Көркем сөз шеберлерінің сайысы өтті
Павлодар Мемлекеттік Педогогикалық Институтының белсенді студенттерінің бастамасымен, Жастар бастамаларын дамыту орталығының қолдауымен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Еркіндігім – елдігім, Тәуелсіздік – теңдігім » атты көркем сөз шеберлерінің сайысы өтті. Берілген ереже бойынша әр қатысушы белгілі бір автордың немесе өз туындысын мәнерлеп, көркемдеп оқып қана қоймай, сахналық көрініс және бейне клиптарды қолдану арқылы әсерлі жеткізуіне де шектеу қойылмады.

Байқаудың шарттары мен талаптарына сәйкес, қаламыздың барлық оқу орындарының студенттері мен оқушылары қатысуға мүмкіндік алды.Көркемсөз оқу шеберлері прозалық, драмалық шығармалардан үзінді оқу мен мәнерлеп өлең оқу тапсырмалары бойынша үздіктер анықталды.

Байқау қатысушыларының өнерлерін білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. Жастар бастамаларын дамыту орталығының директорының орынбасары Жүсіпбаев Саят және азулы ақын, Республикалық айтыстардың жеңімпазы Абзал Қабдраш, орталық инспекторы Ғабит Хафиз, «Алдаспан» ақындар клубының төрағасы Алтынбек Мақсатхан қазылық етті. Қазылар тарапынан үміткерлердің өнерлерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына, сахналық киім үлгісіне баса назар аударылды.

Әділ-қазылар алқасының шешімімен Павлодар Мемлекеттік Педогогикалық Институтының студенті Қрықбаева Аружан байқаудың бас жүлдесін І орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ, байқау қорытындысы бойынша Павлодар Мемлекеттік Педогогикалық Институтының студенті Мамырова Ұлжан ІІ орынды, Павлодар Технологиялық колледжінің студенті Шойбек Ақниет ІІІ орынды иеленді. Ал, қалған қатысушыларға арнайы номинациялар беріліп, әділ-қазылардан кеңестер ұсынылды.
Байқау жеңімпаздары дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

