Көрмеге дайындық жұмыстарына оң баға
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес қатысты. Ол Астанаға ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмыстарын бақылау мақсатында іссапармен келген болатын. Брифингте Бас хатшынының жанында еліміздің Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев болды.
Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмыстарын оң бағалады.
«Бұған дейін осында наурызда болғанымда байқаған жағдаймен салыстырғанда көп өзгерістер орын алған. Қазақстан Үкіметі ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты өтуіне тиісті жұмыстарды атқаруды. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ-тың жаңа басқарма төрағасымен жақсы пікір алмастық», деді Висенте Лоссерталес. Ол сапары аясында ЭКСПО құрылыс алаңында болып, сәулет-құрылыс жұмыстарының барысымен, соның ішінде, ЭКСПО қалашығымен танысқанын тілге тиек етіп, жүргізіліп жатқан жұмыстарды көргенін атап өтті.
«Іс-шараның табысқа жетуі – ортақ міндетіміз. Біздің мақсатымыз бір – Астанада өтетін ЭКСПО көрмесін өз дәрежесіндегі үздік көрме болуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасау», деді Висенте Лоссерталес. Бұған қоса ол мұндай жобалардың ғылыми жағына да тоқталды. ХКБ Бас хатшысының пікірінше, ЭКСПО жас қазақстандық мамандар үшін өздерінің кәсіби қасиеттерін көрсетудің тамаша мүмкіндігі болып табылады. Соған қоса, олар келешекте Қазақстанның дамуына пайдаланылуы мүмкін озық технологияларға қол жеткізе алады.
Қазіргі әлемдік қаржылық қиындықтар кезеңінде мұндай халықаралық көрмені өткізудің түрлі қиындықтары бұған дейін де талай талқыланған болатын. Осыған орай, ондағы шығындардың кейбір бөлігі ықшамдалып, қайта қаралған еді. Мәселенің осы жағына тоқталған Висенте Лоссерталес ЭКСПО-2017 бюджетін оңтайландыру көрменің құрылысы мен өткізу сапасына әсер етпейтінін атап өтті. «Жауапкершілік рухында оңтайландыру шарасының жүргізілуімен толықтай келісемін, бірақ негізгі мақсаттар ысырылған жоқ. ЭКСПО құрылыс тұрғысынан да, оны өткізу ауқымы бойынша және қатысушылар саны жағынан да қысқармаған. Атап айтқанда, біз әрдайым қажет болғанда кейбір шараларды жеңілдетіп, ұтымды ете аламыз, сондай-ақ, қысқартуға болатын кездерде қысқарта аламыз», деді Бас хатшы. Осы орайда ол бұл бағытта ұтымды қадамдар жасалғандығын және осы мәселелер тыңғылықты талқыланғанан атап өтті. Висенте Лоссерталестің айтуынша, бұл бағыттағы шаралар ЭКСПО-ға дайындық жұмыстарына оң нәтиже береді. Бұдан бөлек, ол «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы басшылығының ауысуына қатысты ойын білдірді.
«Бұрынғы басшылықтың ауысуы жайында естіген кезде, әрине, осы жағдайға байланысты алаңдаған болатынбыз. Кейіннен, Қазақстан Президенті қажетті шараларды қабылдап, жаңа басшылықты тағайындады. Сонымен қатар, Милан ЭКСПО-сына Қазақстанның Ұлттық күні аясында келгенінде кездестік. Президент сол кезде ұлттық компанияда жаңа жағдай қалыптасып, көрмеге дайындық тиісті деңгейде болатындығын атап өткен болатын», деді ХКБ Бас хатшысы.
ЭКСПО-2017 комиссары, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаевтың мәлімдеуінше, бүгінде Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне 48 ел қатысатындығын растап отыр. Қазақстан тарапынан аталған көрмеге дайындық жұмыстары ел ішінде және сыртта да белсенді жүріп жатқанына тоқталған ол бұған қоса 10 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындығын ресми түрде жеткізгенін алға тартты. «Ұлттық секцияның 21 комиссары тағайындалды. Осы орайда тиісті келісімдерге қол қоюға дайындалуда», деді ол. Мұнымен қоса, Р.Жошыбаев биылғы 18-19 қарашада ЭКСПО-2017 көрмесіне халықаралық қатысушылардың екінші жиыны өтетіндігін жеткізді. Басқосу барысында елдердің қатысуына байланысты техникалық мәселелер тыңғылықты талқыланбақ.
«Сонымен қатар, бірқатар елдермен олардың қатысуы туралы келісімдер бекітіледі. Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі және ХКБ арасында келісімге қол қоюға дайынбыз. Онда ЭКСПО-2017-ге қатысушылары үшін жеңілдіктер мен артықшылықтар қамтылған. Жақын арада бұл құжат бекітіледі», деді Р.Жошыбаев.
http://gbpp.org/kz/2015/10/9597
