Көлік жүргізушілерін полицияның жаппай тексеріп, қатаң жазалайтыны туралы хабарлама тарады
Желіде жолда полицияның жаппай тексеру жүргізіп, тәртіп бұзғандарды қатаң жазалайтыны туралы хабарлама тарап жатыр. Оған қатысты Ақмола облысының полиция департаментіндегілер жауап берді.

Фото: caspianlife.kz
Хабарламада Астана қаласы мен Ақмола облысының полицейлері 2024 жылдың 2 қаңтарынан 22 ақпанына дейін күшейтілген күшейтілген тәртіппен жұмыс істейтіні айтылады. Полиция атынан жіберілген хабар бойынша, тәртіп сақшылары көлік дөңгелегіндегі резинаның қай мерзімдікі екенін, жүргізушіде апат белгісі, дәрі қорапшасы, өрт сөндіргіш бар-жоғын тексеруі керек. Сондай-ақ, таксишілерден лицензия сұралсын, «мүгедек» деген белгі жапсырылған және нөмірі шетелдік көліктер тексерілсін делінген. Сосын ереже бұзғандарды қатаң түрде жазалап, көліктерін айып тұрағына жөнелту керектігі, бірінші тоқсанға 10 көрсеткіш қажеттігі айтылған.
Ал Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Полиция азаматтарға әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін заңда (ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы «Әдейі жалған ақпарат тарату») қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылғанын ескертеді және тұрғындарды тек ресми мәліметке сенуге, өсек-аяң мен шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратпауға шақырады. Қылмыстық жауапкершілікке жалған ақпараттың авторы ғана емес, оны таратқандар да тартылатынына мән берген жөн», – делінген ПД хабарламасында.
