Байқап қарасаңыз, көрнекті мемлекет қайраткерлері мен ел басқарған тұлғалардың артында жетістіктер туралы естеліктер, түрлі мақсаттарда салынған көзге көрінетін үлкенді-кішілі нысандар мен ескерткіштерге қоса олардың айтқан сөздері де қалады.
Кейде саясаткердің нақты істеріне қарағанда халық есінде оның айтқан сөздерінің ғана жақсы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа таралатын кездер болады.
Нақыл (қанатты) сөздермен қатар, билік басындағылардың сөз сөйлеген кезде жіберген қателіктері мен жағымсыз әсер қалдырған сөздерінің тез таралып, кеңінен пайдаланылатыны да анық.
«Жаманат жатпайды, жақсылық жетпейді» деген мақалды саясаткерлердің айтқан сөздеріне де қатысты деп айтсақ болатын шығар: елбасының сөз саптауына бұқаралық ақпарат құралдары мен саясаттанушылар ғана емес, қарапайым халықтың да мезгіл-мезгіл қатты назар аударатыны бар.
Адам назарына көңілге қонымды сөздермен қатар әдеттегіден тыс, күтпеген, қатты кеткен, өрескел естілетін, тіпті балағат сөздер тез ілігеді ғой – тез тарап, анекдотқа айналатындары да осындай сөздер.
Жақында танымал ресейлік тілтанушы ғалым, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры С.Тер-Минасованың осы мәселеге қатысты мынадай бір қызықты пікіріне назар аудардым.
Осы күнге дейін халық есінде сақталған жаңылыс айтылған сөздер мен әдеби тіл нормаларына сай келмейтін сөздерді қолдану Кеңес Одағының бірінші басшыларының көпшілігіне тән екен.
Хрущевтың қарсылас елдерге «мы вам покажем кузькину мать!» [көкесін таныту, сазайын беру, ит терісін басына қаптау] деп сес көрсеткені ең жарқын мысалдардың бірі болса, Горбачевтың «лОжить» («класть» сөзінің орнына), «нАчить», «мЫшление» (екпінді дұрыс түсірмей айту) деген қате сөздері біраз әжуа-сықаққа себепші болған.
Ресейдің қазіргі президенті В.Путиннің де тарихта қалатын қанатты сөздері аз емес. Олардың ішінде әдеби тіл стиліне жатпайтын қылмыстық жаргон сөздердің алатын орны ерекше, мысалы: «замочить в сортире» (террористерді қайдан болса да тауып, көзін құрту туралы).
Таң қаларлығы, кеңестік көшбасшылардың ішінде Сталиннің тарихта жоғарыдағыдай сөз таңдау, сөз қолданудағы қателіктері емес, керісінше қанатты сөздері ғана қалған ды: «кадры решают все» [кадрлар барлық мәселені шешеді, барлығы кадрлардың қолында], «жить стало лучше, жить стало веселее» [өмір жайнап, бұрынғыдан да көркейе түсті] және т.б.
Ғалым бұл жайтты орыс тілінің Сталин үшін шет тілі болғандығымен түсіндіреді: халықтар көсемінің ана тілі – грузин тілі болған, жалпы адамның шет тілінде байқап, қателік жібермеуге тырысып сөйлейтіні белгілі емес пе.
Ал ресейлік лингвист В.Гатовтың пікірінше, Ресейдің қазіргі саяси дискурсында қайта жаңғырған кеңестік саясаткерлерге тән сөйлеу, өз ойын білдіру, жазу, тіпті ойлаудың ерекше стилін кезінде дәл сол Сталиннің өзі енгізген болатын. Ғалым қылмыстық лексиконды сол сталиндік стильдің ажырамас бір бөлігі деп біледі.
Осы ретте қазақстандық басшылардың сөз сөйлеуі немен ерекшеленеді деген сұрақ туды. Жеке бір зерттеуді қажет ететін тақырып болайын деп тұр, көреміз.
Әзірше, президент Назарбаевтың соңғы жылдары айтылып, түрлі ой-пікірлер тудырған сөздерінің ішінен өз басым төмендегідей үш мысалды келтірер едім:
«Когда начнешь искать замену, у вас все вокруг потоптано, никого нету...» (алмастыратын адам іздесең, ешкім жоқ – сол жоғарыда сөз болған барлығын шешетін кадрларды тауып, дайындау туралы);
«Считать, что завтра цены поднимутся на нефть, снова польется золотой дождь, ожидать не стоит» (дағдарыстың ұзаққа созылатыны, оның ешкімді жарылқамайтыны туралы);
«Никогда прежде наш народ не жил так хорошо, как он живет сейчас» (біздер халқымыз бұрын-соңды басынан кешпеген бақытты кешіп отырмыз / біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес).