Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ғ.Исмаилов «Жамбыл» ауылдық округінде

Кезекті ауыл халқының мәселелерімен танысу үшін Мақтарал ауданының жаңа әкімі Ғалым Исмаилов 10 мыңнан аса халқы бар «Жамбыл» ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

«1993 жылы құрылған ауылдық округтің жалпы жер көлемінде 6 елді мекен бар. 6000 гектардың 4605 гектары егістік алқап. 10-ға жуық түрлі ұлт өкілдері тұратын мекенде барлығы 31 көше бар. Жалпы 4, негізі 1 орта мектепте 2167 оқушы оқиды. 2 мәдени ескерткіш және 1 мәдениет үйі, 1 кітапхана, 5 мешіт тұрғындарға қызмет етуде. 1403 аулаға электр энергиясы тартылған болса, 197 отбасы газды пайдалануда» - дейді ауыл әкімі Талғат Қалдыбаев аудан әкіміне берген есебінде.

Ғалым Исмаилов жиналған ауыл тұрғындарынан ортаға шығып, өз мәселелері мен ұсыныстарын ашық түрде айта беруін сұрады. Аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Жұманов окургтегі ең бірінші мәселе «жол» мәселесі екенін қадап айтты. «Асфальт төселген санаулы-ақ көшелер бар. Жазда шаң боп, қыста батпаққа айналатын топырақты көшелердің мәселелерін бірнеше жылдан бері көтеріп келеміз. Округке қарасты «Абай» елді мекенінде газ құбырын жүргізу үшін Кеңес үкіметінен қалған асфальт көшені қиратып, мердігерлер сол бойы қайта жөндеп бермей қашып кетті» - дейді депутат өз сөзінде.

Ауыл әкімінің дұрыс жұмыс жасай алмайтынын айтқан ауыл биі Қанат Жәмбеков ауылдағы «санитария» мәселесі де дұрыс жолға қойылмағанына тоқталды. «Қоқысты тастайтын жер жоқ. Тұрғындар егістіктер мен арықтардың жағасына қоқыстарын төгіп кетеді. Ол арықтан малымыз су ішеді, жазда балаларымыз сол арықтың суына шомылады. Мұндай жүйемен ауру боп қырыламыз» - дейді ауыл биі. Сонымен қатар, тұрғындар ауыз су, мектеп, газ мәселелерінде де әлі де шешілмей жатқан түйткілдер барын Ғ.Исмаиловқа хабардар етті.

 

(с) Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 
1
0
619

Осы тақырып бойынша

Ғ.Исмаилов «Жамбыл» ауылдық округінде - Yvision.kz