Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Көп күттірген сол жыл...

2015 жыл.Бұл жыл өзге жылдардан ерек еді мен үшін.Шыдамымды шегіне   жеткізпеген,талай жылғы арманымның бір бөлігін өз мойнына жүктеген,асыға,зарықтыра күттірген,жауапкершілігі мол жыл болған бұл жыл.Иә,2015,сенен күткенім көп болған.Сенен күткен өмірге емес,сен мені тіпті ойламаған,түсіме кіріп те шықпаған өмірге әкелдің.Бұл кезең,сірә,18 жас ғұмырымдағы ең бетбұрысты кезең-ау...Біріншіден,сен мені туған жерімнің,Оңтүстігімнің топырағынан алыстатып,оқу мақсатымен ызғарлы Астанаға әкелдің.Астанаға келіп бұл жердің ызғарына да үйренісіп алдым.Әлі есімде,алғаш Астанаға жаз айында барып көлеңкені емес күнді іздегенім.Сары іріше келген ызыңдап ұшқан масалары сары уайымға салғаны.Ал,қазір мен Астана тұрғынымын.Астананың ызғарында жаныма жылу сыйлаған адамдар көп болды.Астана менің өмірімнің жаңа беттерінің ашылуына зор сілтеме іспетті.Оңтүстіктің ыстығынан солтүстіктің ызғарына,өз бауырына,Астана мені магнитше тартып алғандай.

Екіншіден,2015,сен мені өз мәселелерімді өзім шешуге,шешімді өзім қабылдауға үйреттің.Яғни,жапанда қалған жалғыз ағаштай жел тұрса сүйенері жоқ,өз жауапкершілігімді өзім арқарар ересек адам болуға үйреттің.Қасымдағы еркелетер ең жақыным-анашым алыста 1500км шамасындай жерде.Қасымдағы қазіргі ең жақыным-әпкем.Әпкем екеуміз тіл біліміндегі «антоним» ұғымындай екі бөлекпіз,түрлеріміз түрліше.Бір ана,бір әкеден туылған біздерді әпкелі- сіңлілі деп ойламайтындар да табылды.Анамыз біздерге салып жіберген,бір-бірінен түстерінде ғана айырмашылық бар киімдерді екеуміз бірдей киген кездерімізде,егіз сияқтысыңдар деп айтатындар да табылған кездер болған.

Жалпы,Астанаға келуіме үлкен себепші -Еуразия Ұлттық Университеті.Неге екенін білмеймін,қайда түскің келеді дегенде осы университетті аузымыздан тастамайтынбыз.Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде «Күлтегін» ескерткіші бар дегенді мектеп оқулықтарынан көретінбіз.Ал,қазір сол ескерткішті көзбен көріп жүрміз.Бұл оқу орнының табалдырығын аттап,түлегі болудың өзі үлкен мәртебе.Бұл оқу орнында оқып жүріп,көк жәшіктің артындағы танымалдылар танысыңдай боп кетеді екен.Себебі,танымалдылармен жақынырақ таныстырып,жұлдыздармен жүздестіретін кездесулер боп тұрады мұнда.Бұл оқу орны туралы айта берсең айтар сөз көп-ақ...Басты айта кетерліктердің бірі-бұл оқу орнында жүрегіңе жылу,көңіліңе демеу боларлық адамдар әр кез табылады.

2015 тұрғысында қысқаша шолу осы.2016-ға да қадам басқалы қашан.Бұл жылдың  да өз қызығы болады дегенге сенім мол.Ал,әзірге анам арқалатып жіберген ақ үмітпен, мүмкіндіктері зор Астана қаласында осы өмірдегі жауапкершілікті қадамдарды жасап,бұл дүниеде өз кірпішімді қалауға әрекет жасайын...

   
1
0
495

Осы тақырып бойынша

Көп күттірген сол жыл... - Yvision.kz