Күрес додасында Сыр сақшыларының мерейі үстем болды
Қызылорда қаласының Орталық алаңында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай қазақ күресінен 74 кг-ға дейінгі және 74 кг-нан жоғары салмақ дәрежелері бойынша облыстық деңгейде жарыс өткізілді. Жарысқа облысымыздың намысын қорғап жүрген белді спортшылармен қатар Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері де қатысты. Олар жарысқа тыңғылықты дайындықпен келгендіктерін белдесу барысында байқатып, азулы қарсыластарын сыпыра жеңді. Нәтижесінде ақтық финалда өзара белдесіп, боз кілем төрінде хас шеберді анықтауға тырысты.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша 74 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде І орынды әскери самбодан әлем біріншілігінің қола жүлдегері полиция капитаны Жалғасбаев Қайрат иеленсе, қарсыласына сәл ғана есе жіберіп алған дзюдодан Азия чемпионы полиция лейтенанты Абдуллаев Ержан ІІ орынға тұрақтады.
Ал 74 кг-нан жоғары салмақ дәрежесінде әлем біріншілігінің қола жүлдегері, полиция лейтенанты Тойбағаров Алмат өз әріптесінен басым түсіп, жарыс жеңімпазы болып танылса, полиция аға лейтенанты Бижанов Диас жарыстың ІІ орын иегері атанды.
Департамент намысын абыроймен қорғаған полиция қызметкерлері Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломымен және ақшалай сыйлығымен марапатталды.
Айта кетерлік жайт, қызылордалық полицейлер азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау жолындағы қызметтік міндеттерін орындай жүріп, спорттан қол үзіп қалған жоқ. Түрлі жарыстарда жетістіктерге жетіп, жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
