Күзгі кино ондығы

Кардиограмма
Күз пейзажы мен мотиві бар қазақстандық киноның бірі - Дәрежан Өмірбаевтың 1995 жылы жарыққа шыққан «Кардиограмма» атты психологиялық мелодрамасы. Жасұлан - ауыл баласы, анасы оны қалалық санаторийге емделуге әкеледі. Сонда бірінші рет ата-анасыз, үйреншікті ортадан алыстаған Жасұлан бір ауыз қазақша білмейтін қала балаларын танып, ауылынан бөлек өзгеше әлем тынысымен танысады. Бала жанының нәзіктігі мен сезімталдығын жеткізе білген бұл фильм Италия, Франция, Сингапур елдерінде марапатқа ие болған.

Тәтті қараша (Sweet november/2001)
Жарнама агенты, еңбекқор, өмірде жұмысты бірінші орынға қоятын жігіт Нельсон Мосс елден ерекше, әдемі, философияға жақын Сара Дивермен танысады. Уақыт өте келе Сара Нельсонның өмірін күрт өзгертіп жібереді және де оның нағыз махаббатына айналады, алайда, тағдырдың өз жоспары бар...

Көксерек
1973 жылы шыққан режиссер Төлеміш Өкеевтің (Толомуш Океев, Қырғызстан) «Көксерек» атты фильмі қазақ киносы саласынның алтын қор діңгегі десек те болады. Құрмаш пен бөлтіріктің достығы, екеуінің тағдыры көптеген жылдар бойы көрерменін қайта-қайта толғаныс пен терең ойға жетелеп отырады. Бұл фильм жайлы Т.Өкеевтің өзі: «Құдай қасқырды қасқыр, адамды адам қылып жаратты. Қасқыр - қасқыр болып қала береді, ал адам болса, өміріндегі қиындықтарға қарамай, адам болып қалу керек. Бұл библиялық даналықтарға ұқсайды, біздің міндетіміз оны көркем түрде жеткізе білу», - деген екен.
Фильм көптеген марапаттарға ие болды: 1974 жылы Бакуде өткен бүкілодақтық кинофестивальдегі бірінші орын, дәл сол фестивальде Аханғұлдың рөлін сомдаған С.Чокморов та үздік әртіс болып танылады. 1974 жылдың тамыз айында Локарнода (Швейцария) өткен халықаралық кинофестивальде арнайы дипломмен марапатталады. Сондай-ақ, сол жылы «Көксерек» фильмі Американдық кино академиясының «Оскар» жүлдесіне «Үздік шет ел фильмі» бойынша номинант болады.

Күзгі ертегі (Conte d'automne/1998)
Кино 1998 жылы француз режиссері Эрик Ромермен түсірілген. Магали 45-те, мамандығы бойынша шарап жасаушы, ал әлеуметтік жағдайы бойынша жесір. Балалары есейіп, жан-жаққа тарап кетеді, ал Магали болса, жалғыз қалады. Сол себепті құрбысы Изабель оған жаңа күйеу тауып алуға бел буады. Магалиге дым айтпай, жергілікті газетке хабарландыру беріп қойып, Жеральд атты ер адамды тауып алады.
Ал Розин (Магали ұлының жары) өзінің болашақ енесін философ мұғалімімен таныстырмақшы болады. Осылайша, бұл жағдайларды білмеген Магалиді қызықты оқиғалар күтуде...

Ине
Күзгі сарынға ие кинотуынды 1988 жылы шыққан. Кеңеc заманының бомбасына айналған режиссер Рашид Нугмановтың «Игла» фильмінен кейін Виктор Цой бүкіл кеңес жастарының кумиріне айналады. Цойдың кейіпкері Мороның нашақорлыққа қарсы күресі жайлы фильм Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмнің» өнімі. Түсірілімдер қазан айынан желтоқсан айына дейін Алматы мен Арал теңізінде түсіріледі (бірінші кадрды санамағанда - Цойдың тар көшемен темекі тартып келе жатқан жері Мәскеуде түсірілген). Рашид Нугмановтың айтуынша, бұл фильмді олар тек өздері үшін түсірген, фильмде кәсіби актерлер жоқ. Сценарийде жазылған сөздерді артқа ысырып тастап, актерлер тек импровизациялап отырған екен. Соның арқасында кинотуынды бүтіндей бір заманның жаңғырығы болып қала берді.

Күз (Осень/1974)
1974 жылы түсірілген мелодраманың режиссері Андрей Смирнов. ''Күз'' киносының авторы: «Бұл махаббат болмай қалса ше?» - деген сауалды картинаның бас тақырыбы ретінде қойған секілді. Отыздан асқан екі адам қайтадан қосылып, демалысқа ауылға кетіп қалады. Осылайша жас кезін есіне түсіргендей болып күй кешеді.

Күзгі күн (Осеннее солнце/1973)
Картина 1973 жылы Темур Палавандишвилимен түсірілген. Кинода Арменияның әдемі табиғаты тамаша суреттеледі. Тау жақта тұратын шаруа әйел Ереванда тұратын ұлына бармақшы болады. Қалаға апаратын той сыйлықтарын аса ұқыптылықпен таңдап, тойға дайындалып жүріп, абыр-сабыр болады.
Кино Г.Матевосянның «Ана ұлын үйлендіруге бара жатыр» атты повесінің сюжеті бойынша түсірілген.

Соңғы қыркүйек (The Last September/1999)
Кино Дебора Уорнермен 1999 жылы түсірілген. Оңтүстік Ирландия, 20-жылдар. Британ билігінің құлдырау кезі. Англо-ирландық аристократияда өмір сүретін Сэр Ричард Нейлор мен оның әйелі леди Мира шектеусіз билік кезеңінің соңғы күндерімен қош айтысуда.

Күзгі марафон (Осенний марафон/1979)
Талантты педагог әрі аудармашы Андрей Бузыкин жасқаншақ мінезге ие, сол себепті әйелін тастап, сүйгенімен қосыла алмай, өзін де, сүйгенін де, заңды әйелін де бақытсыз қылып жүр. Сонымен қатар, Андрейдың өмірінде басқа да көптеген келеңсіздіктер бар, алайда, бас кейіпкер оларды жоюға еш талпынбайды. Жалпы, ''Күзгі марафон''өмірінде ''жоқ'' деп кесіп айта алмағандықтан, еш нәтижеге келе алмай, қиналыста жүретін адам жайындағы кино.

Нью-Йорктегі күз (Autumn in New York/2000)
Нью-Йорктік мейрамхананың иесі Уилл Кин 22 жастағы Шарлотта Филдингпен танысады. 48 жастағы Уилл өмірлік тәжірибе жинақтаған адам. Жас қызды көріп, оған ғашық екендігін бірден сездіреді. Алайда, Шарлотта науқас, оның бір жылдай ғана өмір сүруге уақыты бар...
Басты рөлдерде Ричард Гир мен Вайнона Райдер.
