ҚазҰУ жетістіктері Қытай жоғары оқу орындарына таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытайдағы Сиань Цзяотун университетінің 130 жылдығына арналған халықаралық іс-шараларға қатысты.
Ауқымды шара белгілі ғалымдарды, шетелдік ЖОО ректорларын, елшілер мен консулдарды, дипломаттарды, әлемдік академиялық қауымдастықтың жетекші өкілдерін біріктірді.
Үшкүндік бағдарлама аясында әлемдік деңгейдегі университеттер президенттерінің форумы, халықаралық көрме, Жібек жолы университеттері альянсының кеңес отырысы, сондай-ақ Сиань Цзяотун университетінің 130 жылдығына арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.
Халықаралық жиынға Сиань Цзяотун университетінің президенті Чжан Лицюнь, Гонконг университетінің ректоры Чжан Сян, Ұлыбританиядағы Бата университетінің ректоры Фил Тейлор, Харбин технологиялық институтының вице-президенті Лю Тин және шетелдік ЖОО басшылары қатысты.
Мұнда қатысушылар жоғары білімнің жаһандық басқарудағы рөлі мен жасанды интеллектінің жоғары білім жүйесіне әсері жөнінде өзара пікір алмасты. Бұған қосымша, болашақ білікті мамандарды даярлаудың тиімді жолдары сынды өзекті мәселелерді талқылады.
Әлемнің жетекші университеттерін біріктірген кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, оқу орнының жетістіктері мен алдағы даму жоспарын таныстырды. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ынтымақтастық аясында университет базасында түрлі ғылыми орталықтар мен зертханалар ашылып, бірлескен инновациялық жобалар табысты жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Шара соңында қатысушыларға арнайы тур ұйымдастырылып, Сиань Цзяотун университетінің заманауи ғылыми инфрақұрылымы таныстырылды.
