Мазмұнға өту
Обложка сообщества Мемлекет

ҰҚК: Қазақстанда лаңкестiкке дайындалған 7 радикалды топтың жол кесілді

Қазақстанда лаңкестiк акт дайындаған 7 радикалды топ пен 4 адамның жолы кесiлдi. Бұл туралы бүгiн ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев Парламент Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында мәлiмдедi.

«Ақтөбе мен Алматыда орын алған соңғы жағдайлар осы саладағы заңдық негiздерге өзгерiстер мен толықтырулар қажеттiлiгiн туындатқан индикаторларға айналды. Сол себептен Мемлекет басшысы 10 маусым күнi Қауiпсiздiк кеңесiнiң отырысында экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл саласындағы заңнаманы жетiлдiруге қатысты шаралар қабылдау туралы тапсырма берген болатын», - дейдi М.Қалқабаев.

Оның айтуынша, бүгiнгi таңда қақтығыс аумағынан тыс жерлерде терроризм кең етек ала бастады. Интернетте терроризм идеяларын насихаттаумен қатар, түрлi елдерде азаматтарды лаңкестiк актi жасауға үгiттей бастағандар бар.

«Әр зорлық-зомбылық азаматтарымыздың радикалдану процесiне жол ашады. Мысалы, Ақтөбедегi оқиғадан кейiн лаңкестiк акт дайындаған 7 радикалды топ пен 4 азаматтың жолы кесiлдi. Сондықтан, жаңа заң жобасында террористiк және экстремистiк қылмыстар үшiн жаза күшейтiлмек», - дедi М.Қалқабаев.

Заң жобасының қабылдануы  экстремизм мен терроризмге қарсы күрес  саласындағы заңнаманы жетілдіруге және  қару айналымы мен көші-қонды реттеуге бағытталған.

«Сiздердiң қарауыңызға ұсынылған заң жобасын дайындауға елiмiзде және әлемде болып жатқан террорлық қылмыстар ықпал еттi. Оған қарсы күрестiң оң практикасы ескерiлдi. Құзырлы мемлекеттiк органдар экстремизм мен терроризмге қарсы жүйенi дамыту бойынша тұрақты жұмыс атқарып келеді», - деді М.Қалқабаев.

Заң жобасына енгізілетін түзетулер қару-жарақтың заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және есірткі бизнесі саласындағы қылмыстар бойынша балама тергеуді енгізуге, қару-жарақ айналымына, оны сақтау тәртібіне бақылауды күшейту, оның ішінде азаматтық және қызметтік қару-жарақ пен оқ-дәрілердің айналымы саласында жұмыс істейтін, сондай-ақ күзет қызметін жүзеге асыратын  кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін жүзеге асыруға бағытталған.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
522

Осы тақырып бойынша