Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ғ.Исмаилов «Иіржар» ауылдық округінде

«9 елді мекеннен тұратын «Иіржар» ауылдық округінде 11 мыңға жуық халық тұрады. 2 негізгі, 4 жалпы орта мектепте 2305 оқушы оқиды. 8 мектепке дейінгі мекемеде 365 бала тәрбиеленеді. Жолдың жалпы ұзындығы 51 км. 1 мәдениет үйі, 1 кітапхана, 3 мешіт халық үшін қызметте. 71,2 км ауыз су құбыры жүргізілген. 12 су мұнарасы бар. 1725 аула электр энергиясын пайдаланады. Ал, газ мәселесі мүлде шешілмеген. 8 ұлттың өкілдері тұратын округте 3988 ірі қара, 1142 уақ малдар (қой, ешкі), 5546 құстар бар» - дейді «Иіржар» ауылдық округінің әкімі Исақұл Тұршаев. Бұл туралы ол Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмаиловтың «Иіржар» ауылдық округінің тұрғындарымен болған кездесуінде есеп берді.

Округ аумағындағы «Жас алаш» ЖОМ, Қажымұқан атындағы ЖОМ, Х. Әлімжан атындағы және Н.Бекежанов атындағы негізгі мектептерге жаңа ғимарат салу мәселесін көтерген ауыл тұрғындары «Иіржар» ауылындағы орталық Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу керектігін де айтып өтті. Сондай-ақ, халық Округтегі Көрікті, Достық, Бірлік, Жұлдыз, Көктем, Жаңа талап көшелеріне асфальт, ал Баян ата, Наурыз, Шынар, Нұр, Бейбітшілік, Ынтымақ көшелеріне ең құрығанда қиыршық тас төсеп берсеңіз екен деген өтініштерін айтты. «Иіржар» ауылдық округінде ауыз су құбырлары жүйелері мен құрылымдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мәселелері де кезек күтіп тұрғанын жұртшылық алға тартты.

Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов көптеген мәселелердің барын көріп отырғандығын және бұл мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен шешілетінін халыққа ескертті. «Біз кімнің не айтқанын, қандай мәселе айтқанын т.б. барша мәселелерді протоколға түсіріп отырмыз. Алдағы 1 жарым айдың ішінде біз сіздермен қайта кездесіп мына мәселені былай шешеміз, мына мәселені мына уақытта шешеміз, мына мәселені мүлде шеше алмаймыз деп және оның себеп-салдарларын сіздерге айтып түсіндіретін боламыз. Құр уәде беруден аулақпын!» - деді әкім.

 

(с) Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 
1
0
1058

Осы тақырып бойынша

Ғ.Исмаилов «Иіржар» ауылдық округінде - Yvision.kz