ИНЧХОН-2014: Еркін күрестен екі балуанымыз финалға шықты
Қазақстандық екі балуан — Есболат Нұржымбаев (86 кг) пен Дәулет Шабанбай (125 кг) ақтық сынға жолдама алды. Ал Дәулет Ниязымбетов (61 кг) қола медаль үшін таласады, — деп хабарлайды ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясынан.
Есболат Нұржымбаев (86 кг) жартылай финалда 4:1 есебімен тәжік Бахадүр Қадіровтың жауырын жер иіскетті. Ал Дәулет Шабанбай өз кезегінде жапондық Набуйоши Аракиданы 3:0 есебімен жеңді.
Өкінішке қарай, ширек финалда қырғыз балуаны Ұлан Надырбекұлын 3:0 есебімен жеңген Дәулет Ниязбеков жартылай финалда Азия және Әлем чемпионы ирандық Масұд Эсмаэльпуржойбариден 3:8 есебімен жеңіліп қалды. Енді ол қола медаль үшін сайыста оңтүстіккореялық Сьёнчул Лимен кездеседі.
Ал алтын медаль үшін ақтық сында Есболат Нұржымбаев Азия чемпионы ирандық Мейсам Мостафа Жоукармен, ал Дәулет Шабанбай тағы бір ирандық балуан, Азия біріншілігінің екі дүркін чемпионы Парвиз Хади Басманжбен белдеседі.

