Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Әкемнің жалғыз жұлдызымын»

Қазір сағат төрттен сәл-ақ асқан уақыт. Таңның бозарып барып атар шағы басталғалы тұр. Кірпік іле алмадым. Не бір ойлар-теңіз толқынындай тербеп әкетіп барады. «Әрбір қағазға түспеген ой, жоғалған қазына»,- демей ме? Мен сол ой қазынамды жоғалтпай, қорытып, қағаз бетіне түсіріп отырмын.

Бұйырса алты күннен соң он тоғыз дейтін жастың көжесін ішпекпіз. Осы он тоғыз жыл бойы арқамды кеңге салып, ішіп-жер, киер-киіміме деген ешқандай мәселем болмады. Қалаған мақсатыма еркін қол жеткізе білдім. Арқа сүйеп сенер, мені қолдар адамым мен үшін «мықты» болды. Ол менің асқар таудай әкем. Мен өзімді «Әкемің жалғыз жұлдызымын» деп есептеймін...
Кішкентайымда Шалқарда тұрдық. Папам әр күні жұмыстан келгенінде «Kinder» шоколоадын, әр ай сайын сок пен алма әкеліп беріп тұратын. Бірде сол бір алманы өзімше бөліп жемек болғанымда қолымды кесіп алғаным есімде. Қазірде есейіп кеткесін базардан бірдеңе әкеліп беруін сұрауға да ұяламыз. Бірде мама ««Папам алма мен банан ала келсінші»,- деп Ырзагүл сұратып жатыр»  деп қоңырау шалды.  Папа менің бананды жақсы көрерімді біледі. Содан 2кг.банан мен  1кг.алма әкелді. Маманың сондағы айтатыны, «Қызына көптеу әкеліп беріпті» деп.

Кішкентай күнімде қуыршаққа киім тігу, оған арнап көрпе-көпшік дайындау дегенге қызығатынбыз. Бірде папа жемпірінің жеңін қысқартып отырғанда байкамай жердне ине қалып қойыпты. Мен су ішуге бара жатып басып кеткенде әлгі ине өкшеме кіріп кетті. Мен бақырып жылап жатырмын. Мама асып-сасқанынан атауыз таба алмай жүр. Ине болса жылжып кіріп барады. Папаның шапшаңдығынан өкшедегі инені тісімен суырып алған болатын.
Балалық шағымда ер балаша өстім. Әкем үшін ұл да, қыз да болдым. Үй салып жатқанында қасынан қалмайтынмын. Саман басуға барғанда сол саманның суына түсіп те кеттім. Соның бәрін ойлап отырсам «кішкентай күнімдегі жыбырлақтығым ба не тентектігім» деп ойлаймын.
Әкем таңертең жұмысқа барарда ұйықтап жатсам, қайтар уақытын ойын баласы болсам да біледі екем. Үстімде сары тоқыма көйлегім, қолымда қызыл көрпешем. Велосипедпен келе жатқан папаны көре сала «Тоқта, тоқта» деп айқайлап, барымды салып жүгіріп барады екем. Ал егер бір адым алға аттаса кез-келген жерге отыра қоямын. Кері екі не үш адым аттатпай орымнан қозғалмайтын көрінемін. Қырсықтық қайда жатыр десеңізші... 
Папамды бірде туысқан Зинулла деген ағасы үйінің шаруасына қолғабыс беруге шақырыпты. Мені де қалдырмай ала кеткен. Жазғы мезгіл, қауын - қарбыздың маусымы. Зинулла аға үлкен қарбызды тілді. Сол ағаның үй іші мен және папам бәріміз жедік. Мен болсам сол орыннан тапжылмастан әлгі қарбызды жей беріппін. Қайтар уақытта папа «Ырзалөк, түрегел, қайттық» десе, орнымнан қанша оқталсам да қозғала алмаппын. Сонда тойғанымды білмей жей бергенмін бе?! JҮйге мені арқалап қайтыпты... Той-томалақтан, қайтарда «жаяу жүрмеймінге» салып әкемнің арқасына мініп қайтады екем. Мені 6-7 жасқа дейін арқасынан түсірген емес. Қазіргі таңда арқасына салып арқаламаса да, әкелік арман тілегін, арқасына емес, «жүрегіне арқалап жүр» деп есептеймін. Ол менің бала күнімнен әлденеше есе рет ауыр және жауапты.
Әке ұлағатының берген тәрбиесін үш мектеп те бере алмайды. Менің азды-көпті жетістігіме қуанатын папам. Қуанышын сөзбен жеткізбесе де, көзбен жеткізеді. Оны менің балалық көзқарасым аңғарып тұрады. Масайрап кетпестігім үшін бетіме мақтап көрген жоқ. Тауы шағылмасын деп қол көтермек түгел дауыс көтерген де жоқ.  Саналы етіп, өмірге деген түзу әрі шынайы көзқараста етіп тәрбиеледі. Соның арқасында көп жағдаятты көзі мен қабағынан ұғып тұрамын.
Әкем туралы ойлар да, естеліктер де өте көп. Қысқарта келіп, осы тұста қайырсам ба деймін. Тек аздаған «жүрегімді тербеткен сол бір сәттер-ай» дейтін еріксіз жанарыма жас үйіртер кезеңдерден...
Шамамен 2006жылдың қыс айлары. Папам тұмаудан асқыну беріп қатты бір ауырып қалған. Әке сөзі оқ, шеше сөзі боқ дегендей кейде есерлікпен сөздеріне құлақ аспай, не есімізден шығып кетіп жатады. Сондай бір сәтте мама папаға «Қызыңа «қой » деп айтсаңшы әкесі болып. Қырсығып мені тыңдаудан қалды. (мама маған назарын бұрып) Әкең ауырып жатыр, Түсінсейші» деді. Папа сол жатқан қалпында, ұстамды түрде «Менің қызым үлкен болды ғой. Ақылы көп» дегенде жылап жібердім. Папа жасымды қолымен сүртіп, «Шешеңді тыңдасайшы. Қой болды, жылама» деді.
Өткен жылдың күз айы болатын. Марқұм Қонысбай аға «Ырзагүл, ал құтты болсын! ҰБТ-ыңды аман-есен тапсырып, Университетте өзің қалаған мамандығың бойынша оқып жатыр екенсің. Әкең сені айтып аузынан тастамай жүр. Сабақтарыңды жақсы оқы»,-деп арқамнан қақты. Әке үміті, әке сенімі дейтін үлкен бір құдірет бар. Сол әке сеніміне селкеу түсірмесем деген пікір мен серт қалыптасты.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында әкем туған мекенге бардық.  Өте зор әсерде болып қайттым. Соның бірі тікелей папаға қатысты. Класстастарын ағасының үйіне шақырып, дастархан жайған болатын. Сонда көбі отбасы жайлы сұрады. Маманың Ақтөбеде қалғанын, мені ертіп әкелгенін айтты да, дауыстап шақырды. Қонақ бөлмеге кіргенімде «Құдайдың бергені болды және алғаны, алғанынан сол қалғаны осы жалғыз қызым»,-дегенінде қандай күйде болғанымды сезсеңіздер ғой. Сөзбен айтып жіткізе алмаймын. Бұрын соңды мұндай сөзін мүлде естімегем. Әлі күнге құлағымда жаңғырып тұр. Іс-сапарға кеткенде сағынған күндері осы сөзін оңашада ойға алсам жанардың жасын іркіп қалу мен үшін қиын.
Жалғыз өссем де көпшіл тәрбиелендім. Бірақ «әке махаббаты» дегенді бөлісіп көрмедім. Бөліскім да келмейді. Інісінің балаларының бірі «папа» дегенде іштей қызғанып тұрамын.
Көпшілік пікір мен сыртқы көзқарас менің әкеме «қатаң» деген пікір айтады. Өзгелерге қайдам, өзіме олай көрінбейді. Бәлки азаматтыққа тән қатаңдық бар болса болар, ал әкеге деген қатаңдық емес, «әкелік тәрбие» басым деп ойлаймын.
Қасқыр да өз күшігін аман сақтау үшін тістеп қорғайтынындай кейде өмірде болып жатқан келеңсіз жағдаяттарды мысал етіп айтып қалғанда үстіңнен салқын су құйып жібергендей боласың. Бұрындары көтере алмай, іштей реніш танытатынмын. Қазір ол сөздердің өзінің орынды екенін ұғынғандаймын.
Алладан жатсам-тұрсам тіленерім ата-анамның амандығы. Солардың маңдайларына шаң тигізбеу...
Көпшілік жұртта белең алған «қан қысымының жоғарлауы» менің әкемді де айналып өтпеді. Қан қысымы көтерілген сайын уайымдаймын. Мен әкеме сенемін. Ол физикалық тұрғыдан да, рухани да мықты адам.
Жеңгем бірде «Сенің папаңның айтқаны айдай келіп отырады. Соның бәрін қайдан біледі? Жездеме кәдімгідей таң қаламын» деген. «Үш күндігін ойламаған қатыннан, үш жылдығын ойламаған ерден без» дейді дана халқымыз. Менің әкем алдағы уақытты қазіргі жағдайлармен саралай отырып ойластырады. Адам танығыштығы да мақты. Психикалық тұрғыдан сынағыш. Дүние қалай бар, солай қабылдайтын, ешкімнің ала жібір аттамайтын адам.
Папамның іс-сапардан келуіне үш күн қалды. Әрқашан үйге кірер-кірмес «Ырзалөк қайда?»,-деп келеді. Көзінен бір сәт таса қылғысы келмейді. Мен оны қатты жақсы көремін. Бірақ осы күнге дейін айтып, не еркелікпен «папалап» мойнына асылғаным жоқ. Әттең, қайта бала болып, арқасында өзімді «қамал қорғаны» бардай сезініп, велосипедіне «хан тағына» отырғандай отырсам...
Әр жылғы туған күнімде ұмытпай, дәл мен дүниеге келген 9:00-дегі уақытта жұмыста болса да қоңырау шалып, құттықтап жатады. Үйде болса бірінші болып құттықтауға асығып тұрады.
Әкемнің маған дегендегі арманы асқар таудай. Мен үшін оның аман болғаны ғана қажет!

Ырзагүл Таңатарқызы
17.06.2014жыл

 
0
0
1093

Осы тақырып бойынша

«Әкемнің жалғыз жұлдызымын» - Yvision.kz