Әкеге арнап бір өлең
Армысыздар! Әңгімені әкемнің сөзінен бастайын. Ол кісі маған "өлеңді Мұқағали Мақатаев сияқты жазбаған соң, парақты бекер шимайламаған жөн" деп жиі айтады. Десе де, Мұқағали да бір күнде АҚЫН болып шыға келмеген шығар деп ойлаймын. Сондықтан өзімнің жүдеу қара өлеңімді сіздерге паш еткім келеді. Өлең де бір балаң сияқты- туған соң жарық көргісі келеді. Қабыл алыңыздар. Сөзді әкеден бастаған соң, сіздерге ұсынатыным- сол кісінің алпыс жас мерейтойына арнап жазған өлеңім. Әкемнің туылған күніне екі- үш күн қалғанда туып еді.
Әкеме
Менің әкем- намысшыл ер, жауынгер
Әскерінде Бауыржандай батырдың.
Менің әкем- сырласы да мұңдасы
Жырды сүйген Мұқағали ақынның.
Менің әкем- бабалардың баласы
Елім дейтін, жерім дейтін жүрекпен.
Менің әкем- елінің бір ағасы
Ұстаздық қып тәлім берген түлекке.
Менің әкем- пірім менің, ардақтым
Ақыл, қайрат, білім оның қорғаны.
Менің әкем- нағыз ұлы қазақтың!
Басқа білмес өзім білсем болғаны.
25.10.2010ж
