Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Көшпелі қазақтың ырым-тыйымдары және оның тәрбиелік мәні

Көшпелі өмір салты қазақ халқының дәстүрлі өмір салты десек те дұрыс болар. Шаруашылықтың, күнкөрістің қамымен төрт түлік малдың ыңғайына қарай қыста қыстауда, жазда жайлауда күнелткен қазақ халқының бүтін мәдениеті сол көшпелілікпен астасып, біте-қайнасып жатыр. Мысал үшін киіз үйдің өзі көшпелі өмірге тән баспана түрі. Қаншама ғасырлар ширегінде едімізде ағаш, кірпіш үй деген кең таралмады. Шаңырақ, уық, керегені қасиетті деп санап, киізін, басқа да бөліктерін түйеге артып, көшіп-қонып жүрген бабаларымыз киіз үйді аса қадір тұтқан. Көшпелілердің атқа міну дәстүрі де айтарлық ауқымды дүние. Оның ер-тұрманы мен әбзелдерінің өзі қолөнердің биік деңгейде болғанын көрсетеді. Зергерлік өнер мен киім пішу дәстүрінің көркемдігі де соны дәлелдей түседі емес пе? Ауыз әдебиеті терең тәрбие мен ізгілік көзі болса, ән мен күй нағыз дала дәстүріне тән қоңыр сазды, ғажап үнді болды. Және сол көшпелілер кезеңіне тән, тарихы тереңде жатқан тағы бір құнды мәдени деталь бар. Ол - қазақ халқының ырымдыры. Ырым дегеніміз – халықтың сенімімен, ақ ниетінен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір саласы. Өз алдына бір жақсылықтың немесе жаманшылықтың хабаршысы. Адамды сақтандырушы, халық мінезімен, әдет-ғұрпымен тығыз байланысты, халқымыздың сан ғасырлар бойы ұрпақ жадында жаңғырып, тәрбиенің қайнар көзі болып келе жатқан киелі ұғымдарының бірі. Ырым-тыйымдарды қазақтың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды. Халқымызбен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар тізбегі халықтың өмірінде, салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс береді. Ырым мен тыйым адамды  тәрбиелеп, жат әдеттерден тыюға бағыттайды. Көшпелілер табиғатқа жақын болғанын білеміз, бізде өз кезегімізде табиғатты аялап, қорғауға міндеттіміз. Табиғат - бізді қоршаған үлкен үйіміз. Ол табиғат - ана. Ежелгі халықтардың туған топырақ, атамекен, табиғат, жан-жануарлар туралы ұғым-түсініктері, таным-талғамдары ырымдар мен тыйым сөздерден ерекше орын алған. Қазақ халқының ұрпағына экологиялық білім мен тәрбие беретін ырымдары мен тыйым сөздерінің мән-мағынасы өте терең. Олар негізінен жер мен суды, өсімдіктерді, құстар мен жануарларды, аңдар мен жәндіктерді қорғауға, оларға қамқорлық жасауға, обал, сауап дегенді сезінуге тәрбиелейді. Халқымыз «Көкті жұлма» деген, «Көкті жұлсаң көктей соларсың» деп жаман ырымға жорып, жұлғызбаған. «Нанды бір қолыңмен үзбе», «Нанның үгіндісін аяққа баспа» деген сөздерде дәмге, оны дастарханға келтіретін еңбекке деген құрмет сезімінің ізі бар. Сондай-ақ ата- бабамыз «Тал кескенше, қолыңды кес», «Қарағай кессең, қаңғырып қал» деп өсіп тұрған ағашқа тигізбейді. От жағуға тек қарағай мен шыршаның кеуіп кеткенін, малдың қиы мен тезегін пайдалануда күнкөріс қамынан да басқа себеп болса керек. Тағы айталық, "қыздың жолы жіңішке" дейтін сөзді көп естиміз. Қазақ қызды қарындасым, әпкем деп, болашақ ана деп, бір үйдің түтінін түтететін ардақты да аяулы отанасы деп құрметтеген. Жалпы мұсылман қауым өзі қыз баласын аса құрметтейді. Үш қызды әлпештеп өсіріп, жақсы тәрбие беріп, құтты орнына қондырған әке жұмаққа кіреді десе, жұмақ ананың табанының астында деген сөздің өзі жүректі елжіретеді. Қазақ халқы қыздың қабағына қарап, тәтті-жұмсағын қызға сыйлаған. "Қыз - қонақ" деп, үнемі төрден орын берген. Қыздың шашбауының даусы шыққанда отау ішіндегілер ауызын тыйып, аңдап сөйлейтін болған. Қыздың арын жоғары қойған. Бір аяулы қарындасы үшін соғыс та ашқан. Бір қызы үшін соғысты да тоқтатқан. Міне, сол себептен де "Қыз өссе елдің көркі" - дейді. Қыз беріп, қыз алысқанда "құда мың жылдық"деп жатады. Қазақ құдасын Құдайындай сыйлаған халық қой. Тағы бір ырымға сүйенсек қазақ құда-жекжатына, туған-туыс, дос-жаранына ит бермейді. Ит секілді ырылдасып қалмайық деген ойдан туындаса керек. Және дәл сол секілді қырық пышақ боп керіспейік деген ниетпен пышақты да сыйға тарту жаман ырымға саналады, оған тыйым салынған. Пышақтың жүзі өткір, керемет болып, көңіл тартса оны ырымын жасап сатып алу керек немесе жасырын алып кетіп, ас үстінде пышағыңыз қолды болды деп үй иесіне астыртын әзілмен естірту керек. Дастархан басында, ас алдында, тамақтанып отырғанда сырттан сәлем беріп кірген кісінің колын алмайды. Бас изеп, асқа кел деп шақырады. Жуылмаған қолды астан артық көру — адамдық қасиетке жатпайды. Астан аттауға болмайды. Майлы ас жеп отырып, қолды сілікпейді. Бұлай істегенде ас сілкінеді, дәм-тұз атады деп ұйғарылады. Қазақ нанның қоқымын шашпаған, тұз төксе ырыс төгіледі деп өте абай болған. Ілгері де айтылғандай ырым‐тыйымның көпшілігі тәрбиеге шақырады. Ізеттілік пен кішіпейілділікке дағдыландырады. Отбасылық құндылықтарды бойға сіңіріп, құрметтей білуге, қадірлей білуге үйретеді.

0
0
837

Осы тақырып бойынша