ӘҚК бас қолбасшысы Балқаш гарнионанда болды
Қазақстан Қарулы Күштері Әуе Қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов Балқаш гарнизонындағы ұшу құрамын даярлау жөніндегі оқу-авиациялық орталығында болды.
Бас қолбасшы дербес әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің ротасын, командалық пунктті, жауынгерлік даярлық деңгейін, қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін және орталық оқу-материалдық базасын тексерді. Бұдан басқа, тәрбие жұмыстарының тиімділігі және командирлердің құқық тәртібі мен әскери тәртіпті қолдау жөніндегі қызметі бағаланды.
Нұрлан Орманбетов Балқаш гарнизоны аудандық пайдалану бөлімінің бастығымен ӘҚК бөлімдерін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Авиация генерал-майоры авиациялық оқу орталығының ұшулар жүргізуіне тікелей өзі қатысып, ұшу құрамының даярлық деңгейін және экипаждардың жауынгерлік мүмкіндіктерін бағалады.
Жұмыс сапарының соңына қарай басқолбасшы әскери оқу орындарын бітірген жас офицерлермен сұхбаттасып, лейтенанттардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Жас мамандарға табыс, апатсыз ұшу жұмыстарын тіледі.
- Бізге ұшқыштардың оқыту деңгейін ұдайы арттырып отыру, біліктілігі жоғары мамандар даярлау қажет. Бұл қазіргі уақытта кәсіби және ұтқыр армия құру үшін өте өзекті мәселе, - деп ӘҚК бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов атап өтті.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
