Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 34- бабына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді оқыту мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.
А.ж. 6 қыркүйекте Департамент басшысы Б. Беспалинов Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы Мемлекеттік қызметшілерді қайта дайындау және біліктілігін жетілдіру аймақтық орталығында «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясын әзірлеу» тақырыбында семинар-дәріс өткізді.
Семинар барысында Б. Беспалинов жетекші шетел сарапшыларының пікірлері бойынша, мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі ТМД елдері арасында ең үздік үлгілердің бірі болып табылатынын, дегенмен, мемлекеттік аппараттың тиімді қызмет етуі мемлекеттік қызметшілердің бәсекеге қабілеттілігіне, олардың кәсібилігі мен отансүйгіштігіне байланысты екенін атап өтті.
Ағымдағы жылдың басынан бері Ақмола облысының 910 мемлекеттік қызметшісі қайта даярлау, біліктілігін арттыру бағдарламалары бойынша оқытылды, сонымен қатар, кәсіби білім мен практикалық тәжірибе алу мақсатында 231 мемлекеттік қызметші тұрақты жұмыс орнынан тыс тағылымдамадан өтті.
