Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2014 жылы 7,3 мың жұмыссыз мүгедек жұмыспен қамтылды
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жаңғырту туралы» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Вице-министр 2015 жылғы 20 ақпанда Елбасы «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойғанын еске салды. Ол құжат азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және өзге де құқықтарын іске асыруда мүгедектерге өзге азаматтармен теңдей жағдай жасауға бағытталған. Айта кету керек, Конвенция мүгедектерді әлеуметтік қорғаудың қазіргі жүйесінде жалпылай алғанда көрініс тапқан.
Мүгедектерді жұмыспен қамтуға ерекше маңыз беріледі. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2014 жылы хабарласқан 14 мың мүгедек жанның ішінде 7,3 мыңы (52,1%) жұмыспен қамтылды. Қоғамдық жұмыстарға 3,7 мың мүгедек қатысты. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі 761 адам әлеуметтік жұмыстарға орналастырылды.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар жалпы жұмыс орындарының 3% мөлшерінде квота белгілеу арқылы мүгедектерді жұмыспен қамтиды. 2014 жылы квота аясында 6 мың мүгедек жан немесе жалпы жұмыспен қамтылғандардың (12,9 мың адам) 46,5% жұмысқа орналастырылды.
Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде. Барлық өңірлер нысандарды хаттау және бейімдеу жоспарын бекітті. 24,4 мың нысан құжатталып, бейімделуге тиіс 18,9 мың нысанның 2371-і бейімделді.
