Интернет иіріміндегі қазақ сөзі
Алматыда «Назар» қазақ журналистерінің қоғамдық қорының ұйытқы болуымен «Интернет журналистика: бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Оған интернет журналистиканың айналасында жүрген мамандар, белгілі сарапшылар мен қаламгерлер қатысты.
Өркениетті елдермен салыстырғанда қазақтың интернет журналистикасы әлі де кенже қалып келе жатқанын көріп жүрміз. Технология дамыған, адамдар ақпаратты сол мезетінде және бір жерден ала алатын мына заманда интернет журналистиканы дамытып, оның болашағын баянды ету басты мәселелердің біріне айналғаны анық. Бүгінде қазақ оқырмандарды ақпаратты әлемнің әр түпкіріндегі елдерден алып отыр. Әсіресе, біздің оқырмандар ресейлік интернет сайттардың иіріміне түсіп кетіп жатқаны жасырын емес. Осы орайда, соңғы жылдары қазақ тілді бірнеше интернет порталдар жарық көріп, оқырман қауымның ақпараттық өтеуін өтей бастады. Дегенмен олардың өзі әл-әзір аяғынан тік тұрып кетті деуге келмейді. Сол себепті ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналғандар «интернет журналистиканы дамытуда мемлекеттің ықпалы мен көмегі» керек десіп жатты. Сондай-ақ, журналист кадрларын даярлау саясатына да біршама өзгертулер енгізу керек сияқты. Өйткені қазіргі журналистика факультеттерінде интернет журналистерін даярлап жатқан жоқ. Ал бұл сала тың жер секілді игерілмей әлі тұр.
– Бүгінде интернет журналистиканың толыққанды дами алмай тұрғаны шындық. Дегенмен бұл салада да алға жылжулар байқалады. Соңғы бірнеше айдың көлемінде оншақты қазақ сайттары ашылды. Біздің қоғамдық қорда өз жанынан www.zamandas.kz сайтын ашып, жұмыс жасап жатыр. Бастапқы нәтижелері жаман емес. Күніне жүздеген оқырман сайтқа кіріп, керекті ақпаратын алып, мақалаларға қатысты пікірлерін қалдырып жатыр. Десек те, бүгінгі қазақ журналистикасын мықтап қолға алып, дамытатын кез келді деген ойдамын,– дейді «Назар» қазақ журналистері қоғамдық қорының президенті Мирсаид Байтілес.
Болашақ интернет журналистикада. Сондықтан әлемдік өркениеттің көшінен қалмай, қазақтың да интернет журналистикасын дамыту керек.
