Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Кененнің кемер белдігі

Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен ауылында Қазақстанның халық ақыны, әнші-композитор Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын облыстық партия комитетінің бюросы және облыстық атқару комитетінің қаулысымен 1981 жылы наурыз айында ашылған.
Мекеме директоры Марат Оспановтың айтуынша, мұнда 80 жылға уақыт қолынан қара домбырасын тастамай, туған халқына қызмет еткен біртума өнер иесінің өмірі мен шығармашылығына қатысты төрт мыңға жуық жәдігер сақталған. Солардың ішінде келушілердің көзіне оттай басылатыны - бозбала Кененнің қырғыз манабы Шабданның асында сыйға алған кемер белдігі.

Кенен Әзірбайұлының қой соңында жүріп шығарған «Ри, қойым», «Көк шолақ» сынды тырнақалды туындылары оның атын ауыл-аймаққа ерте таныта бастайды. Он бір жасында шығарған «Бозторғай» әні шынашақтай ұлдың атын тіпті аспандата түседі. «Кедейлігі болмаса, өзі өнерлі-ақ» дегендердің тамсанысы ауыздан-ауызға тез тарап кетеді. Ел ішіндегі гу-гу әңгіме жақсының жайын білетін сол аймақтың болысы Еркебайдың да құлағына жетеді. Сөйтіп, бір аймақтың биі «алдыма келсін» деп кісі жібертпей, қасына шабармандарын да ертпей, жалғыз өзі атына мініп, қой бағып жүрген әнші баланы іздеп шығады. Ол кезде Кенен ақын бар болғаны он жетінің үстінде, әлі он сегізге тола қоймаған кезі көрінеді.
Бұл оқиғаны ақынның қызы Төрткен апа былайша өрбітеді.

- Бір күні атамның қой жайып жүрген жеріне бір кісі атпен келе жатады. Алғашында «әкем бе?» деп ойлап қалады да соңынан ол кісі емес екендігіне көз жеткізеді. Жалғыз жолаушы қасына жақындап келіп, сәлем береді. Өңі жылы шырайлы, сүйкімді екен. Атамның жүрегі өз-өзінен атша тулап, қалбалақтап жүгіріп барып, қолын алады. Әлгі кісі «Көк шолақ, Бозторғай» деген ән шығарған қойшы бала Кенен деген сенсің бе?» деп сұрайды. «Иә, ағатай, Кенен деген мен едім» деп жауап береді. «Онда бүгіннен бастап қойды тастайсың. Әкеңнің келісімін алдым. Мен Еркебай деген ағаң боламын. Осы аймақтың болысымын» дейді. «Шынымен-ақ қойдан құтыламын ба?» деп, сенер-сенбесін білмей қалшиып тұрған әкемді алды-артына қаратпай, атына мінгестіріп, алып кетеді. Еркебай үйіне келген соң, атамды тамаққа тойдырып, үстіне таза киім тіккізіп, астына ат мінгізіп, біраз баулиды. Кедейліктің зардабын әбден тартқан қойшы бала ұзын бойлы, жіңішке сұлу жігіт болып шыға келеді. Арада біраз уақыт өткенде болыс шақырып алып «Өлеңіңді жұптай бер. Жақында қырғыздың Шабдан деген атақты манабының асы болады. Онда қырғыз-қазақтың белгілі әнші-күйші, ақын-жыршы, жыраулары шақырылады. Сені сол асқа ертіп апарамын» дейді. Айтқанындай-ақ, бірнеше күннен кейін Еркебай әкеме жорға мінгізіп, торқа кигізіп, қолына жаңа домбыра ұстатып, жанына ертіп шығады. Содан бірнеше күнге созылған палуан күрес, ат жарыстан кейін кезек әнші-жыршыларға да келеді. Ортаға шыққан әкем домбырасын басынан асырып, құлағын Сарыбас ұстазынша бұрап-бұрап алып, бар дауысымен аруақ шақыра айқайлап алып, енді өлеңін айтайын десе, аузына сөз түспейді. Сел-сел болып қара терге малынып, көзі түк көрмей, ұяттан өртене жаздайды. Жан-жағындағылар «Ештеңе емес, қайта шырқа, қарағым дауысың жақсы екен» деп айғайласып, қошеметтеп жатады. Бар күшін жинап алып, тағы бір талпыныс жасайды, бірақ онысынан тағы түк шықпайды. Көпшілік «Ер кезегі үшке дейін деген, шырағым. Қайта айт. Жас қой әлі, тағы да айтсын!» деп қаумалайды. «Иә, абырой бер, Құдай! Мені Еркебай қой жайып жүрген жерімнен сонша салмақтап алып келгенде, масқара қылма!» деп ішінен Сарыбасқа, Сүйінбайға, тағы басқа өзі білетін аруақтарға сыйынып, үшінші қайтара айқайлағанда барып, аузына мына өлең түседі.
- Мен өзім Дулат деген елден келдім,
Көл Қопа, Қордай деген жерден келдім.
Жас бала, жаңа талап мен бір қойшы,
Туғалы мұндай жиын көрмеп едім.
Кебекбай, Жолбарыс, Ноғайбай,
Ақын болмақ оңай ма-ай.
Мен өзі інісі едім Сарыбастың,
Он жаста ел тойына араластым.
Өлерде мені Сарыбас шақырып ап,
Тапсырған аманат қып домбырасын.
Көпшілік көрсін әнімді-ай, - деп әуелете жөнеледі.
Сілтідей тынған ел риза болады. «Айналайын-ай, қысылып қалған екен ғой» деп даурығысады. Жастығын ескеріп, ақ жол тілеп, басқа да жеңімпаздардың ішінде әкемді де атап, күмістен соғылған кемер белдік сыйға тартады, - дейді Төрткен Кененқызы.
Мәртебесі үстем болған дарынды жасқа осы жиынға арнайы келген өлең-сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевпен кездесудің бақыты бұйырады. Алпысты алқымдаған ақынның алдында әдеппен тізе бүгіп, қолын төсіне қойып сәлем береді. Сәлемін ықыласпен алған Жамбыл жылы жүз танытып, «Қарағым, қай баласың?» деп сұрайды. «Мен өмірде өнер қуып жүрген жас бала едім. Бата беріңізші, ата!» дейді. Сонда жыр алыбы:
- Кешегі анау бозүйден,
Шыққан дауыс сен бе едің?
Бөдене мен тұрымтай,
Бұққан дауыс сен бе едің?
Бүркіт болсаң, боларсың,
Үлкен екен шеңгелің.
«Кенен-Кенен» деп жүр ғой, елдің бәрі,
Осы тойға жиналған жас пен кәрі.
Сәлем берсең, қарағым, бақытты бол,
Бабалардың балаға көшкен нәрі.
Ақындық Ораздан да үзілмеген,
Сарбас, Әлмен ақынды кім білмеген?
«Бабаның батасынан» деген нақыл,
Жас жүйрікті жарамас тізгіндеген.
Құдай сені сақтасын кесірінен,
Жар бағатын жапалақ, құзғын деген.
Досың болсын Алатау аспанында,
Қыран құстай шырқағын қызғынды өлең,
Аумин! - деп бата береді.
Осыдан кейін қатты риза болған Еркебай Базарұлы ақынды біржола қойдан құтқарып, таза әншілік, ақындық жолға бағыттайды. Ал Кенен ата кемер белдігін үнемі тастамай, беліне байлап жүріпті. Көзі тірісінде анда-санда «өзі тозайын деп қалды» деп, балаларына шешіп көрсетеді екен. Бұл жәдігер қазір Кенен Әзірбаевтың мұражай-үйінде ерекше күтіммен сақтаулы тұр.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

P.S: Мақаланы даярлау барысында үлкен көмек көрсеткені үшін ақынның мұраларын көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап жүрген Төрткен Кененқызы мен Жамбыл облысы, Қордай аудандық Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражай басшылығына және қызметкерлеріне үлкен ризашылығымызды білдіреміз!

1
1
2215

Осы тақырып бойынша