Ілдебай немесе қарызға ақша іздеген қазақтың хикаясы
Салдырлаған сары «Мәскеуішімен» мал базардың қасынан өте берегені сол еді Бұтабайдың алатаяғы шошаң ете қалды. Бірақ ол таяғын шошаңдатуын шошаңдатып, тоқтатуын тоқтатса да шиқылдап барып жолдың шетіндегі шаңды бұрқ еткізген мұның мәшинесіне төрт дөңгелегі бар мүлік екен-ау, өзіне қалқиған құлағы бар адам екен-ау деп көз қырын да салған жоқ. Келесі «құрбаным» қай тұста келе жатыр екен дегендей ұзын жолдың бойына алақ-жұлақ қарайды.
– Ассалаумаәлейкүм, Бұтеке.
Қос қолын ұсынып елпілдей амандасқан бұған саусағының ұшын ғана ұстатқан...
