Камила Керімбаева: «Теннис – өмірімнің мәніне айналған»
Еуропаға келсек, олардағы теннистегі жөні бөлек. Тіпті, салыстыруға да келмейді. Себебі, олар біз көтеріліп келе жатқан баспалдақтан әлдеқашан өтіп қойған. Ал Қазақстанда теннистің жолға қойылғанына көп бола қойған жоқ.
Өткен аптада Қазақстандық теннисші Камила Керімбаева Украинаның Донецк қаласында өтіп жатқан теннистен ITF турнирі іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанып, рейтингілік ұпайын арттыра түсті. Бұған дейін Камила елімізде өткен Президент кубогында өнер көрсетіп, іріктеу кезеңінде сүрініп еді. Сол жеңілісінен соң жас теннисшімізді әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Камила, Президент мерзімінен бұрын аяқтадың. Бұл жеңілісіңніңсебебі неде?
– Бұл турнир мен қатысып отырған ең үлкен турнир. Себебі, бұған дейін ірі додаларда өнер көрсеткеніммен, ондағы сыйақы қоры 10 мың, 25 мың доллардан аспайтын. Ал бұл сайыстың жеңімпазы әжептеуір ұпай мен қаржылай сыйлыққа иелік етеді. Алғашқы кездесуде тәжірибесі де, біліктілігі де, деңгейі де менен анағұрлым жоғары Ксения Первакпен жолым түйісті. Ол қай уақытта қалайәрекет ету керектігін жақсы біледі. Іс-қимылына сенімді. Ал менің білгенімненүйренерім көп, онымен салыстырғанда деңгейімнің төмендеу екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, сәл қобалжудың да болғаны рас.
– Аталмыш турнирде өз алдыңа қандай жоспар құрып едің…
– Әрине, бірнеше турдан өтемін деп жоспарлағанмын. Дегенмен адамныңойлағаны бола бермейді ғой. Кейде сәтсіздікке тап боласың. Алғашқы айналымда-ақ мықты қарсылас кездеседі.
– Сені Украинаға аттанады деп естідік…
– Иә, бүгін кешке Украинаның Донецк қаласына ұшқалы отырмын. Ол жерде сыйақы көлемі 75 мың АҚШ долларын құрайтын додада өнер көрсетемін. Оданәрі Түркияға жүлде қоры 25 мың доллар құрайтын турнирге жол тартамын.
– Осылайша қаладан қалаға, сайыстан сайысқа ұшып-қонып жүре беруден шаршамайсың ба?
– Жоқ, әрине! Себебі, теннисшілер үшін бұл үрдіс өмірдің мәніне айналып кеткен. Тіпті, керісінше, осы өмір салтынсыз тұра алмайтындай деңгейге жеттім.
– Осының алдында Египетте ITF турнирінің жеңімпазы атандың. Бұл сында жеңімпаз атану қаншалықты қиынға соқты?
– Бұған дейін мен Шымкент қаласында өткен турнирге қатысып, финалға шықтым. Осы турнирде өзіме қажетті ұпайларды жинап алдым. Сосын бір апта шамасында дайындық жүргізіп, Мысырға жол тарттық. Ол жаққа біз екі бірдей турнирге қатысып қана қоймай, жеңімпаз атану мақсатымен барғанбыз. Өкінішкеқарай, бірінші турнирде ширек финалдан әрі аса алмадым. Есесіне екінші турнирде рейтингі бойынша өзімнен жоғары дәрежедегі қарсыластарымды шаңқаптырып, көздеген мақсатыма жеттім.
– Негізінен жаттығу жұмыстарын қай қалада өткізесің?
– Бұған дейін АҚШ-та, Швейцарияда біраз уақыт дайындалдым. Қазіргі уақытта негізгі жаттығатын базам осы Астана қаласы болып табылады. Қуантарлығы, мұнда теннисшілер үшін барлық жағдай жасалған. Федерация тарапынан даүнемі қолдау көрсетіліп тұрады.
– Спортшының бағын ашатын да, бабын келістіретін де ол бапкері. Ал сенің бапкер таңдауда жолың болды ма?
– Бүгінгі таңда украиналық маман Андрей Вокуниннің қоластында жаттығып жүрмін. Бірігіп жұмыс істеп жүргенімізге екі-үш айдың жүзі болды. Ал бұған дейін мені америкалық Марк Гелард деген бапкер жаттықтырған. Екеуі де айтарлықтай танымал емес. Дегенмен өз ісінің шеберлері. Швейцариялық Эрик Ван Харпеннен де біраз тәлім алдым. Сол кісі жаттықтырып жүргенде Еуропадаөткен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы турнирде сәтті өнер көрсеттім. Алайда, барлығы теннисшінің өзіне ғана байланысты екендігінұмытпаған жөн. Себебі аты жер жаратын маманның өзі спортшыны өрге сүйрей алмауы мүмкін немесе керісінше, қатардағы бапкер шәкіртінің бағын ашуы ықтимал.
– Байқағанымыздай, уақытыңның басым бөлігін шетелдердеөткізесің. Өзге елдермен салыстырмалы түрде алсақ,Қазақстандағы теннистің даму деңгейі қандай?
– Әрине, бұрынғымен салыстырғанда елімізде жағдайдың біршама жақсарғаны байқалады. Белді теннисшілердің қатысуымен әртүрлі шеберлік сыныптары жиіөткізіліп тұрады. Одан қалды, шетелден бапкерлер шақыртылып жатыр. Теннис ойнауға бет бұрушылардың да саны күннен күнге артуда. Еуропаға келсек, олардағы теннистегі жөні бөлек. Тіпті, салыстыруға да келмейді. Себебі, олар біз көтеріліп келе жатқан баспалдақтан әлдеқашан өтіп қойған. Ал Қазақстанда теннистің жолға қойылғанына көп бола қойған жоқ.
– Сенің ойыңша, теннисшіге ең қажет қасиет қайсы?
– Ең әуелі тенниске деген махаббат керек. Сонымен қатар, шыдамдылық және мінез қажет. Ал өзгесі соншалықты маңызды емес шығар. Себебі, аласа бойлы теннисшілердің де талай жетістіктерге қол жеткізіп жүргендігін көріп жүрміз.
– Енді өзің туралы айта кетсең. Сенің тенниске деген махаббатыңды оятқан кім?
– Өзім Шымкент қаласында дүниеге келдім. Тенниспен осы қалада жеті жасымнан бастап шұғылдана бастадым. Спорттың осы түріне деген махаббатымды оятқан адам ол – ағам. Өйткені, ол сол уақытта теннис үйірмесіне баратын. Ағамның жаттығуларына қарап, менде де тенниске дегенқызығушылық пайда болды. Сөйтіп анама теннис үйірмесіне барғым келетіндігін айттым. Анам келісімін беріп, жаттығу залына ертіп барды. Бірақ топта жаттығып жүргендердің барлығы ер балалар екен. Сондықтан бапкерлер мені бірден қабылдамай қойғанда, анам екеуміз үйірмеге қабылдауын ұзақ уақытөтіндік. Әйтеуір дегеніме жетіп, теннисшілердің қатарына қосылдым. Міне, содан бері теннис өмірімнің мәніне айналып үлгерді.
– Елімізде теннис негізінен жылы аймақтарда жақсы дамыған. Алөзге облыстардағы теннистің даму қарқыны қандай деп ойлайсың?
– Дұрыс айтасыз, басқа өңірлерге қарағанда жылы жақтарда теннис анағұрлым дамыған. Дегенмен, соңғы уақыттарда спорттың бұл түріне деген қызығушылықеліміздің барлық өңірінде ұлғайып келеді. Менің білуімше, қазір барлыққалаларда дерлік теннис орталықтары мен корттар бар.
– Өзіңе қандай төсеніште ойнаған ынғайлы?
– Бала кезімнен топырақ төсеніште ойнағанды ұнататынмын. Ал қазір төсеніш таңдап жатпаймын. Қай-қайсында да барымды салуға дайынмын.
– Ал бос уақытыңды қалай өткізесің?
– Суда жүзгенді, сурет салғанды жаным сүйеді. Сондай-ақ, массажға жиі барып тұрамын. Кейде құрбыларыммен кинотеатрларға бас сұғамыз.
– Теннистің тілі ағылшын тілі екендігін ескерсек, тіл мәселесінде ешқандай қиындық туындап жүрген жоқ па?
– Жоға, бала күнімнен ағылшын тілінің үйірмесіне барып жүрдім. Әзірге шетелге барғанда сұхбат беріп көргенім жоқ. Алайда, ағылшын тілінде аса қиналмаймын.Өз ана тілімде және орыс тілінде еркін сөйлеймін.
– Әңгімеңе рахмет! Жеңісті күндерің көп болсын!
Торғын ІЛИЯСОВА,
«Sport»

