Кәсіподақ бізде қандай күшке ие?
Өткен аптада басқасын білмедім, өзім үшін бір жаңалық аштым – мен кәсіподақ жайлы мүлдем білмейді екенмін. Оны кеңестік кезеңнің қайраңында қалған көненің сарқыншағы деп елестетіп жүр екенмін. Бірақ, Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы бар, ертеңіне сол кәсіподақтар федерациясының сиезі бар – біраз нәрсеге көзім ашылып қайтты.

2015 жыл. 110 жылда Қазақстан кәсіподағының тарихынан қамыр созып, кеспе тілуге уақыт жоқ шығар. Биылғы конференцияға 20 шақты елдің кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы, Жалпыға ортақ кәсіподақтар конфедерациясы және Фридрих Эберт қорының өкілдері қатысты – ұйымдастырудың жоғары деңгейі бірден байқалды. Бұл жиынның мақсаты ұжымдық еңбек дауларын шешудің тиімді тәсілдерін іздеу екен.
Себебі, бүкіл әлем экономикалық дағдарысқа қайта қайта ұрынып жатыр. Ал кәсіподақтар осы кезде туындайтын негізгі еңбек қатынасындағы мәселелерді шешіп беруі керек. Әйтпесе, білесіз, оның соңы кәсіпорынға да, мемлекетке де, жұмысшыға да абырой әпермейді. ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов орысшаға да, қазақшаға да бірдей екен - өздері ұсынып отырған диалог алаңын мәселенің шешімін табуға жақсы бұрып отырды. Әбілғазы мырза еңбек жағдайын жақсарту шарттары туралы, өндірістік қауіпсіздік, ондағы жарақаттарды азайту, жұмыссыздық көлемін кеміту туралы да айта кетті. Осылайша, бұл жиында біздегі еңбек қатынастарын реттеудегі кәсіподақтардың рөлі тергеліп, еңбек дауларын шешудің шетелдік тәжірибелері зерттелді.
Естеріңізде болса, болмауы да мүмкін ғой, былтыр 27 маусымда бізде "Кәсіподақтар туралы" Заң қабылданып, бұған дейін заңсыз жұмыс істеп келген талай кәсіподақтардың қолын қысқартып, барлық аймақтық және салалық ұйымдарды бір жерге біріктіріп, ортақ республикалық құрылым жасаған еді. Яғни, мемлекет осы арқылы кәсіподақтарға жаңа да ескі саяси күш ретінде дем бергісі келген. Мысалы, тек кейінгі 3 жылда 80-дей еңбек дауы шешіліпті. Дұрыс шешіліпті. Бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының құрамына 25 кәсіптік және 16 аймақтық құрылымы кіреді. Республика бойынша 20 салалық және 16 жергілікті деңгейдегі келісімдерге қол қойылған. 2 миллион 200 мыңдай мүшесі бар, 18 972 алғашқы кәсіподақ ұйымдары бар федерация
Негізінен, әлеуметтік-еңбек кикілжіңдері жиі пайда болатын үш сала бар. Олар: құрылыс, мұнай-газ және тау-кен салалары. Осы үш салада не жалақыны кешіктіреді, не жұмысшылары әлеуметтік жағдайымызды жақсарт деп жиі сұрайды, не басқа мәселе килігеді. Ал осы мәселелердің жиі шығуы бойынша аймақтарды жорамалдап отырған шығарсыз, олар – Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстары. Керісінше, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында мұндай шиеленістер аз екен.
Ал Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының 24-ші сиезінде кейінгі жылдардың бедеріне ақпар беріліп, болашаққа жоспар жасалынды. Әбілғазы Құсайынов осы федерацияның төрағалығына қайта сайланды. Әзірбайжан мен Тәжікстан кәсіподақтарының басшыларымен меморандумға қол қойылды. Осылайша, Кәсіподақтар федерациясыны бұл қозғалысты модернизациялауға күш беріп, әлеуметтік жауапкершіліктің бар деңгейіндегі әлеуметтік диалогты қолға алғалып тұр. Ал біз сол баяғы әдетімізше сәттілік тілеп қалдық)
Фотолар - http://www.fprk.kz/сайтынан


