Сот процесіне қатысқан куәгерлердің бірауыздан айтуынша, ереуілге шыққандар «Алғаның» тегеурінді насихаттаушы күшіне бағынышты болған. Бұл ұйымға қатысы бар әрбір адам Әбілязовтың атынан сөйлеген және күш қолдануға ашық шақырған оның мақалалары жазылған парақтарды таратқан екен. Козлов басқарған «Алғаның» эмиссарлары мұнайшылардың әлсіз жақтарын пайдалану үшін кез келген арандатушылықтарға барған. Козловтың үндеуіне жұмысшылар қатты қарсылық жасағаннан кейін де арандатушылар Сапарғали, Атабаев сияқтыларды «Алғаға» тарту үшін кейбір қитұрқылықтарға барған. Мәселен, олар өздерінің ұйымын сол жердегілер үшін «Халықтық майдан» деп өзгертіпті. Біздің міндетіміз - мұнайшылардың мүддесін тұтастай қорғау деп жариялаған. Шын мәнінде, Козлов пен Әблязов «халықтық майданның» платформасында ауызбіршілікке «сына қағатын» жаңа күшті құруды армандаған болулары керек. Басқалардың қолымен от көсеу үшін, олигарх және оның көмекшілері мұнайшылардың күшімен бірқатар аймақтарда әлеуметтік тұрақсыздық отын жаққысы келген. Олардың елді қандай жағдайға ұшыратқысы келгендерін Әблязовтың «Алға» ұйымы мүшелерімен өткізген скайп-конференциясынан байқауға болады. Онда олигарх «қырғыз сценарийін» қарастыру керектігін ашық айтады. Козлов болса Жаңаөзендегі жағдайды тура осы «қырғыз сценарийі» бойынша өрбіту үшін өзінің «Халықтық майдан» ұйымын құрды.
Алайда біздің қоғам, соның ішінде Жаңаөзен оқиғасына қатысушылар әлеуметтік тұрақтылықтың бағасы өте қымбат екендігін және оған қол сұққандардың жазасы одан да қатал екендігін жете түсінбеген болуы керек. Бұл өз еліңе, өз халқыңа қарсы жасалатын ең ауыр қылмыстардың бірі болып саналады. Жаңаөзен оқиғасына дейін, өзінің бас пайдасы үшін ел арасына дүрмек туғызып, әлеуметтік қақтығыстарды қасақана жасайды деп ешкім ойламаған. Бірақ солай болды, 2011 жылдың желтоқсанында жағдай өзгерді. Әблязов және «Алғаның» құрбандығы болып, олардың өтіріктеріне еріп, алданған мұнайшылар өздері өмір сүріп жатқан қаланы қирату үшін көшеге шықты. Кешегі күні түсімізге де кірмеген жағдай сол күні шындыққа айналды.
Сот залында жаңа фактілер айтылды дедік жоғарыда. Бұл фактілер куәгерлердің де, сотқа қатысып отырғандарға да үстеріне мұздай суды шелекпен құйғандай әсер етті. Мәселен, Әблязов пен Козловтың, Козлов пен Атабаевпен, Әмірованың Козловпен телефон арқылы өзара сөйлескен сөздері сот процесі барысында айыптаушы келтірген факт ретінде тыңдалды.
«Ереуіл болады. Жаңаөзенде. Онда аздаған топ бар, ішінде спортшылар бар. Иә - бұлар баскесерлер! Міне солар тосып отыр. Олар құрбандыққа баруға дайын. Олар өз еріктерімен барады. Олар шетелде ол (Мұхтар Әблязов) білмесін деп маған талап қойды. Мен оған айттым. Егер бұл соншалықты қажет болса, көмек көрсетіледі деп ол жауап берді. Олар мұны әлі құпия ұстауда, мұны -«той» деп атайды. Түсініп тұрсың ба, Володя, бұл қантөгіс болады деген сөз». Бұл Атабаевтың 2011 жылдың 25 қазанда Козловқа берген баяндамасы. Демек, трагедияға бірнеше ай қалғанда бұл адамдар Жаңаөзенде не болатындығын білген.
Сол диалогтың жалғасында Козлов: «...онда біз қылмыстық жазаға тартылатын боламыз...», деп өзінің қазақстандық заңдарды жақсы білетіндігін көрсетеді. Осы сөздеріне қарағанда өздерінің не істеп жүргендерін және мұнда қандай жауапкершілік жатқанын бұлар жақсы түсінген. Осы сөздер тыңдалғаннан кейін «Алға» мүшелерінің соттан қорғалып шығу үміттері бірден сөнгендей болды.
Бұл кездерде Козлов өз адамдарын Жаңаөзенге жиі жіберіп тұрды. Өзі де Жаңаөзенге келіп ереуілшілермен кездеседі, олардың бастарын айналдырып Әблязовтың атынан сөйлейді. Оның мұнайшылармен кездескенде сөйлеген сөздері жазылған бейнетаспалар сақталған екен. «Я Владимир Козлов. Я работаю с Аблязовым. Отсюда же только выкачивают. Должны же закачать. Выкачал, закачал. Вы должны здесь ходить - здесь трава, здесь пальма, здесь бананы растут. Вот кто читает - «Свобода слов», «Время», «Республика», канал «К+» - они все вместе с вами». Бұл ешқандай қоспасыз, қысқартусыз жазылған Козловтың сөзі. Былайша қарағанда бос сөз. Алайда шаршап, ұнжырғасы түскен адамдардың ортасында логиканың керек емес екендігін Козлов жақсы біледі. Тәжірибелі манипулятор ретінде ол екпінді «Козлов», «Аблязов», «Канал К+» сияқты керекті сөздерге ғана қояды. Ал «пальмы и бананы» дегендері тек ойды бөлу үшін айтылған артық сөздер. Арзан әдіс болғанмен нысанаға дәл тиеді.
Козловтың кездесулері тек Маңғыстау жерінде ғана өткен жоқ. Мұнайшылар оны Алматыдағы шараларға шақырды, тіпті «Алғаны» қаржыландырып, тапсырмалар берілетін шетелдердегі өз адамдарына да шығып тұрған. Сот процесіне қатысқан куәгерлердің сөздеріне қарағанда, «алғалықтардың» ойларында райларынан қайту болмаған, олардың басшылары қарсы тұруды жалғастыра беру керек деп шешкен. Онымен қоймай ереуілшілерді саяси талаптар қоюға итермелеген. Ал олардың басты жаулары «мемлекет» болып жарияланған.
Сотта жауап алынған «Алғаның» бұрынғы белсенді мүшелерінің бірі алматылық А.Әмірованың айтуынша, Козловтың тобы мұнайшылардың ереуілін саясаттандыруға көп күш салыпты. «Алғалықтардың» насихаты мұнайшылар арасында ашу-ыза тудырған. Мұнайшылар арасында үгіт-насихат жүргізу үшін Жаңаөзенге Мамай, Атабаев, Түменова сияқты арандатушылар келген. Әбілязов қаржыландыратын болуы керек, бірер сағатқа шетелдік псевдо-саясаткерлер де келіп-кетіп жүрген екен. Ақтау соты «Алғаның» арандатушылық қызметіне лайықты баға берді. Олигарх Әблязовтың төккен қаржысымен қанаттанған бір топ адам бірнеше ай бойы «тер төгіп» мұнайшылар арасында іріткі салуды ұйымдастырған. Козлов болса әріптестерінің қызметін үйлестіріп отырған, ал ерекше көзге түскен ереуілшілерге доллар ұстататын болған. Оның қолында көп ақша болғанға ұқсайды. Шетелден келетін ақшаны жақсы жұмсаған Козловтың атында 11 пәтер, бірнеше қымбат автокөлік және жер телімдері бар екендігі анықталды.
Айыптау жағының сот процесі басталған бірінші күні-ақ соттың, қазақстандықтардың және халықаралық қоғамдастықтардың алдына осындай бұлтартпас фактілерді жайып салуы айыпталушылардың қорғанысын қатты әлсіретіп тастады. Козлов, Сапарғали, Әминовтың өз кінәларын бірден мойнына алуына бір жағынан осы себеп болды. «Алғаның» шақыруымен келген еуропалық сарапшылар сот процесі еркін және транспарантты болды, деген пікірде.
Ақтау сотының шешімімен, қылмыстық ұйымды құрып, басқарғаны, сондай-ақ конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге шақырғаны үшін Владимир Козлов мүлкінің тәркіленуімен 7,5 жылға жалпы режимдегі колонияға кесілді. Ақжанат Әминов те сол баппен айыпталып, 4 жыл сынақ мерзімімен 5 жылға, ал Серік Сапарғали 3 жыл сынақ мерзімімен 4 жылға кесілді.
Қайыр ТӨТЕНШИН