Одағының 15 республикасының бірі секілді қимыл жасайды, дауыс шығарады!

Керісінше, сыртқы әлемде боп жатқан қилы да қиын өзгерістердің алдын алып, оқиғалардың соңында салпақтап жүрмей, керісінше, күн тәртібіне қойылар мәселелерді өздері анықтап, мейлінше талапшыл әрі басқалар санасатындай тегеурін көрсетуі тиіс деп ойлаймын. Бірақ, меніңше, Ақорданың өзі ол мекемелерге ондай талап қойып жатқан жоқ сияқты...

Саясаткер ретінде ел тәуелсіздігіне төнген қауіп-қатер деп нақты қандай саяси қадамдарды айтар едіңіз?

Ондай қауіп-қатер көп қой. Мен олардың төртеуін ғана атайын.

Бірінші қауіп – жемқорлық! Оның әртүрлі аспектісі бар: ауылдағы әкімсымаққа бір анықтама үшін берер парадан бастап геосаяси шешімдер қабылданып жатқан кездегі геосаяси сипаттағы, трансұлттық жемқорлық. Ар жағын тарқатпай-ақ қояйын!

Екінші қауіп – билік басында отырғандардың көбісінің шынайы патриотизмінің жоқтығы! Мемлекетті құдды бір космополиттер басқарып отырған секілді! Ел экономикасы мен саяси тәуелсіздігіне теріс әсер етер шешімдерді дайындайтын нақ сол шенеуніктер емес пе? Неге солардың ең болмаса біреуі шығып: «Мына бір шешім ертең Қазақстанның тәуелсіздігіне өз кесірін тигізуі мұмкін. Сондықтан мен бұл мәселені қолдай алмаймын! Қызметтен кетсем, кетейін, бірақ еліме, ұлтыма қарсы әрекет жасай алмаймын!» деп орнынан тұрып, кетіп қалмайды?! Сол туралы ойланып көрдіңіз бе?

Үшінші қауіп – біздің айналамызда. Қытай мен Ресей секілді екі алпауыттың арасында өмір сүріп, шынайы Тәуелсіздікті сақтап қалу оңай емес. Сондықтан да әзірше ешбір одаққа кірмей, барша көрші-қолаңмен, алыстағы әріптестермен тең терезелі қарым-қатынасты дамыта беру керек. Өкінішке орай, біздің билік бұл бағытта біржақтылыққа ұрынып отыр.

Соңғы, төртінші қауіп - өзімізде. Яғни, қоғамда: «Тәуелсіздік үшін тек қана қоғамға аты шыққан пәленше мен түгенше күресуі керек. Біздің оған қатысымыз жоқ. Наразылық акциясына да солар шықсын. Қамалса солар қамалсын. Менің онда шатағым жоқ» деген пиғыл орныққанын ешкім де жоққа шығара алмайды ғой. Жайлы үйінде жұмсақ диванда жатып алып өз еліңнің Тәуелсіздігін қорғай алмайсың, ағайын! Билікті не оппозицияны сынау – оңай, ал өзіңнің жеке басыңды сынап, нақты қимыл-әрекетке бару – қиын!

Саяси көзқарас тұрғысынан Қазақстанның ендігі жиырма жылын қалай елестетесіз?

Футурология деген ғылым бар, яғни болашақты болжайды. Бірнәрсенің келешегін болжау үшін орныққан әрі бұлжымайтын заңдар мен заңдылықтар болу керек. Соларды негізге алып, болжама айтуға болады. Ал бізде 20 жылды айтпағанда, ертеңгі күні не болатынын ешкім білмейді! Біз – болашағы бұлдыр мемлекетке айналғалы қашан! Бір ғана уәж: билік елдегі барлық жетістіктерді «бәрі осы кісінің арқасында» деп қазіргі президентпен байланыстырады. Ал ертең ол кісі болмаса ша? Кіммен немесе немен байланыстырамыз өз жеңістерімізді?

Сондықтан мен сіздің бұл сұрағыңызға жауап бере алмаймын.

Әрине, мен болашақта елімізді шын мәнінде тәуелсіз, экономикасы дамыған, елдің әл-ауқаты бай, айналасы тыныш мемлекет ретінде көргім келеді. Бірақ армандау бір бөлек те, нақты реалистік ахуалға қол жеткізу – бір бөлек.

Мені 20 жылдан кейінгі ел жағдайымен бірге «бір күні президентпен алда-жалда бір нәрсе боп қалса, мемлекеттің жағдайы не болады» деген сауал тоғандырады. Сол мәселені шешудің алғышарттарын қазірдің өзінен бастап жүргізу керек. Ерте ме, кеш пе, бәрібір орын алатын жағдай ғой...

Саясаттың бел ортасында жүрген адамда өкініш те, үміт те, түңілу де, жетістік те, жеңіс пен жеңіліс те болары заңды. Сізде осылардың қайсысы көбірек және басымдау болды?

Кез келген жұмыр басты пенде секілді менде осы Сіз айтқан сезімдердің бәрі бар! Адам болған соң, бәрі болады. Өз басым өзін мінсіз, ешбір кемшілігі жоқ адам ретінде көрсеткісі келетін саясаткерлерді, немесе басқа да танымал адамдарды түсінбеймін. «Идеальный» немесе төрт құбыласы түгел, уайым-қайғысызы адамдар болмайды. Менің де бір адамға жетерлік кемшіліктерім мен проблемаларым бар. Оның қайсысын айта бересің? Ең бастысы – өзіңнен басқа ешкім саған көмектеспейді. Ең бастысы – ешкімнің ала жібін аттамау, біреуге арамдық не жамандық жасамау. О жағынан менің арым таза. Соған ризамын.

Еуразиялық одақтың құрылмауы мүмкін деген болжам бар. Үш елдің экономикалық одағы сөз жүзінде қалуы мүмкін бе?

Меніңше, Украинадағы жағдай, ондағы Ресейдің басқыншы саясаты «өз жемісін» беріп жатыр.

Мәселе – Батыс елдерінің, Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге жасап жатқан экономикалық санкцияларында жатыр. Ол санкциялар, сөзсіз, Ресей экономикасына теріс әсер етеді, онсыз да 1 пайыздық өсуге де жете алмай жатқан, стагфляцияға ұшыраған ол экономиканы бұл қатты шаралар одан сайын әлсіретеді. Ал Қазақстан мен Беларусь экономикалары Ресей экономикасымен Кеден одағы аумағында тығыз байланыста болғандықтан, ол санкциялардың салқыны бізге де тиюі әбден мүмкін.

Сондықтан да қазір Ақорданың қолында Еуразиялық одақтан уақытша болса да бас тартуға мүмкіндік беретін мықты бір «көзір» бар. Яғни, Кремльдегілерге: «Сіздерге қарсы жасалып жатқан санкциялардың артын бағайық. Сіздермен бірге құрдымға кетіп қалмау үшін, одақты құру үдерісін тоқтата тұрайық» деп, қазақша айтқанда «сыпайы» «давай, до свидания!» деуге әбден болады.

Бірақ, қайдам, уақыт өткен сайын Ақорда Кремльдің қойнына кіріп, одан бетер біте қайнасып бара жатқан секілді.

Оның үстіне Еуразиялық Одақты құрудың бізге әзірше беймәлім тағы бір тұсы болуы мүмкін.

Қазіргі президент үшін ең басты мақсат – ертеңгі күні өзінің отбасына, үрім-бұтағына қол тимеуге кепілдік беретін өзінен кейінгі билік жүйесінің негізін қалау. Ал осы  кепілдіктің бір ұшы Мәскеуде жатуы мүмкін. Олай болса, 74-тегі Назарбаевтың билікте әлі де оншақты жыл отыруға бел буған 61-дегі Путинге күні түсіп тұрған жоқ деп кім айта алады? Міне, гәп сонда болуы мүмкін...

Әңгімелескен Меруерт Хусаинова

0
0
647

Осы тақырып бойынша