Көгілдір жалау.
Айдардың екі көзі мөлдіреп кетті. Барлық сегіз жасындағы жинаған күш-жігері азу тістеріне шұғырланды. Қаншалықты жылағысы келгенімен, өзін ұстауға тырысты.
Иә, осы жолғы әкесінің жасаған қылығы жас жүректе мәңгі қалатыны сөзсіз. Бірақ Айдардың ерлігіне лайықты баға беруіміз қажет.
- Пап, енді екі-ақ шақырым қалды, шыдашы! - деді Айдар, аянышты көзімен әкесіне қарап.
- Ұлым, менің аяғым мені тыңдаудан қалды, ары қарай сен жалғыз жүре бер, ал мен біраз нәр жинап алайын. Біздің жігіттерге жеткесін, көмек ертіп мені алып кетерсің. Мына ескі жүк көліктің астында боламын, - деп Айдардың әкесі баласының басынан сипап, қолын таулар түбінде желбіреп тұрған көгілдір жалау жаққа сілтеді.
Айдар әкесін ешқашан тастамас еді, бірақ осы жолы ол өз көзімен көгілдір жалауды көріп тұрды. Жалау тау түбінде қырандай желбіреп тұр. Ол құтқарушы әскердің қонысы деген сөз. Және тағы бір себеп ретінде әкесінің қанталаған аяғы болды. Дауылдай қысым көрсеткен көзіндегі жасын ішінде сақтай ғана қоймай, Айдар әкесіне "Мен күн батпай оралып, сені алып кетемін Әке!" - деді.
Күн көкжиекке жақындай түсті. Сегіз жасар баланың ойында тек қана қансыраған әкесі мен көгілдір жалын. Айдар өз аяқтарын сезуден қалды. Тек сақтану түйсігі итермелеп бойына қуат беріп тұрды.
Міне, әбден қалжыраған бала көк жалаудың қасына да жетті. Әскери тұрақтың ауласына жете бере Айдар кеудесінде қалған бар күшімен айғай салды:
- Әкем, әкем анау ескі жүк көліктің астында жатыр! Жылдам, барып алып кетуге көмектесіңізші, өтінемін!
Баланың сыңғырлаған даусынының жауабына автоматтың атысы естілді. Адам бойында қаншалықты жігер мен күштің болғанымен, темір автоматтан атылған оқтың алдында не істей алады дейсіз? Кішкентай, арық, жас денеге зулаған өткір оқтар бірінен соң, бірі ұшып кіріп жатты...
Бетін орамалмен жапқан орта денелі сарбаз жансыз баланың аяғынан ұстап сүйреп әкете жөнелді. Оның артынан шыққан бойшаң, жас сарбаз желбіреп тұрған көгілдір жалауды шешіп алып, оның орнына қара-қызыл жалауды ілді де қойды.
