Өңір жастарына арналған жол картасы бекітілді
4 маусым күні «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалында Саяси Кеңес Бюросының отырысы өтті. Отырыста 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға» бағдарламасын іске асыру бойынша аймақтың жол картасы бекітілді. ⠀ Жалпы «Jas otan» Жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасын іске асыру бойынша бұған дейін Ақтөбе облысы жастарына арналған 14 жол картасының (облыстық - 1, қалалық - 1, аудандық - 12) жобасы әзірленген болатын. Мұнда Қазақстан Республикасының жастарын қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары және партияның Ақтөбе облыстық филиалының 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының жастарға арналған тармақтарын ескере отырып, жалпы саны 24 индикатор мен 37 іс-шара жоспары енгізілді. Қамтылған индикаторлар мен іс-шаралардың барлығы «Жастар Отанға» бағдарламасындағы 5 бағыт бойынша дайындалды. Атап айтқанда, азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, тұлғалық даму және бос уақыттарын тиімді өткізу. Осы аталған бес бағыт бойынша алдағы бес жылдықта волонтерлік қызметке 3 мың еріктіні тарту, жастардың бастамаларын қолдау бойынша гранттық қаржыландыруды 10%-ға ұлғайту, мүдделі мәселе бойынша ақпараттық консультация беру, студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту, 16 жаңа мектептің құрылысын жүргізу, үш ауысымды мектептер санын азайту, 1 340 орындық 5 студенттік жатақхана құрылысын жүргізу, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 3,0%-ға төмендету, NЕЕТ санатындағы жастармен жұмыстар жүргізу, «Жасыл ел» жобасы аясында 7500-ға жуық жасты маусымдық жұмысқа тарту, «Бастау бизнес» жобасын іске асыру аясында жыл сайын 300 адамды оқыту, өңірде 5 спорттық-сауықтыру кешенің құрылысы жүргізу сынды ауқымды істер қамтылды. Мұның барлығының нақты іс жүзінде жүзеге асырылуын «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес қадағалайтын болады.
