Ішкі істер департаменті басшылығы ағымдағы жылдың 07 қаңтарында күшіне енген заңның талаптарын түсіндірді
Ағымдағы жылдың 09 желтоқсанында Орталық коммуникациялар қызметінде 2016 жылдың 22 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қатысты түсініктеме беру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті. Брифингке Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК-ның директоры Абибуллаева Аида Ибрагимқызы және ОІІД Көші-қон полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Умаров Сарсен Кенжеұлы қатысып, аталған заңды қабылдаудың маңызы мен мақсатын талдап берді.

Департамент бастығының орынбасары Ә.Шаймағамбетовтің мәлімдеуінше, тұрақты және уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеудің жаңа тәжірибесі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын барынша қорғалуына және де ішкі көші-қондылық процестеріне бақылауды күшейтуге, мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларды әзірлеу кезінде әрбір елдімекеннің әлеуетін анықтауға, нақты тұрып жатқан халықтың есебін жүргізуге мүмкіндік береді. Азаматтың тіркелген жері оның заңды мекен-жайы болып табылады және де сол мекен-жайы бойынша оның салық органдарына, әскери және басқа да есепке тұру түрлері жүргізіледі.

2017 жылдың 07 қаңтарында күшіне енген заң бойынша өзге тұрғынжайға қоныс аударған азаматтар уақытша тұратын жері бойынша 10 күн ішінде тіркелуге міндетті. Басқа қалаға ұзақ емделуге (бір айдан астам) немесе ауруханаға жату үшін барған азаматтар сол жерде тіркелуі тиіс. Ал басқа қалада жұмыс істейтін, бірақ қонақ үйде тұратын адамдар қонақ үйде тіркелуіне болады. Заңның нормалары тұрғынжай меншік иесінің үйіне бір айға дейінгі мерзімге қонаққа келген азаматтар мен туыстарға қатысы жоқ, яғни, бір айға дейін қонақ болуға болады, одан асса – тіркелу қажет.
Сонымен бірге, заңнама талаптарын бұзғаны үшін, яғни ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабы 1-бөлігіне сәйкес күнтізбелік он күннен бір айға дейінгі мерзімде тұрғылықты жері немесе уақытша тұратын жері бойынша тiркеусіз тұруы – ескерту жасауға әкеп соғады.
Ал, бір айдан астам тіркеусіз тұрса (492-бабы 2-бөлігі) 7 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (15 883 теңге) айыппұл салынады.
Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеті үшін (492-бабы 3-бөлігі) 13 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (29 497 теңге) айыппұл салынады.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 23, 24-баптарына өзгерістер енгізіліп, меншік иесі немесе жалдаушы қосымша жалдау шарты бойынша жалға беріліп отырған тұрғынжайда тұратын адамдарды тіркеуге міндеттелді.
Сонымен бірге, ҚР ӘҚБтК-нің 493-бабы 5-бөлігінде, жеке тұлғалардың тiркеусіз тұруына жол берген жалға берушілердің жауапкершілігі қарастырылған.
Жалға берушілер жеке тұлғалардың тiркеусіз тұруына жол бергені үшін – 10 айлық есептік көрсеткіш (22 690 теңге), шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi – 15 айлық есептік көрсеткіш (34 000 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілері – 25 айлық есептік көрсеткіш (56 725 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері – 50 елу айлық есептік көрсеткіш (113 450 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.
Сонымен қатар, брифинг барысында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК директоры Аида Абибуллаева сөз алып, ХҚКО азаматтарға үзіліссіз қызмет көрсетіп жатқандығын атап өтті. Уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеуді рәсімдеу үшін үй егесінің келісімі, жеке куәлігі (өзінің қатысуы міндетті түрде), тіркеуге тұратын азаматтың жеке куәлігі және баж салығын төлегені туралы түбіртектің болуы қажеттігін ескертті.
Тіркеуге тұру электрондық үкімет порталы арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін. Ол үшін электронды өтініш жасап, оны өзінің электронды цифрлық қолымен (ЭЦП) бекітіп, электрондық үкіметтің төлем қабылдау шлюзі арқылы баж салығын төлеу қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек жаңа үлгідегі, яғни, электронды чипі бар жеке куәлік бойынша тек заңды мекен-жайды ауыстыру жайлы мәлімет енгізілетіндігі, ол жеке куәлікті ауыстырудың қажеті жоқтығы ескертілді.
Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері осы мәселе төңірегінде өз сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
