Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qogam

Көкшетауда баланы ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу мәселесі талқыланды

Көкшетауда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Құндылықтар негізінде тәрбие беру – заман талабы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді.

undefinedФотолар: Ақмола облысы білім басқармасының ресми сайты 


«Bolashak SARAIY» балалар мен жасөспірімдер сарайында өткен бұл іс-шараны Ақмола облысы білім басқармасының әдістемелік орталығы ұйымдастырған.

Конференцияда аталған өңірде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырудағы өзекті мәселелер сөз болды. Бұл жоба білім беру ұйымдарында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды сіңірген еңбекқор, адал, саналы азаматты тәрбиелеуге бағытталған.

Іс-шараның міндеттері – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие процесін дамыту және арттыру және білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде ұлттық тәрбие мен оқытудың үздіксіздігі мен сабақтастығын күшейту және қамтамасыз ету.

undefined

Онда баяндама жасаған Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенованың айтуынша, білім беру ұйымдарында жылына 2 рет аймақтағы 537 мектептің ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарымен бірлесіп «Отбасы сағаты» республикалық акциясы өткізіледі.

«Ал ата-аналар арасынан ең белсенді қатысушылар мектептердің Қамқоршылық кеңестеріне кірді. Отбасылық клубтардың жұмысына қосымша 54 Әкелер кеңесі қосылды. Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарына қосымша «Даналық мектебі» отбасылық клубтары жұмысқа қосылды. Клуб қазақ этнопедагогикасының тәрбиелік әлеуетін «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Женге кеңесі» секцияларын ұйымдастыру арқылы өзектендіруге бағытталған», – деді Ботакөз Дүйсенова.

Конференцияға Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту» орталығының, Ақмола облысы білім басқармасының өкілдері, әдістемелік кабинеттердің меңгерушілері, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскерлері, директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар комитеттерінің төрағалары, сынып жетекшілері қатысты.

Осы іс-шара аясында «Bolashak SARAIY-ның» фойесінде «Ұлттық тәрбие - ұлт болашағы» атты көрме ұйымдастырылды.

undefined

Көрмеде ұрпақтар сабақтастығы бойынша материалдар (дәстүрлер мен инновациялар), оқу-тәрбие процесінде жас ұрпақтың ұлттық стиліндегі жұмысының инновациялық формалары, рухани-тарихи және этно-мәдени құндылықтарды сақтау мен дамыту жөніндегі материалдар, бейнематериал, тарихи және қасиетті орындардың карталары және тағы басқалар ұсынылды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Түркістандағы екінші Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы бойынша алғаш рет білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Мұндағы мақсат – жоғарыда айтылғандай, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиеленген адал азамат қалыптастыру. Білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстарының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-намыс, ризашылық, жауапкершілік және алға ұмтылыс сияқты құндылықтар көрініс тапқан. 

0
0
671

Осы тақырып бойынша

Көкшетауда баланы ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу... - Yvision.kz